​Рухани жаңғыру: Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі жарық көрді


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық аударма бюросының үйлестіруімен «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» мен Оксфорд сөздіктері («Әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Экономика сөздігі») жарыққа шыққан еді. Сөздікті шығаруға сала мамандары мен беделді ғалымдар, тіл мамандары атсалысты.



«Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігін» құрастырушы топқа жетекшілік еткен, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, аталмыш сөздікті құрастыру жұмыстары 2018 жылдан басталған. Бұл сөздікке қазақ тіліне енген 9 мыңға жуық сөздің мағынасы түсіндірілген.


- Сөздікте 9 мыңға жуық, дәлірек айтқанда 8 985 сөз қамтылды. Көлемі – 596 бет, 37-ден астам баспа табақ.Таралымы – 10 000 дана.Бастапқы жинақталған түсіндірме анықтамаларды түгел қамтығанда еңбек бұдан да көлемді болар еді. Шет тілдерінен енген ондай терминдер түрлі ғылым салаларында жүздеп, мыңдап саналады. Терминдердің терминологиялық сөздіктерде берілгені орынды. Біз солардың арасынан көпшілікке мейлінше таныс, жалпы тілде жиі қолданылатын, тіл тұтынушылары тарапынан көп ізделетін атауларды барынша қамтуды көздедік, - дейді Шерубай Құрманбайұлы.


Сөздікте өзге тілдерден енген сөздер қамтылып, олардың мағынасы түсіндіріліп, шығу тегі көрсетілетіндіктен, оған жетекшілік етуге, құрастыруға шет тілдерінің мамандары көбірек тартылды.Мәселен,Бағлан Мизамхан Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті Аударма және филология факультетінің деканы, Қазақстан аудармашылары қауымдастығының президенті, филология ғылымының кандидаты, көптеген еңбектерді аударған тәжірибелі маман.


Сөздіктегі сөздердің басым бөлігін араб, парсы, ағылшын, грек, латын, француз, неміс, испан тілдерінен енген сөздер құрайды. Португал, орыс, моңғол, түрік тілдерінен енген сөздер олармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондай-ақ, әзербайжан, бретон, венгер, жапон, идиш, исланд, кельт, қытай, малай, нанай, нидерланд (голланд), норвег, поляк, румын, тибет, украин, хинди, чех, швед, шотланд тілдерінен енген сөздер де бар.


- Жалпы бірнеше тілдің мамандары біріге отырып жасаған біздің ұжымдық еңбегіміз көпшілік қауымның қажетіне жарайтын, практикалық құндылығы бар сөздік болады деген үміттеміз, - дейді ғалым.

Другие новости