ЕХРО-2017 ұйымдастырушылары Халықаралық көрмеге 110 мемлекеттің өкілі келеді деп күтуде


«Астана ЕХРО-2017 Ұлттық компаниясы» АҚ-ның халықаралық қатысушыларымен жұмыс департаментінің директоры Илья Оразақовтың айтуынша, көрмеге қатысуға өтініш берудің мерзімі аяқталмаған және оған 110 мемлекеттің өкілдері қатысады деп күтілуде екен. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.




Оразақов Астанада өткен брифинг барысында: «Негізінде қатысушы мемлекеттер саны 110-ға жететіндігіне күмәнім жоқ, өйткені, біздің есігіміздің ашық тұратын уақыты әлі бар, олар жабылмады. Біз қатысушылар мен олардың өтініштерін күтіп отырмыз, жай ғана күтіп отырған жоқпыз, оларды өзімізге тарту, шақыру жұмыстарын жасап, осы мемлекеттердің коммуникациясымен тығыз байланыстамыз», -деді.


Директор қазіргі таңда 100 мемлекетті қатыстыру туралы бастапқы жоспар орындалғанын атап өтті. Бүгінде қатысушы елдердің саны 104-ке жеткен. Ал егер олардың саны 110-ға жетсе, Қазақстан ЕХРО көрмесіне ең көп елді қонақ еткен мемлекеттер тізімінің үштігіне ене алады екен.


Бұл тізімде лидер болып Португалия саналатын көрінеді. Бұл елде өткен көрмеге 140 республиканың өкілі қонақ болыпты. Одан кейін Қытай 121 мемлекетпен екінші орында тұр. Ал Оразақовтың айтуынша, біздің елдің осы рейтингте үшінші сатыға орналасуы әбден мүмкін.


Онымен қоса, «Астана ЕХРО-2017 Ұлттық компаниясы» АҚ-ның халықаралық қатысушыларымен жұмыс департаментінің директорының мәліметінше, ЕХРО аумағындағы павильондар мен пәтерлердің 100 пайызы қонақтарға беріліп қойған.

Другие новости