"Дубайға, Парижге, Лондонға барғым келеді": әкімнің тоқалы болғысы келетінін қыз


Бүгінде тоқал тақырыбын қозғап жүргендер аз емес. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі айтылады. Мысалы, Мұхит Сапарбаев (NUR.KZ ұсынатын "Ойбай lіfe" бағдарламасының жүргізушісі) Салтанат Қайранова есімді қыздан сұхбат алыпты. Әңгіме барысында әлгі қыз өзінің тоқал болғысы келетінін айтады. "Тоқал болғым келеді. Дубайға, Парижге, Лондонға барғым келеді. Мен соған лайықтымын", - деп сызылып отыр.




Осыған дейін ол әкімнің ғана тоқалы болғысы келетінін айтқан екен. Енді сол ойынан айнып: "Мен шешім қабылдадым. Маған енді әкім емес, бизнесмен немесе депутат керек. Өзімді депутатқа тоқал болуға лайықтымын деп ойлаймын" деп қалыпты.


"Мен тоқалы болған адам мені жақсы көрсе, еркелетсе, бар қалауымды орындаса, айтқанымды сатып алып берсе, маған үй әперсе, жалпы, мен үшін бәріне дайын болса деймін. Ал мен теледидардан көрініп, боянып, қызыл-жасыл көйлек киіп, жарқырап-жайнап жүре берсем.


Осыған дейін аспаздың көмекшісі болдым. Бірақ қазір жұмыс істемеймін. Бір айлыққа қарап отырып үй де, қымбат киім де ала алмайтынымды түсіндім. Ер адамдар тоқал алуға міндетті деп ойлаймын. Себебі қыздар далада қалмауы керек. Пайғамбарымыз да бірнеше әйел алған ғой", - деп есіп отыр.



Мұны жеңіл ойлылық деп бағалар едім. Мақсатым бұл қызды сынап-мінеу емес. 17 жасында тұл жетім қалған қыз өмірде өзінің жолын таба алмай, өкпелі болған соң солай айтып жүрген болар бәлкім. Оны ақтау да, жақтау да менің міндетіме кірмейді. Дәл осылай ойлайтын қыз жалғыз Салтанат емес болар.


Дегенмен осындай дүниелерді жаһанға жар салып, жарнамалау қаншалықты қажет?


Оның ойын елге жария еткенде не ұтамыз?


Онсыз да желіде жалаңаш денесін жалтыратқандарды тыя алмай әлек болып жатқанда оң-солын енді ғана танып келе жатқан жас қыздарға мұндай әңгімелер кері әсерін бермей ме? Әлдекімнің осылай өмір сүрген жеңілдеу екен деп әп-сәтте ойын өзгертіп шыға келмесіне кім кепіл?


Жеңіл ойлы дүниелермен жастардың санасы уланбаса екен. Себебі болашақтың кілтін солардың қолына ұстатып отырған жоқпыз ба?


Ақпарат: Замана