Америкадағы қазақша өмір. Америкалық қазақтар салт-дәстүрді сақтай ма?


Шетелге көшкен әрбір азамат жаңа мәдениетпен қақтығысу әсерінен ұлтының мәдениеті мен тілін ұмытуға бейім келеді. Бірақ АҚШ-қа көшкен иммигранттар олай емес.


Бүгінде қазақтардың ішінде әртүрлі себептермен шетелге көшіп жатқандар бар. Соңғы жылдары Қазақстанға келушілерден гөрі кетуді жоспарлаған қандастарымыз көп. Ал елден жыраққа кеткен олар өз тілі мен ділін ұмытып бара жатқан жоқ па?


Informburo.kz тілшісі "Америкадағы қазақша өмірге" шолу жасап, басқа құрлықтағы қазақтардың ұлттық санасы мен туған тіліне деген құрметін анықтап көрді.



АҚШ-та қазақтар сіз ойлағаннан да көп


Күн өткен сайын шет елдерге, әсіресе, АҚШ-қа көшіп жатқан қазақтардың саны артып келеді. Бұған әр азаматтың өзіне тән себебі бар. Бірі жаңа құрлықта жаңа өмірді бастауды жоспарлаған болса, тағы бірінің мақсаты – өз отбасын қаржы тапшылығынан құтқару. Олардың қатарында қазіргі Қазақстандағы экономикалық дағдарыс әсерінен табысынан айырылғандар мен жеке кәсіпті бастауда түрлі кедергілерге тап болғандар да бар.


АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің ресми мәліметіне орай, қазіргі таңда 26 мың Қазақстан азаматы АҚШ-тың Diversity Visa бағдарламасы аясында жаңа құрлықтың резиденті ретінде өмір сүріп жатыр. Олардың тек АҚШ-та дауыс беру құқы жоқ.


Одан бөлек, 18 мың қазақстандықтың АҚШ-қа кіру иммиграциялық емес визасы бар. Олардың 35 пайызы жаңа құрлыққа екі реттен барып қайтқан.



Тараз қаласының тумасы Арман Жаңабаев соңғы он жылдан бері АҚШ-тың Нью-Йоркте тұрады, бағдарламашы болып еңбек етеді. Оның айтуынша, АҚШ-тың алып қалаларында қазақтар көбірек шоғырланған.


– Нью-Йорк қаласында көшеде серуендеп бара жатып, қазақша әңгімені құлағым жиі шалатын болды. Мен АҚШ келген жылы мұндай байқалмайтын. Бұл соңғы жылдары АҚШ-қа келіп жатқан қазақтардың саны бірнеше есеге өскенін білдіреді. Олар көбіне Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Чикаго, Сан-Франциско, Майами қалаларында шоғырланған, – дейді Арман.


Тексіз адамға айналмау үшін ...


АҚШ – иммигранттар елі. Алып елге әлемнің әртүрлі елдерінен көшіп келіп, сол ортаға бейімделеді. Олардың ортақ тілі – ағылшын. Иммигранттар жаңа мәдениетке араласып, өзге тілді күнделікті қолдану арқылы өз салт-дәстүрінен алшақтайды. Ал олардың ұрпақтары кейін өзінің шыққан тегіне дейін ұмытады.


Бірақ өз тілін ұмытпай, мәдениетін сақтауға тырысатын ұлттар бар. Мысалы, еврей, француз, араб, тәжік, кәріс, қытай мен жапон ұлттарының өкілдері өз дәстүріне берік келеді әрі келесі ұрпақтың тілін ұмытпауына барын салады. Арман да америкалық қазақтардың келесі ұрпағының өз тілі мен мәдениетін сақтауына күресуі тиіс деп біледі.



– АҚШ-та да орысша сөйлейтін қазақтар көп (күліп). Бірақ қазақша сөйлеуді жөн санайтындар да жоқ емес. Ойы бір қатарластарымызбен жиі басқосулар ұйымдастырып, келесі ұрпақтың болашағы, Қазақстанға қолдау білдіру мүмкіндіктері мен салт-дәстүрлерімізді ары қарай жалғау мәселелерін талдаймыз, – дейді Арман.


АҚШ үкіметі әрбір иммигранттан өз мәдениетін ұмытпауын сұрайды


Абзал Лесбеков Тараз қаласында туған. Оның АҚШ-та тұрып жатқанына 4 жылға жуықтап қалған. Ол Қазақстаннан көшкен достарының арасында үнемі ағылшынша сөйлейтінін айтады.


– Кейде достарымды қатты сынаймын. Өкінішке қарай, өз тілін білмейтін бауырларымыз бар. Олар ең болмағанда қазақ тіліндегі бірнеше сөзді үйренсе екен деймін, – дейді Абзал.


Оның айтуынша, Нью-Йорктың әрбір үшінші тұрғыны үйіне барған кезде өзге тілде сөйлеседі.


– Мұнда әрбір иммигранттың шығу тегін ұмытпауына, оның өз деңгейінде дәріптелуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Ағылшын тілін біл деп ешкім талап қоймайды. Бірақ қоршаған ортам мен жұмысым соған байланысты болған соң, үйреніп алдым, – дейді ол.



Абзалдың айтуынша, АҚШ-тың көпұлттық саясаты әрбір иммигранттың өз мәдениетін ұмытпауына бағытталған. Сондықтан шамасы келген азаматтар өз ұлтының мәдениет орталығын және тіл мектептерін ашып алған. Мысалы, еврей балалары қарапайым мектепке барудан бұрын екі жыл еврей мектебінде оқиды. Иврит тілін жетік меңгеріп алғаннан кейін ғана АҚШ-тың стандартты мектептеріне ауысады.


Ағылшын тілі қазақ тіліне қай деңгейде әсер етіп жатыр?


Филология ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ доценті Сауле Бектемірованың айтуынша, бір тілдің екінші тілге әсері лингвистикада жиі зерттелетін процесс. Себебі кез келген тілдің қолданысындағы өзгерістер осындай өзге тілдің әсер етуі кезінде көрінеді.


– Мысалы, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда орыс тілінің қолдану аясы кең болды. Сол кезде қазақша сөйлесетін азаматтар өздігінен сөйлемдеріндегі кілт сөздерді орысша айтуға бейімделетін. Бұл лингвистикада суперстрат деп аталады. Ал АҚШ-тағы қазақтардың қазақшасына ағылшынша кілт сөздердің араласуы субстрат процесіне жатады. Оның айырмашылығы бірінде қазақ тіліне жаулап алынған халықтың, екіншісінде жаулап алушылардың тілі араласқан, – дейді ғалым.



ҚазҰУ доцентінің айтуынша, америкалық қазақтардың тілінде ағылшын тілінің элементтерінің болуына ағылшын тілінің қоғамдағы доминанттылығына, қоғамның барлық саласында сол тілде қызметтің көрсетілуіне, ағылшынның технология тілі ретінде қолданылуына, жастар көп қолданатын сленгтердегі тіркестердің доминантты тілден алынуына тікелей байланысты.


Қоғамда тілдің тазалығына мән беретін азаматтар әдетте аз болады. Мысалы, тілдің пуризмін қадағаламайтындар былай сөйлеседі.


– Қайырлы күн, досым, қалың қалай?


– Файн (Fine – жақсы), өзің қалайсың?


– Жақсы, ақырындап. Өткенде хабарласқан екенсің?


– Иә, жаңа апартмент (apartment – пәтер) іздеп жүрген едім. Сенде таныстарың бар ма?


– Бар, бірақ нейгбурлары (neighbour – көрші) афроамерикалықтар. Тыныштық бермейді саған.


– Сонда да бір хабарласып көрейін. Лендлордтың (landlord – үй иесі) фоун намберін (phone number – байланыс нөмірі) берші.


– Ок, +1 919 234 ...,


Америкада қазақ тіліне сұраныс артқан


Раушан Найзабаева "Болашақ" бағдарламасымен Нью-Йорк Университетінде Publishing digital and print media саласы бойынша магистратурада оқыған. Төрт баланың анасы. Оқуға кеткен кезінде өзімен үлкен ұлы мен қызын ертіп алған екен.


– Балаларым аз уақытта қазақшасын ұмытып, ойын тек ағылшынша айтуға үйреніп алды. Сол себепті олардың қазақшасын жақсартудың жолдарын қарастыра бастадым. Кейіннен белгілі болғандай, Нью-Йоркта мен сияқты баласының тіліне уайымдаған ата-ана көп екен. Осылай қазақ тілінің курсын ұйымдастыру идеясы туды, – дейді Раушан.



Раушан қазақ тілін оқытатын маман іздеп жүріп, қазақ тілі курсына сұраныстың көп екенін түсінеді. Сондықтан қазақ тілін жетік білетін "Болашақ" студенттерімен келісіп, аз уақытта Нью-Йорк университетінің ғимаратында тіл курстарын бастап жіберген.


– Бұл жобаны бастаған студенттер оқуын тәмамдап, елге қайтып кетсе де, қазақ тілі курсының тоқтап қалмағанына қуанамын. Мен қазір оларға қазақ тілі оқулықтарын жеткізіп берумен айналысып жүрмін, – дейді Раушан Найзабаева.


Раушанның айтуынша, АҚШ-тың алып қаласында тұратын қазақтар бұл ұсынысқа жаппай қолдау білдірген. Себебі олар да балалардың болашақта тұлға ретінде қалыптасуындағы ұлттық сана мен тілдің маңызды рөл ойнайтынын айқын түсінеді.


– Бастапқыда, қазақ тілінің курсын өткізетін орынды Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығынан сұраған едік. Ондай мүмкіндік жасалмағаннан кейін бұл мәселені шешімін өзіміз іздедік, – дейді ол.


Раушан Нью-Йорк университетінің әкімдігінен сабақ өтетін орынды жалға алу үшін университет платформасында арнайы клуб ашып, оның белсенді қатысушыларының санын 200-ден асыру керек болғанын айтады. Бұл мәселені шешуде университеттегі Russian Club (Орыс клубы) Muslim Club (Мұсылмандар клубы) өкілдері көмектесіпті.


– Тіл курсының алғашқы сабағына 15 оқушы мен 10 үлкен азамат келді. Кейіннен олардың саны артып отырды. Қазіргі таңда, сабаққа әртүрлі жастағы 30-дан астам үйренуші қатысып жүр. Олардың қатарында 3 америкалық азамат та бар, – дейді Раушан.



Қазақ тілі курсында жасы үлкен азаматтарға пікірталас алаңдары ұйымдастырылады. Олар қазақ мәдениеті туралы, сақталғаны бар, ұмыт қалғаны бар салт-дәстүрлер жайлы көбірек талқылайды. Сонымен қатар, Қазақстанда туған кәсіби биші оқушыларға ұлттық би түрлерін үйренуге көмектеседі.


– Бұл – коммерциялық емес жоба. Алдағы уақытта да қазақ тіліне сұраныс азаймайды деп сенемін. Қазақ тілі клубының мүмкіндіктерін арттыру үшін Қазақстаннан шыққан азаматтардың қолдауымен қазақ мәдениетінен сыр шертетін музей-кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл әзірге тек ой күйінде қалып отыр. Десе де, алып Нью-Йорк қаласында қазақ мәдениетінің бір бұрышының болуы қуантады. Себебі, қайда жүрсек те, мәдениетіміздің бөлшегі бізбен бірге, – дейді Раушан Найзабаева.


Прагматиканың теріс жақтары


Арман Жаңабаев Таразда орта білім беретін қазақ мектебінде білім алған. Ал университетте алған білімінің жаңа құрлықта көмегі тигенін айтады. Десе де, ол АҚШ-та бағдарламашы болып жұмыс істеу үшін талай түнді ұйқысыз өткізген екен.


– АҚШ-та оқу немесе біліктілікті арттыру жүйесі барынша оңтайландырылған, яғни прагматикаға көшкен. Сондықтан мұнда жаңа салаға бейімделу әлдеқайда оңай. Бірақ мұның иммигранттарға кері әсері де бар. Сіз сол прагматиканың әсерінен өз тіліңізді сирек қолданып, мәдениетіңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін, – дейді жас бағдарламашы.



Арманның айтуынша, америкалық қоғамда түбегейлі өзгеріске жылдам бейімделетін адамдар көп. Сондықтан олар өз ата-тегін, тарихын тез ұмытады.Тіпті, мектептерде тарих сабағы қосымша ретінде ғана оқылады.


Тіл мен мәдениетті сақтау әр адамның өз қолында


Арман Жаңабаев жаңа құрлықта отбасын құрып, АҚШ жерінде туған сәбиінің өзін қазақ деп тануы үшін барын салып жүргенін айтады. Оның жары Жұлдыз Ерік –қазақ тілді журналист, қазіргі таңда тек баласы Әлемнің тәрбиесімен шұғылданады..


– Баланың тілінің қазақша шыққаны дұрыс. Сол үшін біз үйде тек қазақша сөйлесеміз. Себебі кейіннен балабақшаға, сосын мектепке барған кезде айналасының бәрі ағылшын тілінде сөйлетіндер болады ғой. Сондықтан оған дейін оның қазақша білуі біз үшін өте маңызды, – дейді Жұлдыз Ерік.


Арман отбасымен Қазақстанға жиі барып тұруға тырысатынын айтады. Демалыстарында туған жерге баруды жоспарлайды екен.


– Баланың санасы үш жасқа дейін нені қабылдаса, өскен кезде соны өмірімен тығыз байланыстырады. Ал 15 жасқа дейін оның миы көрген-білгені мен үйренгенін үздіксіз қабылдайды. Сондықтан Әлемнің қазақ тілі және мәдениетін танып-біліп өсуіне жағдай жасауға тырысамыз, – дейді Арман Жаңабаев.


Арман мен Жұлдыздың тұңғышы жақында бірге толды. Әлемнің туған күнінде тұсауын кесіп, домбырамен қазақша ән шырқалыпты.


– Әлем АҚШ-та өсетін болса да, жүрегінің қазақ деп соққанын қалаймыз. Сондықтан "тұсау кесу" дәстүрін арнайы ұйымдастырдық. Оның тұсауын Google корпорациясында істейтін қазақ досым Ғалымжан кесті. Ырымдап баламыздың да бағдарламашы болуын тіледік, – дейді Арман.



Арманның күнделікті жұмысына кедергі болмауы үшін тұсау кесуді ұйымдастырумен көбіне Жұлдыз айналысыпты. Ол қазақтың арнайы ұлттық киімдері мен кәдесыйларды тапсырыс беріп, елден алдырған екен.


– Біз осылай тойласақ, өзге де қазақ достарымыз қазақ дәстүрлерін қайта еске алып, марқаяды. Сосын олар да бәрімізге ортақ мәдениетімізді одан әрі дамытуға үлес қосады. Мысалы, жақында қазақтардың тойына бардық. Нью-Йоркте қазақша әнге билеп, домбыраны тыңдау, қазақша тілектерді есту ерекше сезім сыйлады, – дейді Жұлдыз.