​Еңбекақы, ағылшын тілі, ауыл мектебі: Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы саясаты қандай?



ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы саясаты – Елбасының білім беру саласындағы бастамаларының жалғасы болып табылады. Бірақ біршама айырмашылықтары бар. Егер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық білім беруді әлемдік стандартқа жеткізіп, орталық үлгілерді пайдалануды үндесе, Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл мен қаладағы білім беру стандарттарын теңестіру мәселесіне және заманауи білім беру мен еңбек нарығын тең ұстау қағидатына мән береді.



2012 жылғы Елбасының жолдауында білімді адам капиталын қалыптастырудың кілті ретінде қарап, бұл салаға ерекше дем берген болатын. Яғни, білім берудің жаңа сапасын қалыптастыруды, бірыңғай стандартталған бағдарламаларды, жаңартылған бағдарламаны енгізуді мәселе қылып көтерген еді.


Ал Тоқаевтың жолдауында ең алдымен, білім сапасын жақсартуға көңіл бөлінеді. Яғни, Қазақстанда 2012 жылы білім берудің жаңа сапасын қалыптастыру болса, 2019 жылы қалыптасқан білім беру сапасын арттыруды мақсат етіп қояды үкімет.


Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде алғаш рет Тамыз конференциясына қатысып, өте маңызды мәселелерді алға тартты. Президент ретінде мұғалімдердің конференциясына қатысу – мемлекет басшысының бұл салаға ерекше көңіл бөлетіндігін білдіреді.


Тамызда өткен конференцияда мемлекет басшысы білім берудің заманауи стратегиялық мақсатымен бірге оның әлеуметтік-қоғамдық мәселелеріне де тоқталып өтті. Яғни, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, ғылым саласын қаржыландыру, техникалық және кәсіби білім саласындағы қиындықтарды реттеу, ағылшын тілін 2-3-ші сыныптан бастап оқыту, білім мен кадр дайындау жағын қатар алып жүру сынды басты-басты мәселелерді көтере алды.

Әсіресе, бұл жиында мемлекет басшысы үштілді білім беруді қайта қарап, ағылшын тілін оқытуды жаңаша бастау мен мұғалімдердің еңбекақысын көтеру жайлы айтқан ойлар қоғамның көңілінен шыға білді.


– Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын, – деп жеткізген еді ұстанымын Президент мырза.


Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қай сала болмасын, сол саланың қиындығы мен проблемасын дәл таба алатындығын көрсетті. Яғни, қала және ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және тұрғылықты жері мен ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беру сынды мәселелерді дөп басып айта білді. Әрі білім саласындағы бұл мәселелерді шешу үшін, ең алдымен, мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін, содан кейін ғана қалған бағдарламаларды жүзеге асыруға қолайлы мүмкіндік пайда болатынын көре білді.


Осы мәселені мемлекет басшысы 2019 жылы 2 қыркүйекте жарық көрген жолдауында да сөз етті. Әсіресе, «біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ», «Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған» деп батыл тұжырым жасай білді.


- Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет, - деп бұл мәселені шешудің жолын сілтеді.


Жолдауда білім беру саласына қатысты көтерген тағы бір мәселе – бұл оқулықтағы қателіктер. Білім саласындағы мұндай мәселе қоғамда жиі айтылып жүргенімен, ресми органдарда айтылып отырғаны – бұл бірінші рет.


Мұны президент «өзекті мәселе» деп атады әрі оны шешу тікелей білім министрлігінің құзіретінде екендігін атап өтті.


Жоғарыда айтқандарымыздың барлығы орта және кәсіби білім беру жүйесінің мәселелері болса, мемлекет басшысының жолдауда көтеріп кеткен жоғары білім беру жүйесін қатысты мәселе – сапасыз жоғары оқу орындарының көбейіп кетуі. Жоғары білімді сапалы ету үшін бәсекеге қабілеті төмен ЖОО-ларды жабу. Ал ондай оқу орындарын анықтаудың индикаторы – түлектерінің жұмысқа орналасуы. Мемлекет басшысының ойынша, жоғары оқу орындарын түлектерін шынайы салаға дайындауға көшу арқылы еңбек нарығындағы кадр мәселесін шешуге болады.


- Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек, - деді жолдауда Тоқаев.


Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларынан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те бірнеше рет мәлімдеме жасады.


Соңғы мәлімдемелерінің бірі – жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысын көтеру болды.


- Достар, президент білім беру сапасын күшейту мен педагогтарға қолдау көрсету бойынша нақты міндеттер қойды. Осыған орай, мемлекеттік ЖОО-ның ректорларына оқытушылардың еңбекақысын 30-50 пайыз аралығында көбейтуге тапсырма беремін. Орындау мерзімі 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін, - деп жазды Аймағамбетов Facebook-те.


Одан бөлек, үкімет дайындап жатқан «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заңның бірқатар ерекшеліктерін атап өтті. Заңның өзі 19 баптан тұрады. Министр атап өткендей, мұғалімдердің еңбекақысы көп, мәртебесі жоғары, артық жұмысы жоқ.


- 2024 жылға қарай білім беру саласында істейтін 500 мың мұғалімнің жалақысы екі есеге дейін өседі, - деді министр мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында.


Бұдан бөлек, педагогтердің еңбекақысына қосылатын қосымша ақылар да бар. Яғни, дәптер тексеру мен сынып жетекшісі болуға берілетін қосымша ақылар екі есе өседі. Педагогикалық шеберлік үшін берілетін үстемақы тағы бар.


Асхат Аймағамбетовтің тілші ғалым Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиін қайта жаңарту туралы айтқан ойы қоғамның көңілінен шыққаны рас.


- Ұстаздар мен ата-аналар көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады. Жоспарымызға сәйкес, жаңа әліппе 2021 жылы 1-сынып оқушыларына беріледі, - деді Асхат Аймағамбетов.


Осыдан кейін Білім және ғылым министрі ағылшын тілінде 5-сыныптан бастап сабақ беру қай оқу жылынан басталатынын айтты.


- Мемлекет басшысы осы бағытта арнайы тапсырма берді. Ол тапсырмада оқушылар ағылшын тілін 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауымен 5-сыныптан бастап пән ретінде оқу керектігі көрсетілген. Бұл жерде көп нәрсе ата-аналардың қалауына байланысты. Биылға оны енгізу тым кеш. Келесі аптада оқу жылы басталады. Сол себепті оқу бағдарламасы әзірленіп, кемшілігі жойылған соң келер жылы енгізіледі, - деді Білім және ғылым министрі.


Ағылшын тілін оқытуға тоқталған министр 21 қазан күні өткен үкімет сағатында балабақша ағылшын тілін оқытылмайтын мәлімдеді.


- Мектеп дейінгі білім беру бағдарламасынан ағылшын тілін оқытуды алып тастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тәрбишілердің еңбекақысын көтеру ескерілген, - деді Аймағамбетов бұған қатысты.