Айсұлтанды атасының қасына жерлеуі мүмкін


Халық қаһарманы, академик Мұхтар Әлиевтің немересі, Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Рахат екі күн бұрын Лондонда көз жұмды. Айсұлтан Рахат 1990 жылы 26 тамызда дүниеге келген. Отыз жасқа 10 күн жетпей бақилық болды. Кейбір ақпарат көзіне сенсек, оның жүрегі тоқтап қалған. Әзірге басқа дерек-дәйек жоқ.


"Айсұлтанды қайда жерлеуі мүмкін?" деген сұраққа жауап табу үшін Nege.kz тілшісі кеше Кеңсайға барып, журналистік зерттеу жүргізіп көрді.





Айсұлтанды қайда жерлеуі мүмкін? Лондонға ма? Әлде денесін Венаға - әкесі Рахат Әлиевтің жанына апара ма? Бәлкім, Алматыға әкеліп, атасы Мұхтар Әлиевтің жанына қояр?


Тілшіміздің айтуына қарағанда, Кеңсай-2 зиратының Мұхтар Әлиев, Қажымхан Мәсімов, Батырхан Шүкенов сияқты белгілі азаматтар жерленген оңтүстік жағы ерекше қарбалас болған. Су таситын көлікпен жолды жуып, көлденең тұрған көліктерді қуып жатыр. Сол маңда әкімшілік қызметкерлері де жүр.



Зират қызметкері көлігімізді жолдан алып тастауды ескертті. Осыны пайдаланып, біз одан суыртпақтап сыр тартып көрдік.


- Айсұлтанды атасының қасына жерлей ме?


- Әзірге белгісіз. Бірақ бізге зират әкімшілігі дайындалу туралы тапсырма берді.


- Қай жер қазылуы мүмкін? Мұхтар Әлиев жатқан қоршаудың іші ме, әлде осы маңдағы басқа жер ме?


- Ол жағын білмеймін. Бірақ дайындық жүріп жатыр...



Мұхтар Әлиевтің зиратының басына қойылған ескерткіш мүсіні оңтүстік-шығысқа қарап тұр. Егер Айсұлтанның денесін Алматыға әкелген болса, атасының жанына жерлеуі әбден мүмкін.


Кеңсай-2 зиратында адам қарасы көп болған. Зират жұмысшылары тазалықпен әуре болса, әкімшілік көліктерімен келген екі-үш адам өзара әңгімелесіп, әлденені қызу талқылап тұрған. Әдетте Кеңсайда жай күні мұнша қарбалас болмайтын.



Айсұлтанның денесін кеше Лондоннан Алматыға әкелгені туралы ақпарат шықты. Оны қайда жерлейтіні әзірге белгісіз. Бір анығы, Кеңсай-2 зиратында дайындық қызу жүріп жатыр.


Ал бүгін Кеңсай-2 зираты "тазалық жұмыстарын жүргізу үшін" екі күнге жабылғаны белгілі болды...



Кеше Айсұлтанның туған бауыры Нұрәлі Әлиев Инстаграм парақшасына видео жариялап, былай деп жазған:


"Менің қымбатты бауырым, дәл қазір мен қандай сезімде екенімді сөзбен жеткізу мүмкін емес! Көп нәрсе айтылмады, көп нәрсе айтқым келеді! Сен менің жадымда мәңгі қаласың! Сені үнемі жақсы көретін боламын!".



Нұрәлі Әлиев көп өтпей видеоны өшіріп тастағанымен, көшіріп үлгергендер оны әлеуметтік желі арқылы таратып жатыр.

Другие новости