​Елбасы және теңге: Қазақстан дамуындағы маңызды кезең


Келе жатқан қараша айының ұлт үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін алатын орны ерекше. Себебі, бұл айда, дәл осы айдың 15 күні еліміздің төл валютасы - теңге дүниеге келді және халық жаппай қолдана бастады.

1993 жылы Қазақстан кеңес рублінен толық бас тартып, 15 қарашадан бастап төл валютасын – теңгені айналымға жіберді. Сол күні Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен КСРО Мемлекеттік банкі мен Ресей банкінің қазынашылық және банктік билеттерінің айналымы тоқтатылды. Дәл осы күні қазақ халқы қолына төл теңгесін ұстап, тәуелсіз ел екенін сезінгендей болды. Таңертең сағат 8.00-ден бастап кешкі сағат 20.00-ге дейін ескі рубльді теңгеге айырбастаған елдің қуанышы көкке жетті.



Жалпы төл теңгенің дайындау жұмысы 1992 жылдан басталған. Сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк қазақ суретшілері Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер салып берген валюта теңгенің үлгісі етіп бекітті. Ал 1993 жылы қараша Ұлыбританияда басылып шыққан теңге өте құпия жолмен Қазақстанға жеткізді.


Бұл жайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай деп еске алған еді: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»...



Содан 1997 жылы 13 қараша ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 15 қараша «Ұлттық валюта күні» деп бекітілді. Осы күннен бастап қазақстандықтан теңге күнін атап өтуді еш қалдырған емес. Ал биыл 2019 жылы төл теңгеге 26 жыл толып отыр.


- 1993 жылдың соңына дейін Қазақстан рубль аймағында болды және тәуелсіз экономикалық саясат жүргізе алмады. Ресейдің ескі нұсқадағы қолма-қол ақшасының басқа елдерден жаппай біздің ел аумағына түсуі қазанның аяғында республиканың ақша жүйесінің бұзылуына, инфляцияға, «қазақстандық» және ресейлік рубльдің сатып алу қабілетінің күрт алшақтауына әкелді. Мұның бәрі біздің халықтың өмір сүру деңгейіне теріс әсер етті, - деп жазды Елбасы.


- Осы сәттен бастап Қазақстанның шынайы тәуелсіздігінің қалыптасуы мен ел дамуындағы маңызды кезең басталды. Мұндай оқиғалар әр елдің тарихында бір-ақ рет кездеседі, - деп жазды Тұңғыш президент.