​Рухани жаңғыру: Әл-Фараби бабамыздың мерейтойы қалай тойланады?


Ендігі жылы Әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл толмақ. Соған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында "Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтетін боламыз" деген болатын.



Аталмыш ұсыныстың орындалу барысына тоқталған мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев ұлы бабамыздың мерейтойын атап өту 2020 жылдың қаңтарынан басталатынын атап өткен еді. Мерекелік іс-шаралар елдің түкпір-түкпірінде өтеді.


- Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын бастаудың ресми рәсімі 2020 жылдың 10 қаңтары. Ол күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Әл-Фараби» орталығының халықаралық тұсаукесері өткізіледі, - деді Қырымбек Көшербаев Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында.


Қазіргі уақытта мерейтойды атап өтудің республикалық жоспары дайын тұр. Мұнда халықтың барлық буынын қамтитын 50-ден астам іс-шараның жоспары бекітілген. Көбі - мәден-бұқаралық іс-шаралар.


- Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту арқылы Ұлы даланың – қазақ жерінің күллі түркі дүниесінің киелі бесігі мен көне мекені, өркениеттің салтанат құрған жері екенін әлемге танытар едік. Сол арқылы Тәуелсіз елімізді, халқымызды насихаттаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Әл-Фараби мерейтойын негізінен ғылыми, зияткерлік бағытта атап өтіп, жыл бойында халықаралық, республикалық және өңірлік ауқымда тақырыптық арнайы жобалар, ғылыми-ағартушылық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілуі тиіс. Олардың интеллектуалдық деңгейіне ерекше назар бөлінеді, - деді ол.


Келесі жылы қолға алынғалы отырған тағы бір бастама – алғаш рет «Әл-Фараби» мен «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтарды тағайындап табыстау. Келесі жылы елордадан Әл-Фараби бабамызға үлкен көше беріліп, бойына зәулім ескерткіш тұрғызылады.


Сондай-ақ, Әл-Фараби бабамыздың мерейтойын шетелде атап өту де көзделіп отыр. ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Дамаскіде салынған Фараби орталығы ашылмақ. Естеріңізге сала кетсек, ұлы бабамыздың денесі бұрынғы Шам, қазіргі Дамаскі қаласында жерленген. Ал Қазақстанның Сириядағы елшілігі сол күні халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, Әл-Фараби еңбектерін әлемге таныстырмақ.


- 2020-2021 жылдары ЮНЕСКО қатысумен атап өтілетін атаулы мерейтой күндерінің тізбесіне Әл-Фарабидің мерейтойын енгізу жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл жөніндегі шешім осы 12-27 қараша аралығында өтетін ЮНЕСКО бас конференциясында қабылданады деп күтілуде, - дейді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.