Абаев мектепте хиджаб киюге тыйым салу туралы ойын айтты


Еліміздегі ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Қазақстан мектептерінде хиджаб киюге тыйым салу туралы заң жобасына пікір білдірді. Ол өз ойларын "Хабар" арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында айтқан деп хабарлайды NUR.KZ.




Министрдің айтуынша, еліміздегі мектеп формасына қатысты заң жобасы қайта қаралуда. Яғни білім ордасына енді діни сипатты айқындайтын киімдермен ғана емес, сондай-ақ, қосалқы мәдениет үлгісін көрсететін киім түрлерін киюге де тыйым салынады.


Дәурен Абаев Түркістан облысында орамал тағып келген оқушыны мектепке кіргізбей қойған жағдай туралы да сөз қозғады. Айтуынша, онда білім ордасының басшылығы заң аясынан асып ешқандай әрекет жасамаған.


"Менің білуімше, ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Содан кейін оқушылар хиджабпен келуін тоқтатқан", - дейді ол.



Сонымен қатар, Абаев "кейбір қазақстандықтардың аталмыш заң жобасы діни сенімнің еркіндігін бұзады деп санауы қате" дегенді алға тартты.


Себебі бұл ешкімнің діни сезіміне қастандық емес, оқушылар мектептен шыққан соң қалаған киімін кие береді екен.


"Қазақстанда діни сенімге барынша еркіндік берілген. Мұнымен ешкім дауласпайтын шығар. Конституцияға сәйкес, біз зайырлы мемлекетпіз. Бұл сөздің өзі мемлекеттің діннен бөлектігін анықтайды. Ал мектеп - бұл ең алдымен мемлекеттік мекеме, сондықтан онда діни сенімге байланысты киініп келу зайырлы қоғам жүйесіне қайшы келеді", - деп түсіндірді министр.



Еске салсақ, осыған дейін Халықаралық қарым-қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, сенатор Дариға Назарбаева бет-ауызды тұмшалап, адамның келбетін тануғакедергі келтіретін киімдерге заңмен тыйым салатын жоба туралы өз ойын айтқан.