Су ресурстары және ирригация министрлігі 1,1 млн тұрғыны бар 426 елдімекенде топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жобасын бастады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыра бастады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, 1,1 млн тұрғыны бар 426 елдімекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Жаңадан салынатын және реконструкциядан өтетін топтық су құбырларының жалпы ұзындығы 2000 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстарын алдағы екі жылда аяқтау жоспарланып отыр. «Құрылыс жұмыстары еліміздің 9 өңірінде жүріп жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстанда – 10 топтық су құбыры, Қызылорда облысында – 6, Ақмола облысында – 4, Алматы және Ұлытау облыстарында – 2 жобадан, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының әрқайсында 1 топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жобасы жүзеге асырылуда», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.