Басы дауға қалған Қапшағай әкімі жұмыстан шығуды ұйғарды

Шулы видеороликтің кейіпкеріне айналған Қапшағай қаласының әкімі жұмыстан шығуды ұйғарыпты. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап, Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.


Баспасөз орталығының ақпаратында Сатжан Кикимовтің жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны мәлім етілді. Бірақ, оның жұмыстан шығуы немесе шықпауы жөнінде дүйсенбі күні нақты шешім шығады.


Орталық: «Бүгін сағат 11-де «Билік өкілінің келушілермен кездесу барысындағы этикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтуі тиіс еді, алайда, әкімнің өтініш беру себебінен отырыс кейінге шегерілді»,-деп түсінік берді.


Ал Қапшағай қаласы әкімдігі Сатжан Кикимов жұмыстан босатылу туралы өтініш жазғанымен, әлі де қызмет орнында екендігін мәлімдеді.


Естеріңізге сала кетейік, әкімнің тұрғынмен дөрекі әңгімесі жайлы видео ғаламторда үлкен дау туғызған болатын. Видеода Қапшағай әкімі келушіге айқайлап, керіскені көрсетіледі. Бұл жайт өткен жылы орын алған болатын. Сатжан Кикимотың өзі Tengrinews тілшісіне берген сұхбатында оқиғаға арандату деп баға берді. Оның айтуынша, келуші азамат билікті жемқор деп айыптап, ауыр сөздер айтқан. Ал әкім тұрғынға ашумен, дөрекі жауап қайтарған.


Кикимов:«Менің өз дауысым сондай қатты, бірақ азаматқа «сен» деп сөйлеуім қателік болды»,-деп түсінік берді.

Другие новости