«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»: ҚазҰУ жастары бағдарлама туралы қандай пікірде?


Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаның толық нұсқасынан бұл жолғы жобада екі негізгі бөлім мен алты тараудың қамтылғанын аңғаруға болады.



«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін»,- деп Елбасы бұл бағдарламасында қорытынды сөзін айтқан еді. Осыған орай Қазақ Ұлттық университетінің жастары бұл бағдарлама туралы не ойлайды екен, жалпы жастардың Елбасының ұсынған бағдарламасына деген көзқарастарын білу мақсатында сауалнама жүргізген болатынбыз. Сауалнама нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қалай түсінесіздер? Елбасы ұсынған идеяны қаншалықты қолдайсыздар?


Бекзатсаттархан Құрманәлі: Руxани жаңғыру бағдарламасы қазіргі таңда Қазақстанға, қазақ еліне өте тиімді, керек бағдарлама. Себебі қазіргі қоғамда нағыз қазаққа тән қасиеттер азайып барады. Соның бірі - ер жігіттердің шаш бояп, сырға тағуы, қаракөз қыздарымыздың етегін ашып, ұяттан безуі. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Бірақ қынабынан қылышын суырып, елім деп еңіреген ұлдардың ұрпақтары мұндай болуы тиіс емес. Ар-ұятын, салт-дәстүрін, қазақи мәдениетін сақтап келген, отбасының ұйытқысы бола білген, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ақжаулық аналарымыздан туған ұрпақ шетелге еліктеушілікпен бұзылуға тиіс емес! Руxани жаңғыру бағдарламасының ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм бөлімдері дәл осы болашақта ұлтымыздың майдаланып кету қаупін шешуге арналған. Қазіргі қазақ қоғамына расымен де руxани жаңғыру аса керек. Тілімізді жоғалтсақ, ділімізді жоғалтсақ, бәрін де жоғалтамыз!


Алмат Зейнолла: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, онда көрсетілген бағыттардың еліміздің салмақты дамуына өз үлесін қосары анық. Мақалада келтірілген тапсырмалар расымен де жүзеге асса, еліміз дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосыла алады. Бағдарламаны толықтай қолдаймын.


Нұрсұлтан Жексенбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген екі бағыт-бағдар бойынша, яғни Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы туралы ой қозғалғаны белгілі. Нақты жеті бағыттың көрсетілгенін мен айтпасам да білесіздер. Мақалада ұлттың жаңғыруы мәселесі көтерілген. Бұл бірден жүзеге асатын шаруа емес. Ақырын ғана дамитыны, қолға алынатыны сөзсіз. Негізі бұл бағдарламаның негізгі мақсаты: дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Бұл бағдарламаны қос қолдап қолдаймын. Себебі ұлттың дамуы мен жаңғыруы әрбір кезде өзекті тақырып болуы тиіс.


Дулатбек Кенжебек: Бұл мақала Елбасының «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты негізбен шыққан көлемді еңбек. Мақаланың алғышартында өзіміздің көнерген, ескірген немесе ұмытылуға сәл қалған салт-дәстүрімізді, аспаптарымызды, жалпы қазақи құндылықтарымызды жаңғырту, соларды жөндеп және жаңарту негізге алынған. Қазіргі таңда қай салада болмасын, бағдарлама аясында әртүрлі шаралар өткізіліп, Елбасының бағдарламасы дәріптеліп жатыр.


Зейін Шанжархан: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы - Қазақстанда қабылданған бағдарламалардың ішіндегі идея жағынан ең озығы. Алайда оның жұмыс жасау механизмінде кемшіліктер мен көлеңкелі тұстар бар екенін көріп жүрміз. Бағдарламада айтылған идеяларды толықтай шынайы орындалу жағынан алып қарайтын болсақ, яғни орындалды деп қарастырсақ, бұл сөзсіз керемет бағдарлама болмақ. Ал бүгінгі күнгідей бір жерге барып ескерткіш орнату, бір жерде музей ашу, менің ойымша, рухани жаңғыру емес. Былайша айтқанда көзге көрер көріністерде ғана жасалып жатқан нәрселер бар. Алайда адамдардың санасында рухани жаңғыру бағдарламасы қабылданғанымен, негізгі идеясы барлық адамға бірдей орныққан жоқ.


Қуантай Жолдасбеков: Рухани жаңғыру бағдарламасы өткеніміз бен ұмытқан құндылықтарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, бүгінгі заман талабына сай қайта түлету мақсатында жүзеге асырылуы тиіс жоба болатын. 2 жылдан астам уақыт ішінде біраз жұмыстар жасалды, бірақ ауыз толтырып айтарлықтай емес секілді. Енді алдағы уақытта бұл олқылықтардың орны толтырылады деген үміттеміз. Жеке басым бұл мемлекеттік бағдарламаның бергенінен берері көп деп сенемін.


Мөлдір Әбиева: Рухани жаңғыру дегеніміз адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімінің жаңа өзгерістерді қабылдай білуі. Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жасалған барлық шараларды қолдай отыра, бағдарламаның өзекті мәселелерді қозғай алғанын айтқым келеді. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамын. Тарих сахнасына көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне осы рухани жаңғыру дәлел бола алады. Көне замандағы көрікті қалаларымыз, ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымыз бұлтартпас айғақ десек те қателескенім емес.


Назархан Уан: Жалпы рухани жаңғыру дұрыс бағдарлама. Себебі бағдарламада қазіргі кездегі көп мәселелердің шешімі ашық көрсетілген. Мысалы тарихымыздағы керек емес нәрселерді қалдырып, тек керегін өз қажетімізге қолдану. Дәстүріміз бен салтымыздағы қажет емес дүниелерді ұмытуымыз керек. Өйткені өткеннің шаңында қалып қалмауымыз дұрысырақ секілді. Сананы жаңғырту дейді. Бізге керегі саналы ұрпақ. Білім мен тәрбиені бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелей отырып, алға нық қадам басу. Ұрпақ тәрбиесін бірінші болып дұрыстау керек.


Әзімбек Қойлыбай: Менің ойымша, рухани жаңғыру халыққа тәуелсіздік алғаннан бері қажетті дүние болды. Бірақ уақыт одан бұрын өзге құндылықтарды алға тартты.Экономикалық дағдарыстан шығу, халық әлеуітін арттыру маңыздырақ саналды. Бірақ есімізді жиып, ел тани бастаған соң, біршама уақытқа ысырылып қалғаны да өтірік емес. Халық зиялылары, оқығандары, көпшілік бұларды жалпылама қабылдап, баса назар аудармағаннан да кеш қалдық. Ал қолында билігі бар азамат, халыққа кеңінен таратып, саясат жүргізе алған соң бұл мәселені көтеруі серпін болып көрінді. Дегенмен ендігі осы бағдарлама негізінде елге көрінерліктей істер атқарылса бұл жобаның іске асқаны, аяқсыз қалмағаны. Өзіміз білсек тағы белгілі әрекетке көшпей жүруімізден ұлттық құндылықтарды өшіріп алмасақ та, ізін жоғалтып алғандай едік. Алдағы уақытта жоғары деңгейде жүзеге асса, бұл еске салу мен іске көшу боп саналмақ.


Айгерім Аблакимова: Рухани жаңғырудың Елбасының бастамасы екені барлығымызға белгілі. Рухани жаңғыру ұсынылған жеті критерий бойынша еліміздің дамуына толықтай үлесін қосатын бағдарламалардың бірі. Мысалы бәсекеге қабілет деген тарауының өзінде көптеген ақпарат берілген. Жалпы бағдарлама қарапайым сөздермен, бірақ терең мағынамен жазылған. Журналист ретінде айтарым, бағдарлама ақылды түрде ұсынылған.


Думан Тоқтар: Рухани жаңғыру дегеніміз қазақ елінің, жалпы қазақтың болмысының жаңаруы, қайта жаңғыртылуы. Сан ғасыр бойы өзінің рухы, ұстанымы бар қазақ елінің аз уақыттың ішінде жоғалтып алған тұстарын қайта еске түсіруі секілді. Рухты жаңарту, қайта қалпына келтіру негізінде бұл жобаны Елбасы ұсынған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақаласында азды-көпті мәселелерді қозғайды. Бағдарламаны қолдаймын. Жүзеге асырылуын сырттай бақылап та жүрмін.


Жастардың айтқан пікірлерінен Елбасы ұсынған бағдарламаның олардың көңілінен толықтай шыққанын байқауға болады. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасының идеясын толықтай түсінуімен қатар, Елбасының өздеріне артып отырған үміті мен сенімін де сезетін секілді. Мағжан Жұмабаев айтқандай, «біз де жастарға сенеміз».