Пандемия деген не және коронавирус қаншалықты қауіпті?


Германиядан келген екі қазақстандықтың COVID-19 коронавирусын жұқтырғаны анықталды. Екеуі де Алматыдағы ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы наурыздың 13-і күні денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады. Елде вирустан сақтану үшін көпшілік шара өткізуге тыйым салынды. Наурыздың 16-сынан бастап мектеп оқушылары жиырма күндік демалысқа шығып, жоғары оқу орындары онлайн оқуға көшеді.




Наурыздың 13-і күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Германиядан келген екі қазақстандықтың (бір әйел, бір ер адам) коронавирус жұқтырғаны анықталып, екеуі де ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді.


- Олар Алматыдағы жұқпалы ауру ауруханасына жатқызылды. Клиникалық белгілері жоқ, халі жақсы. Қажетті шаралардың барлығы қабылданып жатыр, - деді Елжан Біртанов.


Үш ай бұрын Қытайда тарай бастаған COVID-19 коронавирусын қазір әлем бойынша 120-ға жуық елде 129 мыңға тарта адам жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 5 мыңға таяды. 68 мыңнан астам науқас аурудан айыққан. Қытайдан бөлек бұл дерттен Италия, Иран, Оңтүстік Корея, Франция, Испания, Германия, Нидерланд, Дания мен АҚШ сынды елдер зардап шегіп жатыр. Наурыздың 11-і күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл коронавирусты пандемия деп жариялады.


Тілші коронавирустың жаңа түрі жайлы, бұған дейін Қазақстанға төнген эпидемиялар қаупі мен COVID-19 пандемиясының қалай анықталатыны туралы Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы Айдын Қыдырмановпен сұхбаттасты.


Тілші: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп таныды. Бұл нені білдіреді?


Айдын Қыдырманов: Эпидемия деген – аурудың халық арасына тарауы. Ал пандемия дерттің дүние жүзіне таралуын білдіреді. Айырмашылығы – сол. "Пан" деген сөз "жалпыға таралу" деген мағына береді.


Тілші: Бірер күн бұрын Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин "Болжам бойынша, 11-16 наурыз аралығында елде коронавирус тіркелуі мүмкін" деп мәлімдеген еді. Вирустың келу-келмеуін болжауға бола ма?


Айдын Қыдырманов: Бұл жерде коронавирус болсын, басқа вирус болсын – болжам жасағанда сүйенетін эпидемиологиялық алгоритмдер болады. Статистикалық тәсілдер бар. Деректер жиынтығын есептеп, дүние жүзіндегі жағдайды ескеріп, әр вирустың таралу жылдамдығына, ерекшелігіне байланысты болжам айтылады. Қазір оны адам емес, компьютер жасайды. [Бекшиннің сөзі] – схемалармен, әдістермен статистикалық анализ жасап, соның негізінде қорытындылай жасалған болжам. Өздерінің де таратуы, түсіндіруі солай ғой. Ол – көріпкелдік емес.


Тілші: Індет Қазақстанмен шекаралас Қытайдан басталып, қазір бізге таяу жатқан біраз елге тарады. Соңғы кезге дейін Қазақстанға келмеуіне не себеп?


Айдын Қыдырманов: Қазақстан ғана емес, Орталық Азияның ешбір елінде тіркелген жоқ. Мысалы, Қырғызстанда жоқ. Өзбекстанда тіркелмеген. Тәжікстанда жоқ дегендей. Билік өкілдерінің "COVID-19 вирусы жоқ" деп келгені жасырып отырғаны емес. Бұған дейін ауру белгісі бар науқас тіркелмеген. Тіркелмей, дәрігерге келмей, ауырып, артынан айығып кеткендер бар ма – белгісіз. Сырқаттанған адамдар дәрігерге қаралмаған болуы ықтимал. "Тұмаумын" деп ойлауы да мүмкін. Жазылып та кетеді ғой.


Тілші: COVID-19 несімен қауіпті?


Айдын Қыдырманов: Ол маусымдық тұмауға ұқсас. Тек айырмашылығы – өлім-жітім деңгейі одан 2-2,5 есе жоғары. Вирус мутацияға ұшырайды. Бұларды РНҚ-сы (Рибонуклеин қышқылы – ред.) бар вирустар дейді. Олар мутацияға жиі ұшырағандықтан бұған вакцинаны уақытында дайындап үлгере алмайды. Вакцина дайындау 1,5-3 жыл уақыт алады. Қазір мына үлгісіне дайындап қойса, ол мутацияға ұшырайды да, вакцина вирустың жаңа штамына қарсы қолдануға жарамсыз болып қалады. Бұл вирустың егде, иммунитеті әлсіз адамдарға зардабы көбірек.


Тілші: Адамның COVID-19 вирусын жұқтырған-жұқтырмағаны қалай анықталады? Қазақстанда арнайы құрылғылар бар ма?


Айдын Қыдырманов: Вирусты жұқтырған болуы мүмкін деген күдік тудырған адамнан нуклеин қышқылы алынады. Онда коронавирустың РНҚ-сы бар-жоғын тексереді. Бар болып шықса – жұқтырғаны. Қазақстанда мұндай праймерлермен – диагностикалық жиынтықпен жабдықталған орталық бар. Мемлекет өзі сертификатталған бір жерді анықтаған. Жалпы оның технологиясында қиын ештеңе жоқ. Арнайы жасайтын аппараттар вирусология орталықтарының біразында бар.


Тілші: Коронавирустар деген не өзі? Ол қалай тарайды?


Айдын Қыдырманов: Әлемде адамдар арасында тарайтын жұқпалы аурулардың 80 пайызын вирустар тудырады. Қалған 10-20 пайызы бактериялық аурулардан пайда болады. Мысалы, қарасан, бруцеллез, туберкулез сияқты аурулар бар. Ал тұмау, СПИД, гепатит дегеннің бәрі – вирустық аурулар. Бірақ тұқымдастық сипаты әр түрлі. Әрқайсысының клиникалық белгісі түрліше өтеді. Аурудың өршуі де, жылдамдығы да басқаша. Зақымдайтын жерлері де – тыныс жолдары, асқазан, ішек жолдары, бауыр сияқты алуан түрлі болып келеді. Вирустар өз ішінде де бөлінеді. Зиян келтіретіні, организмде бұйығып тыныш жататыны, зияны азы бар – өзара жіктеледі.


Ал коронавирустың табиғатта кең тарағаны вирусология дамығалы бері белгілі. Жануарлар арасында, құстарда да жиі кездеседі, адамда да болады. Адамдар жалпақ тілде "ОРВИ" (Жедел респираторлық вирустық аурулар – ред.) деп жүр ғой. Емханада диагноз қойғанда тұмау не ОРВИ дейді. Негізі көп адамға жиі қойылатын диагноздардың бірі. Соның ішіне коронавирустар да кіреді. Бірақ жұрт шатаспауы керек. Бұл COVID-19 емес. Адам арасында коронавирустың екі түрі бар. Жұғып, тарап жүре береді. Ауру жеңіл түрде өтіп кетеді. Тұмау сияқты көрінеді. Коронавирустар ит-мысықта, сиырда да кездеседі. Жалпы, бұл вирустар кең тараған.


Тілші: Бұл вирустар қашаннан бастап жіті зерттеле басталды?


Айдын Қыдырманов: 2000 жылдардан кейін әлемде коронавирусқа жіті назар сала бастады. Бұрын да белгілі болған. Бірақ 2002-2003 жылдары SARS деген вирус шықты. Атипиялық пневмония. Содан бастап медицинада, вирусологияда соған назар аударды. Өйткені бұл вирус табиғаттағы көздерінен тікелей адамға жұққан оқиғалар тіркелді. SARS-пен ауырғандар ішінде өлім-жітім көп болды. Науқастың 10 пайызға жуығы қаза болды. Ауруды дер кезінде тоқтатты, бірақ сол сәтте 8 мыңнан аса адам ауырып, соның 700-ден астамы көз жұмған. Екінші шыққаны да осы коронавирустар тұқымдастығынан тарады. 2012 жылы Сауд Арабиясында MERS дейтін түрі тарай бастады. Ауру түйелерден жұқты. Түйелерден кейін антиденелер (адам мен жануар организміне енген бөгде ірі молекулалы протеиндік заттарға қарсы иммундық реакциялар нәтижесінде түзіліп, олардың зиянды әсерін жоятын заттар – ред.) табылды. Түйелер ауырса да белгілері жоқ. MERS эпидемиясынан науқастардың 40 пайызға жуығы қаза болды. Біраз елге тарады. Онымен ауырғандар саны 2 мыңнан асты. Әлі күнге дейін адамдардан да, түйелерден де оқта-текте анықталып жатады.


Тілші: Бұған дейін Қазақстанға пандемия қаупі төніп пе еді?


Айдын Қыдырманов: 2009 жылы Н1N1 деген Доңыз тұмауының пандемиясы болды. Ол Мексикада шығып, Америкаға тарады. Сосын Қазақстанға да келді. Қазір маусымдық тұмау сияқты жүреді. Ол да жануарлар арасында шыққан. Құс, шошқа және адам тұмауы вирустарының үйлесуімен осы – доңыз тұмауы шықты. Ол пандемия кезінде де осындай шу болды, бірақ оған да үйреніп кеттік.


Дереккөз: Азаттық радиосы