Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылған ескерткіштер




Кеше, 30 қараша, Талдықорғанда бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті күніне орай, Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші ашылды. Жалпы бұл Елбасына арналған ескерткіштердің алғашқысы емес. Берілген мақалада Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне тұрғызылған, осы тектес сәулет туындылары тізімін ұсындық.




  • Түркия, Анкара. Бауырлас елдің астанасында, 2010 жылы, «Түркі жұртына сіңірген еңбегі үшін» ашылған, Қазақстан Президентінің ескерткіші қоладан құйылған. Биіктігі – 2,6 метр. Тақта отырған Елбасының ескерткіші биіктігі 2,5 метр гранит постаментке орналастырылыпты. Яғни, жалпы кешен 5 метрден асып түседі. Негіз бұл ескерткіш Түркиядағы Нұрсұлтан Назарбаев құрметіне арналған жалғыз дүние емес. Невшехир мен Кыршехир қалаларында Қазақстан басшысының атымен аталатын көшелер мен құрмет тақтайшалары бар.



  • Қырғызстан, Чолпон-ата. Ыстық көл жағалауындағы «Шыңғыс Айтматов атындағы Рух-Орда» кешенінде, 2005 жылы ашылған сәулет өнерінің туындысы Нұрсұлтан Әбішұлының жүріп келе жатқан бейнесін елестетеді. Ескерткіш қоладан құйылған, ал оның екі жағында: барыс пен тұлпардың бейнесі мүсінделіпті. Монументтің тағдырын жергілікті басылым бірнеше рет ауысқан мемлекет басшылығымен байланыстырмақ болып, тіпті, президент Құрманбек Бакиев оны алып тастауы мүмкін деген мәліметтер де тараған еді. Әзірге ескерткіш өз орнында.


  • Украина, Днепродзержинск. Нұрсұлтан Әбішұлы 1960 жылы аяқтаған Днепродзержинск техникалық училищесінде қойылған мүсін-бюст – аталған оқу орнының жеке мұрағатына тиесілі туынды. Ескерткіш 2005 жылы ашылған. Бірақ, 2011 жылғы Жаңаөзендегі мұнайшылар митингі өткен соң, екі жылдан кейін, Украинада бір топ белсенді университет алдында наразылық акциясын жасап, барельефті алып тастау үшін қол жинаған. Ал училище директоры жауап ретінде бұған келіспей, ескерткіштің ешкімге зиян тигізбейтінін айтып, пікір білдірген болатын. Тіпті, мүсін-бюстке қызыл бояу төккен белгісіз топтың үстінен, бұзақылық бабы бойынша, іс қозғалды.


  • Молдова, Гагаузия. Молдова мемлекетіндегі Гагаузия автономиясында біздің Президенттің құрметіне қойылған ескерткіш 2012 жылы ашылды. Автономия басшысы Михаил Формузалдың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы – елін ең қиын кезеңдерден алып шыға білген, білікті басшы. Ал бұл бюсттің жобасымен танымал мәскеулік мүсінші Константин Константинов айналысқан көрінеді.


  • Астана, «Қазақ елі» монументі. Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Монументтің төрт жағында «Қаһармандық», «Халық және Президент», «Жасампаздық», «Болашақ» атты барельефтер орналастырылған. Аты айтып тұрғандай «Халық және Президент» деп аталатын орталық бетінде Нұрсұлтан Әбішұлының Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті мүсінделген.


  • Алматы, Тұңғыш Президент саябағы. Бұл ескерткіш 2011 жылы Алматының ең көрікті орындарының бірі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында ашылды. Мүсін мәрмәр, қола, граниттен жасалған. Ол қанатын жайған бүркіт бейнесін еске салады. Кешен ортасында Елбасы тұлғасы орналастырылған.


  • Алматы облысы, Талдықорған. Көзі тірісінде ел Президенті құрметіне қойылған, әзірге соңғы ескерткіш кеше Талдықорғанда ашылды. Атақты мүсіншілер Қазыбек Жарылғапов пен Мирлан Азмағанбетовтың жобасымен жасалған, қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 4,2 метр. Оның іргетасы, постамент – 4,5 метр. Ескерткіштің ашылуында Алматы облысы әкімі сөз сөйлеп, бұл кешеннің Елбасы еңбегіне деген халықтың шынайы ықыласын көрсететінін айтып өтті.


  • Нұрсұлтан Әбішұлы құрметіне тұрғызылған ресми ескерткіштерден бөлек, Қазақстанның әр қаласында оның атында саябақ, облыстық мұражайларда арнайы бұрыш, жоғары оқу орындарында мадақтау тақталары бар.

Мәселен, Мына мүсін-бюст Түркістандағы Қазақ-Түрік университетінде тұр.



Ал мына кіші мүсін Астанадағы Ұлттық музейден орын тапқан.



Мүсіншілер Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін оның туған ауылы Үшқоңырдағы мектебінде де дәріптеуге тырысып баққан сияқты. Мына туынды мектептің құрмет бұрышына қойылған.



Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесі тек ескерткіш, бюст, тақтайшалардан ғана көрініс тапқан жоқ. Қазақстанмен қоса, әлемнің бірнеше мемлекетінде Елбасы атында көшелер, қорлар, құрмет белгілері бар. Тіпті, 2011 жылы Сәтпаев университеті ғалымдары өзері ашқан жаңа минералдың атын "Нұрназен" қойған екен.