Қазақстандық жұлдыздар жаңажылдық демалысын қай елдерде өткізіп жатыр


Жаңажылдық демалыста қазақстандық шоу-бизнес өкілдері шетелге кетіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі отандық эстрада жұлдыздарының демалыс өткізуге қай елдерді таңдағанын анықтап көрді.





"МузАРТ" тобының солисі Мейрамбек Бесбаев отбасымен Пхукетте жүр. Бұл арал Таиландтың батыс жағалауында, Үнді мұхитының Андаман теңізінде.



Ал осы топтың тағы бір солисі Кенжебек Жанәбілов отбасымен Дубайда демалуды жөн көріпті. Желідегі жазбаларына қарағанда, әнші бұл елге үш күн бұрын барған.



Суреттерден оның әлемдегі ең ірі алты мешітінің бірі Заид шейхтің мешітіне барғанын байқауға болады.


Белгілі продюсер, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласына барыпты.



Ол он жыл бұрынғы Корея мен қазіргі Кореяны салыстырған:


"Байы бай бола түскен, кедейі кедейлене түскен. Премиум классқа арналған азық-түлік дүкендерінде бұрынырақта #чебольдар мен шетелдіктер ғана еді. Қазір 90% корей халқы. Сауда тілі қытайлана түскен, #luxury брендттерде кезекте тұрғандар да солар. Орыс тілін сирек естисің. Түрлі агенттіктердің ТОР жұлдыздары күн санап емес, сағат санап жаңаруда", - деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.



Әнші әрі композитор Нұрлан Еспанов таяуда Балиден сәлем жолдаған. Бұл арал Индонезияның аумағына кіреді.




"КешYOU" тобының бұрынғы солисі Айдана Меденова Бельгияның Брюссель және Францияның Париж қалаларына демалуға кетті.



Хит әндер жазып жүрген Ерке Есмахан Таиландта демалуды ұйғарыпты. Таяуда ол бұл елде болжанған жойқын дауыл жайлы жазған еді.



"БАҚ өкілдері Таиландта қатты дауыл (ураган) болады деп жатыр. Қазақстаннан біраз адам звондап, жақындарым уайымдап жатыр. Тайфун Таиландтың басқа аймақтарында екен, біз тоқтаған жерде қорқыныш жоқ. Уайымдамаңыздар!", - деп жазған еді әнші.




Елімізге белгілі продюсер Баян Алагөзованың Instagram желісіндегі парақшасына қарағанда, ол қазір Францияның Ницца және Испанияның Барселона қалаларында күйеуімен бірге демалып жүр.


"Чип-чип" әнімен танылған Асхат Тарғын болса Сауд Арабиясының Мекке қаласында жүр.




"Қасиетті жерге барып, сүйікті отанымыздың өсіп өркендеуіне, қарыштап дамуына, ел тұтастығына, халқымыздың бірлігіне, бейбіт заманымыздың ұзағынан тұрақты болуына, ел қаманда жүрген асыл азаматтарымыздың амандықтарын тілеуден артық мәртебе бола ма... Себебі маңдай тірер, табан тартар, қайтып оралар қасиетті тұғырым, асыл мекенім, сүйікті отаным - Қазақстаным!", - жеп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.



Актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүсілім Түркияның Анталья қаласында жүр. Алайда ол мұнда демалысқа емес, қырғызстандық режиссер Руслан Акунның "В поисках мамы" атты фильмінің екінші бөлімінің түсірілім жұмыстарына қатысып жатыр екен.


Ал Төреғали Төреәлі елде демалуды жөн көрген сыңайлы. Әнші Алматы облысындағы Үш қоңыр ауылында ат мініп, демалып жүр. Ол желіде өзіне сыйланған жылқыны көрсеткен.



"Ассалаумағалейкум ағайын! Бұл құнан айғыр 2 жаста. Атасы атақты шабандоз Айтбозын Әшім палуанның "Жирені". Атасына ұқсаған атақты тұлпар болып, абыройың асқақтай берсін деген батамен Орынбай қажы атамның маған сыйлаған сайгүлігі!", - деп жазды әнші.