​EXPO-2017 қалашығында құрылысы бітпеген нысан құлап қалды



EXPO-2017 территориясында салынып жатқан конструкция опырылып қалды. Көрме қалашығында BI Group компаниясы қарамағында құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның құлағаны бейнеленген видео жарияланды.




Аталған ақпаратты «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов растады. Ол өзінің Tengrinews.kz сайтына берген пікірінде: "Ғимараттардың құрылысында бәрі дұрыс, тек олардың арасында сәндік құрылыс нысаны бар. Сол шынында да опырылып қалды. Бұл бүгін бірнеше сағат бұрын болды. Мен себебін білмеймін. Бұл ғимаратты BI Group салып жатыр. Олар жобалаушыны шақырғанын айтты, компания мәселені зерттеп, қалпына келтіретін болады", -дейді.



Куяновтың айтуынша, барлық ғимараттардың құрылысы аяқталғанша, құрылыс алаңында болған кез келген төтенше жағдай үшін мердігер компания жауап береді.



Аталған конструкция EXPO-2017 аумағындағы сәндік павильондарға жататын нысан болуы керек еді.