Талғат Ермегияев түрмеде өзіне жасалған "жайлы жағдай" үшін сот алдында сұралады


Экс-шенеунік Талғат Ермегияев түрмеде өзіне жасалған "жайлы жағдай" үшін сот алдында сұралады. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Оған қорғаншылық көрсеткен түзеу мекемесінің басшыларына қатысты сот отырысы бірнеше күннен бері өтіп жатыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.




№2 Байқоңыр аудандық сотында куәгерлер онлайн бейнеқоңырау арқылы түрме басшыларының былығын ашты.


Олар лауазымды тұлғалардың Ермегияевқа заңсыз кездесулерді қалай ұйымдастырғанын да айтып берді. Тіпті, оның жақындары мен таныстары түрмеге қалаған уақыттарында келіп-кететін,-дейді сотталушылар.


Айжан Күлбаева, №2 БАЙҚОҢЫР АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:


"Ермегияевпен кездесуге келетін азаматтарға қатысты айтатын болсақ, куәгер сіздің айтуыңызша, олар аптасына 2 рет тіпті одан жиі келетін. Кейде онымен кездесу үшін лауазымды азаматтар «Джип» маркалы автокөліктермен колониядағы цех алдына еркін кіргенін де байқадық. Ол көліктен бірнеше сөмкелерді де тасып жататын. Ол азаматтар Ермегияевқа келердің алдында Мұсаев цехта жұмыс істейтін барлық сотталушыны жұмыстан босатып, артық көз болмас үшін орындарына қайтарып жіберген. Бұл рас па?".


Еске салайық, бюджеттен бөлінген ірі сомадағы қаражатты жымқырды деген айыппен 2016 жылы "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейіннен оған жеңілдетілген жағдай жасап, қорғаншылық көрсеткен 166/10 түзету мекемесінің басшысы мен оның орынбасары ұсталып, қамауға алынған болатын.