"Астана LRT" атауын өзгертті: Логотипке 100 мың теңге жұмсалды


Бүгін елордада қаладағы қоғамдық көлік қатынасын реттейтін «Астана LRT» компаниясы БАҚ өкілдеріне жаңа ребрендингін таныстырды. Компания атауы «City Transportation Systems» деп өзгерді. Мекеме директоры Бекмырза Игенбердинов «Астана LRT» құрылғалы бері жұмыс форматын өзгертіп, қызмет аясын кеңейткендіктен, қазіргі атауы оның толық көрінісін бермейді деп есептейді.



«Астана LRT» - қазір кешенді көлік жүйесі. Компания миссиясы - заманауи ақылды технологияларды қолданып, қала тұрғындарына ыңғайлы, қауіпсіз жағдай жасау. Осыған байланысты қала басшылығымен компания атауын өзгертіп, ребрендинг жасауға шешім қабылданды», - деді Б.Игембердинов.


«City Transportation Systems» сөзінің қазақша тәржімасы «қаланың көлік жүйесі» деген мағына береді.


Тілші компания басшысынан жаңа ребрендингке қанша қаражат жұмсағанын сұрады. Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, жаңа логотип үшін 100 мың теңге жұмсалған. Ал, ребрендинг үшін жұмсалған жалпы қаржы көлемі туралы айтудан бас тартты.


«Тілшілер «ребрендинг компанияға қанша шығын келтірді» деген сұрақ қойып жатыр. Біздің компания өз-өзін қаржыландырады, бюджеттен ақша алмайды. Ребрендинг шығын келтірген жоқ. Бұл – компанияның қажеттілігі. Мысалы компанияның жаңа логотипін дайындауға бар-жоғы 100 мың теңге кетті», - деді мекеме басшысы.


Дереккөз: Азаттық рухы

Другие новости