Қызын 60-тағы жездесі зорлаған жалғызбасты ана елден көмек сұрайды


60-тағы жездесінен 15 жасында бала босанған бойжеткеннің анасы Жанаткүл Баелова тағдырымның сынағы бітер емес деп егіліп отыр, хабарлайды Elitar.kz.




Жолдасы қайтыс болып, жесір қалған әйел колледжде оқитын қызы мен мектеп жасындағы ұлы және немересі төртеуі Шымкенттегі жертөлелердің бірін күнелтіп жүр.


Күн суыса жылынарға жай таппайды. Ал жаңбыр жауған күн бұл отбасы үшін тіпті мұңға айналады.


"Биыл осындай болып отыр, қар жауған кезде еріп кететін. Биыл кеше жаңбыр жауғалы бері бала шаға мектепе бара алмай отыр", - деді ол.


Тағдырдың тауқыметін тартқан отбасы үшін тұрмыстық техника түгілі күнделікті берілетін жарықтың өзі кейде арманға айналып отыр. Жауынды күндері жиі өшіп, кейде сағаттап тас қараңғыда отыруға мәжбүр.


Жанаткүл Баелова немересін сот шешімімен өз атына жаздырып алған. Ал оның биологиялық әкесі, яғни, қызын жылдар бойы зорлап келген туысы 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Айта кетейік, бұл сұмдық оқиға осыдан екі жыл бұрын Бәйдібек ауданында орын алған.


Жалғызбасты ана мемлекеттен айына 38 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бірақ ол күнделікті ішіп-жемнен, дәрі-дәрмектен артылмайды дейді. Жертөле дымқыл болғандықтан отбасы мүшелері жиі ауырып қалады. Дегенмен денсаулығының сыр бергеніне қарамастан келіншек нәпақа табу үшін қара жұмыстарға шығып тұратынын айтты. Тек екі-үш күн жұмыс істесе, кейін төсек тартып жатып қалады екен.


Жалғызбасты ана үй кезегіне көктемде ғана тұрған екен. Кезегімді күту үшін біраз жыл керек деген ол халықтан көмек сұрайды. Тіпті арманым баспаналы болу деп көз жасын тоқтата алмады.


"Қол ұшын берсе деймін қайырымды жандар. Баратын жерім, басатын тауым жоқ. Қыс уақытысы қайда барарымызды да білмейміз бала-шағаммен. Бір бөлмелі үй болса деп отырмыз. Көмек сұраймыз. Жылы, мына жерден гөрі дұрыстау жер болса дейміз... Жетімін жылатпаған қазақпыз ғой, біреу болсын біреу көмектессе екен дейміз. Қайда барарымызды білмей жылап еңіреп отырмыз. Жан-жақтан көмек сұраймыз", - деді көз жасын тыя алмаған жалғызбасты ана.


Қиын жағдайға тап болған отбасыға көмек қолын созамын деушілер болса, мына байланыс нөмеріне хабарласуларына болады: +7 705 976 30 82