​«7-20-25» бағдарламасымен 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болды​


ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасымен 2018 жылы ҚР Ұлттық Банкі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама тұрғындардың көпшілігіне бастапқы нарықтан 25 жыл мерзімге, тұрғын үй құнының 20% бастапқы жарнасымен, жылдық 7% мөлшерлемесімен тұрғын үй сатып алуға арналған.



Аталмыш бірегей бағдарламаның жүзеге асырылуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдауына назар аударған болатын.


- Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет. Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдарбұған қатыса алмай отыр, - деген еді мемлекет басшысы.


Ал 12 қараша күні Үкімет отырысында баяндама оқыған ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев «7-20-25» бағдарламасы арқылы 10 676 отбасы баспаналы болғанын мәлім етті.


- «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 7 қарашадағы жағдай бойынша 10 676 отбасы 122,8 млрд теңге сомаға қарыз алды, - дейді ҰБ төрағасы.


Оның атап өтуінше, экономиканың басым салаларын жеңілдікпен несие беру бағдарламасына 600 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаны іске асыру жалғасып жатыр.


- 1 қарашадағы жағдай бойынша банктерде 248 млрд теңгеге 393 жоба қаралуда. 142,3 млрд теңгеге 224 жоба мақұлданды. 55,5 млрд. теңгеге 147 қарыз берілді, - деді Е.Досаев.


Айта кеткен жөн, "7-20-25" бағдарламасына тұрғын үй алғысы келген кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін азаматтар жаңа үй салып жатқан құрылыс компаниясымен пәтердің бағасын келісіп, «7-20-25» бағдарламасымен несие беретін банктерге жүгіну қажет. Қарыз алушыдан заемды ұсынғаны және қызмет көрсетілгені үшін комиссия алынбайды. Сондай-ақ, кепіл мүлкін және қарыз алушының өмірін сақтандыру міндетті емес, сақтандыру қажет болған жағдайда барлық шығындарды несие берген банк көтереді. Бұған дейін әрекет етіп тұрған ипотекалық өнімдердің бірде-бірінде осындай несиелеу шарттары болған жоқ.