АҚШ-та білім алғысы келетіндерге кеңестер


АҚШ-та оқуға әркімнің таласы бар. Онда оқу үшін талапкер қандай болуы керек?


Америкада білім грантын жеңіп алуға мүмкіндік беретін қандай бағдарламалар бар? "Болашақ" бағдарламасымен George Washington университетінің стратегиялық коммуникация және халықаралық PR мамандығы бойынша оқып жатқан Жанар Көбекбай осындай сауалдарға жауап беріп, АҚШ-тағы өмір салты мен шетелдіктерге жасалатын қолайлы жағдайлар туралы Вaribar.kz-ке әңгімеледі.




Американың университеттері оқуға қалай қабылдайды?


- АҚШ университеті дегенде біз көбіне әлемге танымал, үздік жүздіктегі оқу орнын көз алдымызға елестетеміз. Бірақ АҚШ-та одан бөлек мыңдаған жергілікті университет бар. Олар аты жер жармаса да, сапалы білім беруге қауқарлы. Сол оқу орындарында, салыстырмалы түрде, студент атану оңай. Онда тапсырылатын тест түрлері де, эссе саны да, бәсекелестік деңгейі де аз. Оқу ақысы да, топ-университеттерге қарағанда арзан. Дегенмен "Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-та оқығыңыз келсе, ереже бойынша бағдарлама ұсынған үздік жүздікке кіретін оқу орындарында ғана білім ала аласыз. Ал ондағы оқу орындарының студенті атану оңай емес.



Басты талап – ағылшын тілін жетік білу. Бірінші IELTS немесе TOEFL халықаралық тестерін тапсыру керек. Мен бұл жерде "ағылшын тілінің америкалықтар түсінетіндей деңгейі қажет" деп ерекше бөліп айтар едім. Үш жыл бұрын Лос-Анджелеске High Intermediate деңгейімен келіп, бір жылда IELTS-тан 7 балл алдым. Бірақ сол кезде тіл білу деңгейімді көтермей, оқуды бірден бастап кеткенімде қазіргі алып жатқан білімнің 40-50%-ын ғана білер едім. Себебі, IELTS-тан жинаған балл жеткілікті болғанымен жергілікті халықтың ойы мен санасын түсіну тәжірибем ақсап тұрған еді. АҚШ-та оқудың бір ерекшелігі – сабақтың барлығы пікірталаспен өтеді. Тұщымды пікір айтып, нық аргумент ұсыну үшін сен сол халықтың ойлау мәдениетін, нетворкинг талаптарын, бүгіні мен өткенін жетік білуің қажет. Сол үшін АҚШ-та оқуды бастамас бұрын олардың тілі, стилі мен халқының ойлау мәдениетіне аса мән беріңіз.



Егер АҚШ-та оқимын деп талаптансаңыз, "Бұл орынға неге сіз лайықсыз?" деген сұрақтың сан формасына жауап жазуға дайын болыңыз. Американың жоғары оқу орындарының көбі талапкерді оқуға қабылдарда олардың жүректі шымырлататын оқиғаларына көп көңіл бөледі. КСРО-ның құлағанын, егемен Қазақстанның қалай құрылғанын көріп өскен ұрпақпыз ғой. Мысалы, майшаммен отырып кітап оқығаныңыз, бірнеше қашықтық жүріп, мектепке жеткеніңіз, әке-шешеңіздің сізді қалада оқыту үшін соңғы малын сатқаны немесе әкеңіз маскүнемдікке салынып, анаңыз зат сатып, оған көмектескеніңіз сияқты санада сақталған хикаяларды айта біліңіз. Сондай оқиғаларды айта отырып, өзіңіздің қайтпас қайсарыңызды, діттеген жерге жетпей қоймайтын мінезіңізді, білімге құштарлығыңызды көрсете білуіңіз керек. Америка университеттері үшін білім мен тәжірибеден гөрі жеке тұлғалық қасиеттеріңіз көбірек маңызды.



АҚШ-тың білім грантын жеңіп алу қаншалықты мүмкін?


– Әрбір университеттің сайтына кіріп, Fellowship and Scholarship деген бөлімді қарасаңыз, For International Students деген топта, кемінде 4-5 түрлі грант ұсынылады. Қосымша эссе жазып, сұхбаттан өтіп, осы стипендияны алуға бақ сынап көрсеңіз болады. Сонымен бірге World Bank-тың, Erasmus Mundus-тың жыл сайын бөлетін гранттары барын көбі біледі. Жалпы, АҚШ елшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге де қалаларда ұйымдастыратын American Corner-лерге барып тұруға кеңес беремін. Онда гранттар мен стипендияларға қатысты көптеген Workshop өтеді, ағылшын тілін дамытуға арналған Toastmasters, елшілік қызметкерлерімен табиғатқа шығу сияқты қызық әрі керек іс-шаралар ұйымдастырылады.



Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Вашингтон. Қай қалада өмір сүру тиімді?


– "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" демекші, Америкада алғаш қоныс тепкен мекенім – Лос-Анджелес мен үшін ерекше ыстық. Калифорния жер жаннаты ғой, қысы жоқ, жазы аса ыстық емес, мұхит тиіп тұр, адамдары жайдары. Бұл штатты АҚШ-тың ең қымбат мекені деп айтады. Бірақ өз басым аса ерекшелігін байқамадым. Үйдің де, тамақтың да бағасы қазір тұрып жатқан Вирджиния штатымен бірдей. Климат жағынан айтсақ, әрине, Лос-Анджелесті, Калифорнияны таңдаймын.


Нью-Йорк – студент болып, отбасымен тұруға мүлдем қолайсыз қала. АҚШ-тағы жүйе бойынша балаларды жақсы мектепке бергіңіз келсе, қымбат ауданда тұру қажет. Ондағы бір бөлмелі үйдің бағасы 3000 – 6000 доллар аралығында. Колумбия университеті де, Нью-Йорк университеті де, қымбат аудандардың бірі – Манхэттенде орналасқан. Айлық стипендиясы 1800 доллар болатын студенттің Манхэттендегі үйде тұруға қалтасы көтермейді. Сол үшін олар университетке метромен кемінде бір сағат жүретін жерді тауып, отбасын сонда орналастыруы керек. Сондықтан балаларын орта немесе төмен рейтингтегі мектепке береді. Бұл – уақытша құбылыс, балам әзірше ағылшын тілін үйреніп алсын, кейін жетіп алармыз деп өзімізді жұбатамыз. Осылай күнкөріп жүрген отандастарымыз жетерлік. Олардың бұл шешімін мен құрметтеймін де. Бірақ мен мұндай шарттармен өмір сүре алмайтынымды түсіндім.



Қазіргі тұрып жатқан жерім – Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласы. Вашингтоннан 20 минуттық жердеміз. Қыс мезгілінде Сарыарқаның сарышұнақ аязы болмаса да, салқын болады. Оның желі, табиғаты біздің астанамызға ұқсайды. Бірақ жаңбыр өте көп жауады, есесіне, айналамыз – орман. Қазір көктемде гүлдеген ағаштар көздің жауын алады. Ондағы үйдің бағасы Лос Анджелеспен шамалас: бір бөлмелі үй 1500-2000 доллар маңайында, екі бөлмелі үй 2000 – 3500 доллар аралығында. Отбасымен тұруға өте ыңғайлы. Егіз қызымыз Арлингтонның үздік мектептерінің біріне барады. Ал Вашингтон – білім алуға, мансап құруға, жаңа таныстық орнатуға әлемдегі ең қолайлы орындардың бірі.



Өзге елден келгендер ағылшын тілін тегін үйрене ала ма?


– Америкада ағылшын тілін тегін оқуға болады. Онда кез келген адамның өмірде өз орнын тауып кетуіне көп мүмкіндік жасалған. Адамның жасына, жынысына, визалық статусына, бiлiм деңгейiне қарамастан кез келген уакытта, кез келген штатта Adult-мектепке, Community-колледжге барып, қайта партаға отыра алады. Ол мекемелер сiзден құжат сұрамайды. Тiл деңгейiңiздi анықтап, қалауыңызға қарай High School Diploma немесе English as a Second Language курстарына жазады. Барлығы тегiн. Ол аз десеңiз, жұмыс істеуге рұқсат беретiн қағазыңыз болса, тегiн медбике, бағдарламашы, оператор және фотограф курстарын да оқи аласыз. Ұстаздары тәжiрибелi, бiлiмi сапалы. Алғашында Калифорния бай штат болғандықтан сонда ғана мұндай мүмкіндік бар шығар деп ойлағанмын. Бірақ басқа штаттарда, өзге қалаларда тұрып көргеннен кейін нақты мұндай тенденция, мұндай мүмкіндік Американың кез келген елді мекенінде бар екеніне көзім жетті.


Стартапты қалай іске асыруға болады?


– Бұл сайыс мүмкіндігімнің шектеусіз екенін тағы бір рет дәлелдеді. Барлығы Нью-Йорктен басталды. Сонда оқып жүргенде осы Е-commerce жобасы ойыма келіп, тыныштық бермеді. Бір түннің ішінде жобаның SWOT анализын жасап, барынша "Болмайтын жоба, Жанаржан, қоя салшы" деген ойға дәлел тапқым келді. Себебі қыста магистратураны бастауым керек, ал АҚШ-та оқу оңай емес екенін бәрі біледі. Бірақ санадағы сан ой ақ қағазға теріліп, жобаның өзі болашағы барын дәлелдеді. Одан қалды магистратура басталған бірінші айда поштама George Washington University жыл сайын ұйымдастыратын стартап байқауына шақырамыз деген хат келді. Міне, осылайша командама "Болашақ" бағдарламасының тағы екі студентін қосып, New Venture Competition қатысушысы атандық. Ақпаннан басталған жобада алғашқыда 236 команда болды. Әрбір кезеңнен үздіктің үздігі анықталып, аяғында финалға топ 10 команда жеттік. Соңғы үш айда байқау барысында алған білім мен тәжірибеміз ұшан-теңіз. Алдағы уақытта осы білгенімді қысқаша сабақ ретінде шығарып, Қазақстанда жариялау жоспарым бар. "Халықаралық стандарт бойынша стартап идеяңызды қалай сатуыңыз керек? Бизнес-модель мен техника-экономикалық негіздеме жасағанда неге мән беру керек? Инвестор сізден не қалайды?" деген сияқты сұрақтарға жауап алып, оны тәжірибеде жүзеге асырдық. Бірақ үздік үштіктің қатарында болмадық. Бірнеше апта бұрын жобаны ұйымдастырушылар мен менторымыз шақырып алып, Summer Startup Accelerator-ге қатысуға ұсыныс тастады. Бұл – жаз бойы саланың үздіктері жобаңызды бірге дамытып, экономикаға бейімдеп, нарыққа шығуға көмектеседі деген сөз. Стартап саласының саңлақтары жобаңызға осылай сенім артып тұрғанда еріксіз қанат бітіп, самғай түседі екенсің.



Америка мені мықты трансформациядан өткізіп жатыр. Қазақстаным ұсынған "Болашақ" бағдарламасы болмаса, қазіргі барымның миымда, санамда, жүрегімде, қолымда болуы екіталай еді. Сол себепті қайда жүрсем де, қандай жобаны қолға алсам да, жүрегімнің түбінде "Еліме қандай пайдасы бар?" деген сұрақтың тұратыны ақиқат. Тым пафос болып көрінетін шығар. Бірақ кезінде журналистиканы да "мен атақты боламын, көк жәшіктен сөйлеймін" деп емес, мамандығыммен адамның өміріне оң ықпалын тигіземін, көмегімді беремін деп таңдаған болатынмын. Аллаға шүкір, ол мақсатыма жеттім. Өмірімнің жаңа кезеңінде де сол бұрынғы принциптер сақталған.