Журналист: "Дариға Назарбаева отставкаға кетуі тиіс"


Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесінің қандай саяси астары бар? Оның артында кімдер тұр? Осы және өзге де маңызды сауалдарды белгілі журналист Гүлжан Ерғалиеваға "Жас Алаш" қойды.




Осы күндері елімізде ең көп талқыланып отырған мәселе Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі болды. Оның атасы Нұрсұлтан Назарбаев пен шешесі Дариғаға қатысты айтқан сөздерінің рас-өтірігін анықтау аса маңызды емес болар. Бастысы, бұл мәлімдеменің шығу төркінінде болып тұр. Айсұлтанға осындай мәлімдеме жасауға не түрткі болды деп санайсыз? Оны бұған итермелеген топтар болуы мүмкін бе?


Айсұлтан Назарбаев күтпеген мәлімдеме жасады. Оның бұл мәлімдемесі қоғамдық талқылау тудырды. Тәуелсіз ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл отбасылық құпия болса да, оның салдары мүлде басқа ойларға жетелейді. Бірақ Айсұлтан Назарбаев мұндай ашық демаршы алғаш рет болып тұрған жоқ. Ол осыдан бір жыл бұрын мемлекеттік саясатқа араласуға талпыныс жасап, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңайындағы үзеңгілестеріне қарсы мәлімдемелер жасаған. Сол себепті бұл жерде қалай десек те, саяси астар бар. «Президенттің жиені аяқастынан отбасылық құпияларды жайып салды» деп санау жеткіліксіз. Бұның артында отбасылық құпиялар ғана емес, саяси шешімдер де тұр. Мұндай оқиғалар қоғамның қызығушылығын туғызады. Себебі Дариға Назарбаева – жай ана немесе жеке тұлға ғана емес, ол сенат спикері, биліктегі екінші адам.



Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесіне басқа жағынан қарау керек. Кім кімнен туды, кім кімнің ұлы? Бұл әркімнің жеке шаруасы. Оған акцент қоюдың қажеті жоқ. Өмірде не болмайды? Бірақ осы мәлімдемелердің арасында басқа жаңалықтар мен ақпараттар белгілі болды. Бұл жерде мені осы елдің азаматы ретінде толғандырғаны – Айсұлтан Назарбаевтың «анам Дариға Назарбаева мен отставкадағы ҰҚК генералы Әлнұр Мұсаев менің әкем Рахат Әлиевті өлтірді» деген мәлімдемесі. Бұған қоғам ғана емес, құқық қорғау органдары да назар аударуы керек. Бұл жай көшеде жүрген біреудің сөзі емес. Оның олармен қаны бір, жақын адамдары. Өте құнды куәгер. Ол бала емес, кәмелеттік жасқа толған, өзінің сөзі үшін заң алдында жауап бере алатын азамат. Сол себепті, менің ойымша, қоғам мен құқық қорғау органдары бірінші кезекте осыған назар аударуы керек еді.


Мені толғандырған екінші мәселе – Айсұлтан Назарбаевтың «анам Дариға Нұрсұлтан Назарбаевты бақылауда ұстап, манипуляция жасады» деген сөзі. Назарбаев 28 жыл мемлекетті басқарды және шексіз билікке ие болды. Яғни оның қызы Дариға Назарбаева бірінші президентке ықпалын жүргізу арқылы маңызды мемлекеттік шешімдерге әсер етуі мүмкін. Бізді адам және қоғам ретінде осы дүние толғандыруы керек. Үшіншіден, Айсұлтан Назарбаев туған анасын өзіне қастандық жасап, өлтіргісі келетіндігін айтып айыптады. Егер біз шын мәнінде құқықтық мемлекет, заң алдында барлығымыз тең болсақ, онда осы үш мәселеге назар аударып, тым болмағанда парламенттік комиссия құрып, Дариға Назарбаева сол жерде сұрақтарға жауап беруі керек еді. Біз «әкесі ме, әкесі емес пе?» дегенді талқыламай, осы дүниелерге назар аударуымыз қажет болатын. Бұл – шындап келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.



Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесінің артында белгілі бір топтар тұруы мүмкін бе?


Айтқанымдай, Айсұлтан Назарбаев бұған дейін де биліктегі бірнеше адамды айыптап, «халық жауы» дегенге дейін барған. Оны сол кезде саясатқа араластырды. «Мұның артында біреулер тұр» деп, мен сол кезде де айтқанмын. Қазір ол «анам барлығына манипуляция жасады» десе, болжам жасау қиын емес. Онда ол сол уақытта «анасының ойынын ойнады». Ол жаңағы адамдарға қысым жасаудың «құралына» айналды. Бұл жолы да ол саяси кланаралық тартыста «біреудің қолындағы сілтеген шоқпары болды» дегенге келісемін. Мұның артында нақты кім тұрғанын айту қиын.


Қазір Дариға Назарбаеваның Рахат Әлиевтің заманынан қалған жаулары өте көп. Олар журналистер мен оппозиция өкілдері ғана емес. Оның ішінде Назарбаевтың маңайында жүрген, мемлекеттік істерге қатысы бар адамдар болуы да мүмкін. Сол себепті «Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесін біреу арнайы ұйымдастырды» дегенді жоққа шығаруға болмайды. Бұл қауіпті болса да, 100 пайыздық нәтижеге бағытталған демарш. Ол жерде болжамдар емес, салмақты айыптаулар айтылды. Әрине, бұл бірінші кезекте Назарбаев отбасына, мемлекетке жасалған үлкен соққы. Қазір билік ішіндегі күштермен қатар, сырттағы күштер де белсенді бола бастады. Әрқайсысының мақсаты мен мүддесі бар. Олар Айсұлтан Назарбаевтың демаршын ұйымдастырмаса да, одан үлкен саяси дивиденд алғандары анық.



Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәлімдемеге қатысты бір ауыз сөз айтқан жоқ. Дариға журналистің сұрағына жауап бермей, өтіп кетті. Олардың ешқандай реакция білдірмеуінің себебі не?


Осыған дейін болған Жаңаөзен оқиғасы, саяси тұлғаларға жасалған қастандықтар болсын биліктің халық алдында есеп берген кезі болды ма?! Қашан осындай оқиғаларға уақытында тәуелсіз, әділ зерттеулер жүргізілді?! Билік бізді «мұны сендерге толықтай білудің қажеті жоқ» дегенге үйретті. Бұндай қылмыстар соңына дейін еш уақытта ашылған жоқ. Рахат Әлиевпен болған отбасылық жағдайда да олар 15 жыл бойы оған назар аудармады. Тек өздеріне, Нұрсұлтан Назарбаевқа қауіп төніп, ақша, билік бөлісуіне келгенде барып назар салды. Олар осындай жағдайларда ғана араласады. Қазір де олар өздерінің жеке мүдделеріне қайшы келмейінше, Айсұлтан Назарбаевқа қатысты біз күткен шараларды қабылдамайды.


Назарбаев жиенінің бұл сөздерінің қандай саяси жалғасы болады? Дариға Назарбаеваның саяси карьерасына соққы жасалды ма? Оның осыдан кейін сенат төрайымы болып отыруы қаншалықты орынды?


Біз тағы да үнсіз қалатын болсақ, олар бір-екі апта күтіп, еш нәрсе болмағандай жүре береді. Тіпті болмаған жағдайда өздерінің бұқаралық ақпарат құралдары мен халық арасында беделі бар ақсақалдарына «анау бала нашақор ғой, есі дұрыс емес, оған сенуге болмайды» деп айттырып, бұл жағдайды барынша тежейді. Азаматтық қоғам, БАҚ, саяси ұйымдар Айсұлтан Назарбаевтың анасына таққан айыптарына байланысты талаптар қоюы керек. Олар дәлелденетін болса, Дариға Назарбаева сөзсіз отставкаға кетуі тиіс.



Айсұлтанның бұл әрекетінен саяси дивиденд жинайтын кім болмақ? Сіздіңше, Назарбаевтар әулетінің осындай ыңғайсыз жағдайға қалуы кімге тиімді?


Оларды ешкім осындай даулы жағдайға итермелеген жоқ. Бұл отбасы өз-өзін баяғыда ұстап берген. Бұрын көп қайғылы жағдайлар Рахат Әлиевтен келген, енді отбасының өзге мүшелерінен келіп жатыр. Бұл мәселені шешу қажет. Отбасылық жағдайларды мемлекеттік мәселелермен шатастырмау керек. Бұл 30 жылдан бері жалғасып келеді. Экономиканың жақсы бөлігі кімде? Отбасы мүшелерінде. Ірі банктер кімде? Отбасы мүшелерінде. Біздің ресурстарымызды кім басқарып отыр? Отбасы мүшелері. Жоғары лауазымды қызметтерге кімдер жайғасқан? Отбасы мүшелері. Енді осының барлығына жауап беруі қажет. Тегін еш нәрсе жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы, осындай жолмен жүрген екенсіз, енді отбасыңызбен бірге жауап беріңіз. Жақсы, олар мықты болсын, отырып алып елді басқарсын. Бірақ бізге нәтиже көрсетсін.


Қазір біз не көріп отырмыз? Айқай-шу, әлеуметтік жағдайдың төмендігі сияқты бітпейтін проблемалар. Мемлекет басқаруда білдей бір отбасы өз міндетін дұрыс атқармады. Сол себепті олар өз-өздерін ұстап берді. 2007 жылы Рахат Әлиевпен болған даудан кейін бұны тоқтату керек еді. Нұреке (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) елбасы болды, оны әлем таныды. Қорықпай, сол уақытта туыстарының барлығын биліктен аластатуы керек еді. Рахаттан кейін бұл, керісінше, күшейді. Немерелері өсті, олардың барлығына лауазымды қызметтерді үлестірді.


Енді бұл кімдерге тиімді дегенге келетін болсақ, қазір бұл барлығына тиімді. Халық, қоғам, оппозицияны қоспағанда, Назарбаевтың маңайында жүргендерге де тиімді. Өйткені ол таңдау жасады. Назарбаев биліктен кетуге 5-6 жыл бұрын дайындалды. Оның екі таңдауы болды. Біріншісі – демократиялық елдердегідей билік тармақтарын тең дәрежеде бөліп беру болды. Қалай дегенде де, екінші президент біріншісіндей шексіз билікке ие болмауы керек қой. Бірақ ол билікті отбасы мүшелеріне бөліп беруді таңдады. Ол «менен кейін билікке балам келеді, сосын немерем, шөберем келіп жалғаса береді» деп ойлаған болу керек. Бірақ олай болмайды. Бұл тек ертегілерде ғана кездесетін дүние. Назарбаев таңдаған отбасылық жол құрдымға алып келді. Кешегі жағдай Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық тұрғыда қателескенін көрсетті.



Айсұлтанға қатысты дау болашақта билік транзитіне қандай әсер береді деп санайсыз? Бұдан Назарбаевтың жоспары қалайда өзгере ме? Әлде ол сол бұрынғыдай өз ойын жүзеге асыруға тырыса ма?


Ол бұдан бас тартпайды. Себебі оның бағытты өзгертуге уақыты жоқ. Ол енді осы бағытты ұстап тұруға тырысады. Оның бұған билігі жетеді. Біз Тоқаевтың әзірге толыққанды президент емес екенін жақсы білеміз. Қазір Назарбаевтың ықпалы өте жоғары. Оған тең келетін күш жоқ. Бірақ ол қанша тырысқанымен, онысынан түк шықпайды. Өйткені кедергілер өте көп. Себебі мұндай кедергілер мемлекеттің дамуына, алға жылжуына кері әсерін тигізеді. Тоқаевтың кеше үкімет отырысында берген тапсырмалары онымен бір бағыттағы дүние емес. Бұл қарама-қайшы бағыт. Тоқаев әзірге тереңге барған жоқ. Біз қазір экономикалық қайшылықтарға алып келетін, саяси текетірес кезеңіне келдік. Осыған дейін барлығымыз қос билік дегенді айтсақ, енді осы екі билік бір-бірімен соқтығысады. Нұрекең аяқастынан ғайыптан тайып «мен шаршадым, қай бағытта жүрсеңдер де өздерің біліңдер» деп айтпаса, мұндай қайшылықтар одан ары ушығады. Оның үстіне біз Дариға Назарбаеваның елдегі жоғары лауазымды қызметке деген амбициясын көріп отырмыз. Мына даудан кейін оған кету керек немесе сол орынға лайықты екендігін дәлелдеуі қажет. Егер ол дәлелдеуге кірісетін болса, онда жағдай бұдан ары қиындайды. Мұның арты саяси дағдарысқа алып келуі мүмкін.

Другие новости