Еліміздің қандай өңірлерінде азық-түліктердің бағасы ең көп өскендігі анықталды

Үкіметтің цифрлық кеңсесінде ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ. primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Өткен аптада өңірлер бойынша бағаның ең көп өсімі Қарағанды облысында - 0,4%-ға және 11 облыста - Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстікте Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында - 0,3%-ға тіркелді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, республикадағы ТЖҚҚ қоры шамамен 744 мың тоннаны құрайды, оның ішінде «айналым схемасы» бойынша қор - 108 мың тонна, тұрақтандыру қорларындағы - 25,6 мың тонна, 52,9 мың тоннаға форвардтық келісімшарттар жасалып, қол қойылды.

Министрлікке әкімдіктермен бірлесе отырып, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді олардың қажеттіліктерін ескере отырып, жедел ұйымдастыру мақсатында өндіріс пен тұтыну балансын тұрақты түрде, нақтылап отыру мықтап тапсырылды.

"Қазіргі таңда оңтүстік өңірлерде, көкөністер ерте пісіп жатыр. Көкөністерді жеткізу үшін келісім-шартқа отырып толығымен жеткізу жұмыстарын жүргізу қажет, сонда біз бағалардың өсу қарқынын байқай алатын боламыз. Бұл тапсырылған жұмыс бүгіннен қалмай жүргізілуі тиіс", - деді Әлихан Смайылов аймақтардың әкімдеріне.

Сонымен қатар премьер-министрі Сауда және интеграция министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, сауда үстемесін, әсіресе, оны көтерме сауда орындарында бақылауға ерекше назар аударуды, сондай-ақ "айналым схемасын" қаржыландыруды 100 пайыз нысаналы деңгейге дейін жеткізуді тапсырды.

"Инфляция халықтың әлеуметтік әл-ауқатының басты мәселесі екенін, оны күнделікті бақылауда ұстау керектігін айтты. Сондықтан әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарлары жағдайды қадағалап, қажетті шараларды қабылдауы қажет",- деп түйіндеді Әлихан Смайылов.