Алматыдағы ауруханада "жүздеген қытайдың" карантинге жабылғаны рас па?


Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде жүзге тарта қытайдың карантинге жабылғаны туралы ақпарат шықты. Бұл туралы ztb.kz басылымы nege.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.




Порталдың редакциясына көңіл аударарлық әлдебір құжаттар келіп түсті. Бізге хабарласқан оқырманымыз «Алматыдағы ауруханалардың бірінде жүзге жуық қытай азаматының емделіп жатқанын» айтып, кейбір құжаттардың фотосын жіберді. Оның сөзіне қарағанда, қытай азаматтарын «коронавирус жұқтыруы мүмкін» деген күдікпен Алматы қаласының Түркісіб ауданындағы туберкулезге қарсы диспансерге оқшаулаған.


Портал тілшісі оқиғаның мән-жайын білмекке Түркісіб ауданындағы «Фтизопульмонология орталығына» барды. Тілшіміз жолай бірнеше дәріханаға соғып, маска алмақшы болған. Алайда дәріханалардың ешбірінде маска жоқ болып шықты.



Жан-жағы биік дуалмен қоршалған аурухана екі аптадан бері карантинге жабылыпты. Аурухананың күзетшілері: «Ішке кіре алмайсыз. Карантин. Мамыр айына дейін ешкім кіргізілмейді», – деп жауап берген.


Осы мәселеге қатысты аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір куәгер былай деді: «Бұл жерде коронавируспен адамдар жатыр. Бұл жерге келмеңіз, аулақ жүріңіз! Мұнда тек қытайлар жатыр. Болмайды дедім. Бұл сұрақ бойынша мен ештеңе айта алмаймын. Карантин!».


Редакцияға хабарласқан оқырманымыз бізге Қытайдан келіп жатқан азаматтардың тізімін де жіберді. Бұл тізімнің қаншалықты нақты екеніне кепілдік бере алмаймыз, бірақ әлгі тізімнен кімнің қай жерден және қандай рейспен ұшып келгенін анық көруге болады. Әлгі тізімде Қытайдан ұшып келген Қазақстан азаматтары да бар.



«Қазір ауруханада 100-ден астам қытай азаматы жатыр. Оларды неге шекарадан кіргізеді?! Бұл сұрақ неге ашық қойылмай жатқанын түсінбеймін. Өзіміз таңғалып отырмыз. 14 күнге карантин деп, жатқызылып жатыр. Келіп жатқандардың барлығының ұлты қазақ емес, таза қытайлар. Күн сайын жедел-жәрдем көлігі оларды әуежайдан күтіп алып, осында тасып жатыр. Ақпан айынан бері жағдай осы», – дейді куәгер.


Аурухана басшылығымен бетпе-бет сөйлесе алмағандықтан, тілшіміз кеше кешке аурухананың телефон нөмірлеріне хабарласқан. Алайда телефонның ар жағындағы диспетчер: «Қазір басшылық орнында жоқ, кейінірек хабарласыңыз», – деп жауап қайтарды.


Бүгін таңертең ауруханаға қайта хабарласқанымызбен, ешбір жауап ала алмадық. Тұтқаның ар жағындағы қызметкер сұрақтың мәнін түсінген соң, «аурухана басшылығы жауап бере алмайтынын, бұл сұраққа тек қалалық денсаулық сақтау басқармасынан жауап алатынымызды» айтты.


Осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда: «Мұндай ақпаратты қайдан алдыңыздар? Министр Қазақстанда коронавирус жоқ екенін айтты ғой», – деген шолақ жауап алдық.

Другие новости