Президент және саясат: Тоқаев азаматтардың өтінішін қаншалықты қанағаттандыра алады?


Елдің жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен кезде қолға алған мәселелерінің бірі – бұл халықтың құқықтық және заңнамалық сауаттылығын арттыру, халықпен кері байланыс орнату болды. Бұл бастама – экс-президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан басталған үрдіс. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекшелігі – президент әкімшілігін түгелдей халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға қарай бағыттауында болып отыр.


Мемлекет басшысы 2019 жылдың 2 қыркүйек күні жолдаған Жолдауында үкіметтің алдына халықпен тиімді кері байланысты орнату мәселесін қойды.


- Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды, - деп тоқталып өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.


Мемлекет басшысының мұндай қадамға баруына – мемлекеттік органдардың халыққа қызмет етуге құлықсыздығы мен құжатбастылығы себеп болған. Оны жолдауда да атап өтеді.


- Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады, - дейді президент .


Кейде мемлекеттің ішіндегі мәселелерді мемлекеттік органдардың өзі шеше алмай, тығырыққа тіреліп жатады. Содан болса керек, кейбір азаматтар көмекті мемлекеттік органдардан емес, президенттің өзінен сұрауға мәжбүр. Сондықтан басына қиындық түскен азаматтар президентке үміт артып, сол мәселені шешуге қолғабыс тигізуін өтінеді.


Мұндай жағдай президенттікте отырғанына алты ай ғана болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басында болды. Оған азаматтар бірнеше рет көмек сұрап хат жазып, үндеу тастады. Солардың бірі – Алматы қаласындағы №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың әріптестерінің мемлекет басшысына жүгінуі еді. АҚШ-та мемлекеттік сапарда, БҰҰ Бас Ассамблеясының отырыстарына қатысып жүрген жерінен дәрігерлердің үндеуіне құлақ түріп, араша түсті. Бұл – халықпен, азаматтармен жұмыс жасаудың жарқын үлгісі еді.


- Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн, - деп атап өтеді мемлекет басшысы жолдауында.


Президенттің бала құқығы жөніндегі арнайы өкілі Аружан Саин да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш білдіріп, мемлекеттік органдардың халықпен байланысу қызметін жетілдіруді сұраған еді.


- Мемлекеттік органдардың қарапайым халықпен байланысын негіздеу қажет. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің елдің алдында міндеті бар екенін түсіндіріп, адамгершілікпен, ар-ұятымен қызмет еткені жөн, - деп ұсыныс тастаған еді Аружан Саин мемлекет басшысы есеп беру кезінде.


Президент әкімшілігінің халықпен байланыс орнату, олардың үні мен қалауын, ұсынысын тыңдауға бет бұра бастағанын қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев былай деп түсіндіреді:


- Азаматтардың өтінішін қарау мемлекеттік органдардың маңызды міндеті екенін ұғынғанымыз жөн. Бұрын Президент әкімшілігі азаматтардың хаттары мен өтініштерін, кейде өздерін қабылдайтын арнайы бөлімдері мен қызметі болған. Алайда кейін ол мемлекеттік аппараттың ішкі бөлімшелеріне беріліп, жоқ болып кетті. Сонда да президенттің және мемлекеттік органдардың азаматтарды қабылдау қызметін жолға қойып, дамыту керектігі бәріне түсінікті еді. Аймақтағы қоғамдық қабылдау бөлімдерін біріктіріп, орталықтандырып, азаматтардың өтініші мен ұсыныстарын қарайтын, бір терезе қағидаты бойынша қызмет ететін орталықты құру күн тәртібінде болды. Мұндай орталық келіп түскен өтініштері құзіретті органдарға жіберіп, жауап алу процесін жеделдетеді. Тиімді, шұғыл жұмыс жасайтын мұндай орталықтардың Қазақстанға керек екені бесенеден белгілі еді, - дейді саясаттанушы.


Осындай тенденцияны түсінудің арқасында мемлекеттік органдар азаматтарды қабылдау жұмысын жолға қоя бастады. Мәселен, қазір «NurOtan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімдері әр ауданда, әр облыста бар. Сол сияқты президент әкімшілігі де, орталық және жергілікті мемлекеттік органдары да қоғамдық қабылдау бөлімдерін ұйымдастыра бастады.


- Қазір үкімет Халыққа қызмет көрсету орталықтарын да жетілдіруге көшті. Оған мемлекеттік органдардың құзіретіне жататын кейбір қызмет түрлерін беру арқылы халыққа бір терезе қағидаты бойынша жұмыс жасайтын үлкен орталыққа айналдыра бастады. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызмет түрлерінің басым бөлігі – мемлекеттік органдардың қызметі. Яғни, заңнаманы түсіндіру, заңнамалық кеңес беру сынды қызметтер пайда болды. Тіпті, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында болған сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректерді де ХҚКО-на келіп тапсыруға мүмкіндік туды, - дейді Данияр Әшімбаев.


Жақында, 22 қазан күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары өкілдерін жинап, бірнеше тапсырма берді. Олардың арасында халыққа ұлттық заңнамаларды түсіндіру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстарын жандандыру сынды тапсырмалар берілген.


Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы қазақстандықтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында еліміздегі құқықтық тәртіп пен заңдылықты күшейтудің айрықша маңыздылығын атап өткен.


Одан бөлек, Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу кезінде де халыққа заңнамалық мәселелерді түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері көтеріледі. Бұған дейін саясаттанушы Айдос Сарым Қоғамды кеңес отырысында митинг жайлы заңды өзгертуді ұсынса, жақанда ғана мемлекет басшымен кездесуге келген танымал заңгер, адвокат Айман Омарова азаматтардың құқығын қорғау және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселесін көтеріп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 130-бабының қылмыстық мазмұнын өзгерту және 174-бабына түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасаған.


Ал Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановпен кездесу кезінде де сот мекемелерінің халықпен жұмысын күшейтіп, оған деген сенімді арттыруға мән беру қажеттігін қадап айтқан.


- Мемлекет басшысы халықтың сот жұмысына деген сенімін арттыру, азаматтардың өтініш-шағымдарын әділ қарау, шығарылатын сот шешімдерінің сапасын жақсарту қажеттігін айтты, - деп хабарлайды Ақорда.

Другие новости