Бес рет әкім болған Сапарбаев: Билік резервінде кадр тапшы ма? | 2431



Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы жанжалдан кейін Ақорда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевты Жамбыл облысының әкімі етіп тағайындады. Бұған дейін төрт облысты басқарған 67 жастағы шенеуніктің жанжал шыққан аймақ басшылығына тағайындалуын Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "саяси жүйенің кемшілігі, резерв тапшылығы" деп бағалайды.




Қордай ауданында қазақ-дүнген жанжалы болған уақытта қызып тұрған әлеуметтік желідегі көңіл-күй Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысы әкімі болып тағайындалғанын екіұдай қабылдады. Бірі Сапарбаевты күрделі мәселені шешетін "дағдарысқа қарсы менеджер" деп бағаласа, екінші жағы "бұл – зейнет жасынан асқан Сапарбаевтан өзге облыс басқаруға лайықты кадр қалмағандығының белгісі" деп санайды.


"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім "Сапарбаевтың бесінші рет облыс әкімі қызметіне тағайындалуы – билік резервіндегі кадр тапшылығының көрінісі" деп санайды.


- Меніңше, тағы бір басты себебі – билікте бұрыннан келе жатқандар жаңа кадрларға орын бергісі келмейді, жайлы қызметті қимайды. Ол қызметтің жауаптылығы да шамалы. Қордайдағы оқиғадан кейін қызметінен кеткен Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов тағы бір үлкен қызметке баратынына күмән жоқ. Шенеуніктердің бір қызметтен екіншісіне ауыса беретініне көзіміз үйренді, - дейді ол.


Халықаралық құқық саласының маманы, заңгер Руслан Түсіпбековтің пайымдауынша, Сапарбаевтың бесінші рет облысқа әкім болып баруы – оның артықшылығы емес, бүгінгі саяси жүйенің кемшілігі.


- Сапарбаев қаншалықты іскер болса да, соңғы отыз жылда қалыптасқан саяси-әкімшілік жүйенің ескірген тетігі. Ол – осы саяси жүйеге бастан-аяқ қызмет еткендердің бірі. Басқару жүйесін жаңартылып, билік жаңа буынға өтуі керек, - дейді заңгер.


Сарапшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда құрған, 300 адамнан құралған президенттік кадр резервіне де назар аударды. Сарапшы Дос Көшім жастар арасынан президенттік кадр резервін іріктеп алып, әмбебап сарбазға айналдырудың тиімділігіне күмәнмен қарайды.


- Кадр белгілі бір деңгейде табиғи жолмен өсуі тиіс. Жұмысын көрсетсін, халықтың сынынан, тәжірибеден өтсін. Ал емтихан алып, әмбебап сарбаз секілді іріктеуді өз басым түсіне алмаймын. Онда президенттің резервіне ілікпеген жастар не істейді? – дейді ол.


Заңгер Руслан Түсіпбековтің пайымдауынша, президенттік резерв – популизмнің көрінісі.


- Бәлкім іріктелген жастар лайықты да шығар. Бірақ оларға билік жоғары қызмет беруге ешқандай кепілдік берген жоқ. Жоғары қызметке тағайындалу үшін элитамен байланыс болуы керек, - деді сарапшы.