Орыс ұлтынан әйел алған белгілі қазақ азаматтары

Аралас некені халықтың 70-80 пайызы қолдамаса да, о заманда да, бұ заманда да өзге ұлттан жар алған азаматтар баршылық. Олардың басында ұлт зиялылары мен көсемдері, ақын-жазушылар мен бүгінгінің сал-серілері де бар. Stan.kz ақпараттық агенттігі назарларыңызға орыс қыздарын жар еткен белгілі қазақ азаматтарының тізімін ұсынады.




Ахмет Байтұрсынов


Ахмет Байтұрсынов қазақ жерінде қоныстанған орманшы Иванның қызын ұнатып қалады. Онымен көңіл жарастырып, ақырында отбасын құрады. Екеуі шаңырақ көтерген кезде Ахмет 25, ал Александра 19 жаста болған. Екеуінің сезіміне куә болған «Мұғалім» деп аталатын көл де бар.



Әйткенмен, қазақ қоғамы Ахметтің өзге ұлт өкілімен шаңырақ көтергенін қабыдай алмайды. Тіпті, ел арасында әдейілеп Ахметтің бойдақ екендігі жайлы сыбыс таратады. Жақындарынан қолдау таппағандықтан, қос ғашық некелерін Троицк қаласында қиюға мәжбүр болады. Сонда Александра ислам дінін қабылдап, екі ай бойы діни дәрістер тыңдайды. Есімін мұсылманша Бәдрисафа деп өзгертеді. Бәдрисафа арабшадан аударғанда “Бадрун” — толық ай, “сафа” — кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді.


Ахмет пен Бәдрисафа перзент сүйе алмай, ақырында үш бала асырап алады. Қазихан мен Аумат есімді ұлдары ертеректе көз жұмып, Шолпан есімді қызы анасымен бірге айдауда болады.


Әлихан Бөкейханов


Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов та орыс қызымен отау құрған. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, 35-36 жасында Елена Яковқызына үйленген.


1985 жылы Омбы қаласындағы Орман шаруашылығы училищесіне жұмысқа тұрған Әлихан Бөкейханов математикадан сабақ береді. Кейін “Степной край” газетіне жұмысқа тұрып, сол жерде саясаткер Яков Севостьяновпен танысады. Қос азаматтың саяси-қоғамдық қозғалыстарға деген көзқарасы бірдей болып, екеуі жақсы тіл табысады. Жақын байланыс кезінде саясаткердің қызы Еленамен танысады. Саясаткер Яков екі жасқа батасын бергенімен, Әлиханның анасы орыс қызын келін еткісі келмейді.


Бұл жайында ғалым Сұлтан Хан Аққұлы: “Әлиханның жеке өміріне қатысты мәліметтерде үйленуіне байланысты оқиғалар беймәлім күйінде қалып отыр. Оның өзге ұлттың және оның үстіне христиан дінінің қызына үйленгендігі – басты құпия емес. Әлихан өзіне қалыңдық ретінде орыс қызын, Елена Яковлевна Севостьяновнаны таңдады”, – деп жазған.


Әлихан мен Еленаның бір қыз, бір ұлы бар. Бөкейханов 1903 жылы дүниеге келген қызы Елизаветаны Зейнеп, 1904 жылы ұлы туған ұлы Сергейді Өкітай деп атаған. Өкінішке қарай, Әлихан Бөкейхановтың өзіне де, оның балалары мен немересіне де туған жерінен топырақ бұйырмаған. Барлығы Мәскеу қаласында жерленген.


Мұхтар Әуезов


Қазақтың біртуар ұлы Мұхтар Әуезов бірнеше әйел алған. Олардың бірі орыс ұлтынан. Даңқты жазушы бірнеше қызды жар еткеніне қарамастан, отбасылық бақытты сезіне алмаған. Оның Райхан, Кәмила, Валентина есімді үш жары болған.



Алғашқы жары Райханды сауық кештерінің бірінде көрген Әуезов онымен танысу үшін араға әкесін салады. Әкесі арқылы қыздың отбасымен танысып, Райханмен отбасын құрады. Біраз уақыттан кейін Мұхтар Әуезов білім алу үшін Семейге кетеді. Онда Абай Құнанбаевтың немересімен танысып, оны ұнатып қалады. Араға адамдар салып, Камиланы да жар етеді. Оны ертіп Ленинградқа аттанады. Алайда Ленинградтың ауа-райы Камилаға жақпай, ол ауылға қайтады. Мұхтар Әуезов ауылға оралмаған соң, жары ішқұсадан көз жұмған. Жазушы осы үшін өзін өмірінің соңына дейін кінәлап өтіпті. Жан-жарасын жеңілдету үшін Әуезов жұбайынан «Абай жолы» романы арқылы кешірім сұраған-ды.


Ал екінші жары қайтыс болған соң, орыс қызы Валентинамен көңіл қосады. Бірақ онымен де бақытты бола алмаған Әуезов Фатима Ғабитовамен қосылады. Екеуінің махаббатынан Мұрат Әуезов дүниеге келеді. Әуезов бұдан өзге Надя, Гүлбан, Ольга, Рәзия, Ғайни, Мәспен, Күлән, Оразкен, Аққал есімді аруларға ғашық болған.


Мұстафа Шоқай


ХХ ғасырдың басынша Ташкентке қашуға мәжбүр болған Мұстафа Шоқай сонда Мария Горинамен некеге отырады. Марина – Мұстафа Шоқайдың байырғы танысы. 1918 жылдың 1 мамырында қайын атасы Горинның өтінішімен Ташкенттен Мәскеуге аттанады. Бұл уақытта Мария Мәскеудің опера театрларының бірінен шақырту алған болатын.



Францияның Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылған. Әйелінің арқасында Еуропа халқы оның көптеген еңбегін оқыған. Осыны ескерген Францияға барған “Мұстафа Шоқайдың қазақ және француз достығы” ұйымының қазақстандық мүшелері Марияның бейітіне барып топырақ салады. Сол кезде әкімшілік Горинаның 1969 жылдың 14 сәуірінде қайтыс болғанын айтқан. Мария қайтыс боларынан 4 жыл бұрын өзін жерлейтін орынды таңдап, оны 50 жылға жалға алып қойған екен. Бұл мерзім аяқталғандықтан, Қызылорда әкімі Мұрат Мұхаммед тағы да 770 еуро төлеп (шетелде жер сатылмайды, оны тек жалға береді), мерзімді тағы 50 жылға ұзартты.


Қаныш Сәтбаев


Геолог Қаныш Сәтбаевтың ғылымға сіңірген еңбегі жайлы жұрт білгенімен, оның отбасылық өмірі мен артында қалған ұрпағы жайлы ақпарат жоқтың қасы. Ғалым қазақ және орыс ұлтынан екі әйел алған. Бас-аяғы алты перзентінің екеуі шетінеп, тағы бірі ересек кезінде көз жұмған.



Бірінші әйелі Шәрипадан Шәмшиябану мен Ханиса есімді екі қызы, ал екінші жары Таисия Алексейқызынан Мейіз атты бір қызы бар.


Бақытжан Байқадамов


Белгілі композитор, хор өнерінің негізін салушы Бақытжан Байқадамов та орыстың қызымен некелескен. Бақытжан Байқадамов пен Валентина Панфилованың Айгүл, Алуа есімді екі қызы бар. Қос бикеш осы уақытқа дейін ата-анасының атына кір келтірмеу үшін барын салғандарын айтады.


"Біз алматылықтар өздерінің кімнің баласы екенін білмеген заманда туып-өстік. Ол уақытта әке-шешесінің аты дүркіреп тұрған жандарды ғана танитын еді. Олардың қатарында біз – Байқадамовтар да болдық. Себебі, таңертең радио қосылған кезде, менің әкемнің әндері шырқалатын. Қазірдің өзінде бізді “Байқадамовтың қыздары”, “Панфиловтың немерелері”", - деп таныстырады.


Бұл “лейтенант Шмидтің балалары” дегендей естіледі. Бірақ, біз ешуақытта ата-бабамыздың танымалдылығын пайдалануға тырысқан емеспіз. Тағдырыма ризамын, тегімді де құрметтеймін. Әкем хор өнерінің негізін салды, оның атында көшелер бар. Атамның тегін мені Гоголь-Панфилов көшелерінің қиылысында көлік қағып, қашып кеткен кезде ғана пайдаланғанмын. Мен көліктің нөмірін есте сақтап қалғандықтан, артынша ол зұлым ұсталды. Телефоннан оған “Ақымақ, сен мені атамның атындағы көшенің бойында қағып кеттің” деп айқайлаған болатынмын», – дейді композитордың қызы Алуа “Жаңа ұрпақ” басылымына берген сұхбатында.


Жүсіпбек Аймауытов


Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытов екі рет үйленіп, екі ретінде де орыстың қызын алған. Вера Николайқызы және Евгения Кириллқызы есімді қос әйелінен Бектұр, Жанақ есімді екі ұл мен Муза есімді бір қыз сүйген.



Аймауытовтың екінші жарының кескін-келбеті ұсқынсыздау болған деседі. Мұны байқаған Сәбит Мұқанов жазушыдан ашық сұрайды. Өз кезегінде Аймауытов Мұқановты Сыр өзенінің жағасын шақырып, Евгенияны не үшін әйелдікке алғанын түсіндірмек болады.


Келісілген жерге келіп жеткен Мұқанов Жүсіпбек пен Евгенияның серуендеп жүргенін көреді. Бір мезетте қаламгердің жары киімін шешіп, суға түсіп кетеді. Ал жазушы жұбайын дене сымбаты мен күтімі үшін сүйіп қалғанын айтыпты. Евгенияны көрген Сәбит те жазушыны бұдан әрі мазаламапты.


Бауыржан Момышұлы


Даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы бірнеше рет үйленген. Алғашқы жары – Бибіжамал Мұқанқызы. Бұл некеден жазушының бір ұлы бар. Бақытжан Момышұлы бүгінде есімі елге белгілі жазушы, ал оның жары белгілі қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова.


Екінші зайыбы – Вера Строева. Ол Бауыржан Момышұлының әдебиетке келуіне әсер еткен. Бұдан бөлек, Момышұлы сыған қызы Клавдия Коркинамен көңіл жарастырған. Одан Елена есімді қызы бар. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге өмір сүрген.


Тұрар Рысқұлов


Мемлекет қайраткері, саясаткеп Тұрар Рысқұловтың төрт әйелі болған. Бір қызығы, олардың үшеуі орыс ұлтынан. Ал төртіншісі тек жартылай қазақ. Тұрар бұл әйелін орыс актрисасы Регина Лазарева үшін тастап кетпек болған деседі. Ал екінші әйелі Надежда Пушкарева Жаханша Досмұхамедовтің жұбайының әпкесі болған деген де болжам бар.



Рысқұловтың бірінші және үшінші жұбайы (Колосовская Татьяна Владимировна мен Дергачева Вера Ивановна) одан туған балаларын тастап кеткен. Сондықтан бұл екеуі де Рысқұловқа атағы мен ақшасы үшін ғана тұрмысқа шыққан деседі.


Үшінші әйелінің әкесі немересі Майяның некесіз бала екенін бір естелігінде айтқан. Бұл аздай, әкесінің сөзіне сенсек, Дергачева 17 жастағы оқушысымен жақын байланыста болған. Қуанышқа орай, Майяны Рысқұловтың екінші әйелі асырап алыпты.


Олжас Сүлейменов


Ақын, «Аз и Я» кітабының аыторы, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов те орыс қызымен отау құрған. Оның жарының есімі – Маргарита Владимировна. Өкінішке қарай, оның жұбайы жайлы ақпарат жоқтың қасы.



Бір анығы, ерлі-зайыптылар мұсылман мен христиан діні мерекелерін қатар тойлайда екен. Сүлейменов пен Маргарита Владимировнаның үш қызы бар: Мәдина, Динара, Ләйлә.


Тоқтар Әубәкіров


Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің де жары орыс ұлтынан. Әубәкіров осыдан тура 41 жыл бұрын Татьяна есімді арумен отау құрған. Бұл туралы ғарышкер Аман Тасығанға берген сұхбатында былай деген болатын:


«Біз бір-бірімізді таптық. Көп жылдан бері қол ұстасып келе жатырмыз. Биыл 41 жыл толды. Бүгінге дейін мен олсыз бола алмаймын, ал мен бір жаққа кетіп қалсам, ол кісі мені іздейді. Әлі бір-бірімізді іздеп жүрміз».



1951 жылы туған Татьяна Малышева Михайловнаның мамандығы – инженер. Бір қызығы, Тоқтар мен Татьяна ұзақ уақыт бойы ресми некеге тұрмаған. Үйленген кезінде Әубәкіровтің жасы 39-да, ал Татьяның жасы 34-те болыпты. Бұл жұп отбасын құрғанға дейін екі балалы болып үлгерген. Тоқтар Әубәкіровтің жары Татьянадан Тимур және Михаил есімді қос ұлы бар.


Талғат Мұсабаев


Қазақтан шыққан екінші ғарышкер, Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың жары Ресей азаматшасы – Лацис Виктория Вольдемаровна. Көпшілік оны орыс деп ойлағанымен, шыққан тегі латын елдерінен көрінеді. Мұсабаев болашақ жарымен Ригада танысқан.



Виктория Вольдемарқызы 25 жылдан аса тіс дәрігері болып қызмет атқарған. Мұсабаевтардың бір ұл, бір қызы бар.


Батырхан Шүкенов


Танымал әнші әрі музыкант Батырхан Шүкенов те орыс қызы Екатеринамен бейресми некеде болған. Ол Мәскеуде жүрген кезінде Катямен көңіл қосып, онымен бір шаңырақ астында тұра бастаған. Алайда ата-анасына бұл туралы айтпаған. Анасы бейресми келінімен Мәскеуге қыдырып келгенде бір-ақ танысқан. Ол кезде Катяның аяғы ауыр болатын. Бұл туралы Батырханның анасы «Ұят емес» бағдарламасында былай деген болатын:



«1997 жылдан бастап жүрегім ауыра бастады. Ауырып Мәскеуге барғанымда Батырхан күтіп алды. Бір бөлмелі пәтерлері бар екен. Екіқабат әйелді алғаш рет сол кезде көрдім. Мақсұттан бұрын бір ұл туып, онысы екі айдан соң қайтыс болып кетті. Жаңа барғанымда алғаш рет Катямен таныстырды. Жүрегім біртүрлі болып қалды. Шынымды айтсам, маған еш жері ұнамады».


Бүгінде марқұм Батырхан Шүкенов пен Екатеринаның Мақсұт есімді ұлы бар. Ол анасымен бірге шетелде тұрады.


Сейфуллин Жолбарыс


Музыкант әрі композитор Сейфуллин Жолбарыс та екі рет отбасын құрған азаматтардың қатарында. Алғашқы некесі сәтсіз аяқталған Сейфуллин екінші ретте орыс қызымен шаңырақ көтерген. Сейфуллиннің айтуынша, Екатерина Лилуя орыс болғанымен, жаны қазақ.



Өзі ауылда өскен қыз қазақшаға судай. Сейфуллин мен Екатеринаның бүгінде қос қызы өсіп келеді. Сондай-ақ, өнер иесінің алғашқы некесінен бір қыз, бір ұлы бар.