ЕХРО павильондарын безендіруге қатысатын мемлекет өкілдері үшін, люкс деңгейіндегі бөлменің құны – күніне 40-50 мың теңге тұратын болады. Бұл туралы бүгін ЕХРО қалашығының басқарушысы Ғалымжан Қарымсақов мәлімдеді, деп хабарлайды «Қазинформ» ХАҚ.
«Қазіргі таңда 40 пәтер жабдықталып қойды, олардың 30 пайызы «Gold», қалғаны «Silver» деңгейінде болып табылады. Жақын арада біз оларды үш деңгейге бөлмекшіміз: «А», «В», «С». Негізінен бұл жерлерде әр елден келген комиссарлар тұратын болады», -дейді Қарымсақов.
Көрме қатысушыларына жалпы саны 750 пәтер берілмекші.
Спикердің айтуынша, барлық 750 пәтерді келер жылдың наурыз айына дейін жабдықтап біту көзделіп отыр екен. Осы қарашада 150 пәтердің жұмысы аяқталса, желтоқсанда қонақтарды дайын үйлерге кіргізу басталатын көрінеді.
Люкстық «А» деңгейіндегі пәтердің жалпы аумағы 100 шаршы метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл деңгейдің ерекшелігі – пәтер қымбат техника және жиһазбен жабдықталады. Ал Silver-ге тек ең қажетті тұрмыстық техника мен жиһаз қойылмақ.
Оған қоса, кейбір қонақтарға жеңілдіктер болады. Бұл тапсырысқа байланысты екен.
Ғалымжан Қарымсақов бұл жөнінде: «Біз көлемді пәтерлерге тапсырыс жасаған елдерге жеңілдіктер жасаймыз. Қазір біз «Астана ЕХРО-2017» компаниясымен бірігіп бағаларды нақтылап жатырмыз. Әзірге тек мүмкін болатын болжам бағалар бар. Мысалы, люкс деңгейіндегі пәтерлер күніне 40-50 мың теңге болады. «Silver» - 30 мың. Бірақ, мұнда көбіне қонақтар бір немесе бірнеше айға келетін болады», -дейді.