Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации просят вернуть их на Родину
АҚШ-тағы ұлы депрессия жайлы оқыған боларсыз. АҚШ тарихындағы экономикалық тұрғыдан ең қиын кезеңдердің бірі болған. Сол кезде халықтың 25 пайызы жұмыссыз қалып қойған. Соның есебінен қылмыс та, көлеңкелі экономика да өскен.
АҚШ-та коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай 13 наурызда жарияланды. Содан 1 ай 10 күн өтіп, жұмыссыздар саны 22 миллионға жеткен. Апта сайын шамамен 5-6 миллионға өсіп келеді. Кейбір сарапшылар жұмыссыздар көрсеткіші 20 пайызға дейін жететінін айтып отыр. Бұл АҚШ-та ұлы депрессияның қайта қайталану мүмкіндігін білдіреді.
Жалпы АҚШ-та 30 миллионға жуық шағын және орта бизнес бар. Ол бұл елдегі бизнестің 99 пайызын құрайды және 59 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Қазіргі жағдайдағы «үйде бол» (Stay-at-home order) шарасына орай шағын және орта бизнестің 90 пайызы уақытша жұмысын тоқтатқан. Егер олар маусымның соңына дейін қайта іске қосылмаса, жартысы банкрот болуы ықтимал. 15 миллион бизнестің банкрот болуы миллиондаған адамның карантиннен кейін қайта жұмыс таба алмайтынын білдіреді. Демек, халықтың сатып алу мүмкіндігі күрт төмендейді. АҚШ нарығын ең бай етіп көрсететін тұтынушы экономикасы кішірейеді.
Сол үшін де Трамп «үйде бол» шарасын тезірек алып тастауды қайта қайта айтып жатыр. Ол үшін экономика маңыздырақ болып отыр. Бірақ вирустың таралуы толықтай жойылмай, қайта бұрынғы өмір салтына келу де қауіпті.
Мысалы, Сингапур пандемияға қарсы күресте ең тамаша нәтиже көрсеткен елдердің алды болды. Себебі Сингапурда алғашқы кейс 23 қаңтарда анықталғаннан бастап, максимум сақтық шараларын ұйымдастырды. Кейстер саны азайған соң, олар қайта бұрынғы өмірге оралды. Бұрынғы қалыпқа тез оралу қателік екені белгілі болды. Себебі соңғы екі күнде Сингапурдағы кейстер саны екі есе өскен, яғни вирус толықтай жойылмағандықтан, қайта тарала бастады. Енді Сингапур билігі карантиндік тәртіпті 18 айға дейін жалғастыру сценарийін қарастырып жатыр. Бұл 1.5 жыл деген сөз. Бұл қазіргі вирустың эпицентрі болып отырған Еуропа мен АҚШ-қа сигнал болуы тиіс.
Соңғы бір аптада АҚШ-тың бірқатар штаттарында консерваторлардың, яғни республикалықтар партиясына жақын әрі Трамп қолдаушыларының протесттері өтті. Мичигандағы протестке жергілікті тілші ретінде барып қайттым. Олар «үйде бол» шарасын алып тастауды, бизнестерді қайта ашуды талап етті.
The New York Times жазуынша, бұл протесттерді ұйымдастырушылар FreedomWorks және Tea Party Patriots дейтін консерватор ұйымдары екен. Олардың Ақ үймен байланысы да анықталған, яғни олардың көтерілуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың да қатысы бар болып отыр.
Америкалықтар алдында үлкен әрі маңызды шешім тұр. Не 200-300 мың адамның өліміне бейжай қарап, бизнесті қайта жандандырады (республикалық партия өкілдерінің жоспары), не адам өлімін азайту үшін экономиканы құрбандыққа шалады (демократтар партиясының жоспары). Екі жағы да оңай таңдау емес. Сіз қалай ойлайсыз?
Жолдас Өрісбай