Айына миллиондап жалақы алатын депутаттар Астананың қай ауданында тұрады?


Елімізде айына миллионнан астам жалақы алатын жандардың арасында халық қалаулылары – депутаттардың бар екені баршаға мәлім. Қызметтік көлік пен баспанадан бөлек мәжілісмендерге қандай жағдай жасалған? NUR.KZ тілшісі шенеуніктер шоғырланған ауданға барып қайтты.




Астананың сол жақ жағалауының қақ ортасында орналасқан бұл ауданның екінші атауы – "Жасыл бульвар". Бір ерекшелігі - бұл ауданда айына миллион теңгеден астам жалақы алатын депутаттар қоныс тепкен.



Бір қарағанда елорданың зәулім үйлерінен айнымайтын бұл тұрғын-үй кешенінде расымен депутаттар тұрады деп ойламайсыз. Министрліктер үйінен бар-жоғы 300 метр жерде орналасқан үйді арнайы күзет қызметі бақылайтын көрінеді.



"Нұрсая" тұрғын-үй кешенінің іші-сырты мынадай қымбат автокөліктерге толы.



Баспанадан бөлек депутаттарға қызметтік көлік берілетінін атап өткен жөн. Десе де жұмыс орны үйлерінен небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан халық қалаулылары үшін мұндай көліктің қажеті шамалы сыңайлы.



Көліктен бөлек тұрғын-үй ауласында бірнеше велосипедтерді де байқап қалдық. Десе де депутаттардың арасында әзірге көліктің бұл түрімен қалада қатынайтын жанды бұрын-соңды көрмедік.



Айта кетерлігі тұрғын-үй орналасқан бұл ауданда бәрі бар: мейрамхана, сән үйі, фитнес орталығы, тон дүкені, қонақүйлер, тіпті гүл дүкенін де осы аймақтан кездестіре аласыз.





Қаз-қатар тізілген дәмханалардың атауы мен түрінен тіпті көз сүрінеді. Олардың арасында әзірбайжан асханасынан бастап, пайдалы тағам ұсынатын дәмханаға дейін бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл аудандағы мейрамханалардағы тәтті-тағамдардың бағасы тым қымбат екен.



Ал, депутаттар корпусы тұрақтаған баспанаға кірер қақпа да айрықша – құдды бір зәулім сарайдың қақпасын көргендей күй кешесіз. Онда алтын түстес ою-өрнектер мен "Нұрсая" деген атауды көре аласыз.



Тұрғын-үйдің ауласында мынадай балаларға арналған ойын алаңы да бар екен. Әдетте елорданың элиталы аудандарындағы алаңдары тақтайдай тегіс болатындықтан, бұл аумақтың неліктен шаңы шығып жатқанына таң қалдық.




Мәжілісмендер тынығатын орын да жайлы: аулада орындықтар мен әткеншектер толып тұр.




Айтпақшы, жаз шыға Астанада жаңбыр жауса болғаны, көшелер мен аулаларды су алып кететінін ескерсек, бұл ауданға мұндай қауіп-қатер төнбейтін секілді. Себебі қаланың өзге аумақтарынан кездестіре бермейтін арық жүйесі бұл жерде тұтастай төселген екен.




"Нұрсаяда»"депутаттар қымбат көліктерін қоятын арнайы автотұрақ та бар.



Халық қалаулыларының талғамының ерекше болғаны соншалық, мұнда гүл егетін арнайы жәшіктердің өзі ерекше – сары түсті әрі ою-өрнекпен безендірілген.



Ал қоқыс тастайтын жәшіктің өзі – "вип" қорапқа ұқсайды. Шаһардың өзге аудандары сияқты мұндағы контейнерлер қоқысқа толып жатқан жоқ: олар тап-таза және судай жаңа.



Сән-салтанаты жарасқан аталған тұрғын-үй кешенінің маңы гүлзарлар мен су-бұрқақтарға толы. Ал ат төбеліндей жерде "Байтерек", "Хан Шатыр" сынды қаланың көрікті орындары орналасқан.







P.S. Бұл ауданда тұрғындарға қажет барлық жағдай жасалған. Ауданнан шығып, қалаға қарай бет алған бойда, "шаһардың өзге де аудандарында да дәл осындай жағдай жасалса екен, баспаналы болғысы келетін әр азамат елорданың қақ ортасында орналасқан, сән-салтанаты жарасқан тұрғын-үйге қол жеткізсе екен",-деген ойда қалдық.