Елбасы тапсырмасы: Бүгінгі жастардың бет алысы


«Біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді сендер лайықты жалғастыруға тиіссіңдер». Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастарға айтқан бұл қанатты сөзінде үлкен үміт, нақты сенім бар. Ал осы тұста көкейде «сол сенімге сергелдең келтірмей, жауапкершілікті сезінетін жастар өсіп келе ме?» деген сұрақ туындайды. Иә, қазіргі уақытта белсенді жастардың қарасы көп. Барлығы заман ағымына сай дамып, рухани жаңғыру үстінде. Елбасының бастамасын бір ауыздан қолдап, барлығы білімге, ғылымға, қоғамның белсендісі болуға ұмтылуда. Ал студент жастардың университет қабырғасында белсенді болуына түрлі ұйымдар себепші. Солардың бірі – «Алматы студенттер альянсы». Бұл ұйым Нұрсұлтан Назарбаевтың «бес әлеуметтік бастамасы» бойынша студенттердің тұрмысын, жатақхана мәселесін шешуге бағытталған. Осы тұста ұйымның жетекшісі Жасұлан Қуандықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сұқбат алдық.



1. Алдымен өзіңіз басшылық ететін «Алматы студенттер альянсының»қандай қызмет атқаратыны туралы айтып өтсеңіз? Ұйымға қабылдану үшін жастар қандай талаптарға сай болуы керек?


«Қазақстан студенттер альянсы» 2005 жылы 14 сәуірде құрылды. Өз құрамында біршама студентті қамтиды. Жалпы, бұл Қазақстан Республикасындағы барлық студенттің басын біріктіретін бірегей ұйым. Студенттер альянсының құрылу мақсаты – еліміздің мемлекеттік жастар саясаты негізінде студенттердің қоғамдық белсенділігі мен патриоттық сезімін арттыру, олардың тұрмыстық–әлеуметтік жағдайын, құқықтық және экономикалық мүдделерін қорғау. Сонымен қатар әр жоғары оқу орындарында студенттермен тікелей байланыс орната отырып, олардың жан-жақты дамуы мен өздерін қалыптастыруда барынша көмектесу. Студенттер альянсы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында студент жастар арасында белсенді топ болып саналатын, болашақта потенциалы жоғары жастарды тәрбиелеу. Бұл ұйым студенттердің әлеуметтік құқықтарын қорғау, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал жасау, патриоттылығы мен азаматтылығын дамыту, оларды жастар бағдарламаларын жүзеге асыруға қатыстыру, сонымен қатар оқу - тәрбие және ғылыми - зерттеу үрдістерінің жұмысын жақсартуда өз үлесін қосу бағыттары бойынша қызмет атқарады.


Студенттер альянсы студенттердің жатақхана мәселелерін, оқу, даму үдерісін, білім беру бағдарламалары бойынша жан-жақты қамтиды. Қазіргі таңда тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігімен бірлесе отырып университеттегі білім беру бағдарламасына көңіл бөлеміз. Сонымен бірге білім және ғылым министрлігі жанындағы қаржы орталығымен бірлесіп, бес әлеуметтік бастама негізінде салынған жатақханаға мониторинг жүргіземіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесе отырып таза сессия кезінде студенттер арасында жемқорлыққа қарсы мәселесі бойынша жұмыс істейміз. Студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру мақсатында жоғары оқу орындарында «Таза сессия» шарасын өткіземіз. Бұл шараның негізгі идеясы жастармен кездесулер өткізу және оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу.


2. Алматы Студенттер Альянсы президент тапсырмасын қаншалықты жүзеге асырып жатыр? Президент жолдауында айтылған қай бағыттарда басымдық танытып жатырсыздар?


Біз Президент жолдауында ең бірінші Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың негізге алған бес әлеуметтік бастамасы мәселесінде студенттерге бөлінген грант, жатақхана мәселелері тікелей бізге қатысты. Осыған қатысты біз жоғарыда айтып өткен бес әлемуметтік бастама негізінде салынған жатақханаларда мониторниг жүргізіп, студенттердің тұрмыстық әлеуметтік жағдайына тікелей бақылау жасап отырамыз. Тек жаңадан салынған емес барлық жатақханалармен байланыстамыз. Яғни, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, рейдке және мониторингке шығып отырамыз. Біз кез келген президент жолдауы болсын назардан тыс қалдырмай, оны тікелей жастар арасында кеңінен насихаттауға және оны жастарға түсіндіруге барынша жұмыс жасаймыз.


3. Жастар өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне ме? Рухани жаңғыру бағдарламасы жастар арасында қаншалықты насихатталып жатыр? Бағдарлама жастардың ойының, әрекетінің өзгеруіне септігін тигізіп жатыр ма?


Рухани жаңғыру бағдарламасы жастар арасында өте жоғары деңгейде насихатталып жатыр. Себебі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Жүз жаңа есім» жобасына көз тастайтын болсақ, жоба ішінде тек бір орта буын, яғни жастардың үлесі басым. Сондықтан рухани жаңғыру бағдарламасы жастар арасында жақсы насихатталып жатыр деп айта аламын. Мемлекет тарапынан да бағдарлама аясында әртүрлі жағдайлар жасалып жатыр. Аударылып жатқан «Жүз кітапты» жоғары оқу орындарының кітапханаларынан табуға боалды. Қазіргі уақытта қателеспесем 38 кітап аударылған. Яғни, жастар арасында осындай жобаның насихатталуы өте жоғары деңгейде деп айтуға болады.


Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерден – жастардың бағыты рухани жағынан, материалдық жағынан болсын біршама өзгергенін байқауға болады. Бүгінде жастар театрға, түрлі мәдени іс-шараларға, музейлерге, көрмелерге көп барады. Ал мұндай орындар рухани азық алудың негізгі көзі. Бұл жерде мен жалпы Алматы жастарының белсенділігін айтып отырмын. Бір сөзбен айтқанда Алматыда рухани орындарға баратын жастардың үлесі басым. Бұл қуантарлық жайт. Себебі Алматы – жастар мекені. Еліміздің ірі мегаполисіне әр өңірдің «мен» деген жастары бас қосып, бірі білім алуда, бірі мансаптық жолын қалыптастыру үстінде.


4. Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша ұйымдастырған көлемді іс-шараларды атап өтсеңіз? Жобаның қай бағытына басымдық бердіңіздер?


Мен тікелей Алматы студенттер альянсы бойынша айтып өтетін болсам, рухани жаңғыру бағдарламасын насихаттау шеңберінде және оны жастарға жеткізу барысында жақсы жұмыстар атқарылды. Биыл жастар жылы, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Жігер» республикалық әскери-патриоттық лагері өткізілді. Рухани жаңғыру бағдарламасының негізгі көзі – жастар. Сонымен қатар жастардың рухани дамуына тікелей септігін тигізетін, олардың патриоттық отансүйгіштік сезімі. Елбасымыз өзінің жолдауында, яғни жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу мақсатында «Жас сарбаз» ұйымын құрғаны белгілі. Сол бағытта тікелей іс-шаралар жасалып жатыр. Соның айқын бір дәлелі «Жігер» әскери-патриоттық лагері. Лагердің бір ерекшелігі – бұл идеологиялық бағытта өткізілді. «Айбын» тікелей спорттық бағытта жұмыс атқарса, бұл жолғы лагердің негізгі бағыты әскери-идеологияны көздеді. Яғни, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тікелей жүзеге асырушы негізгі жоба деп айтуға болады. Өйткені біз жастарды рухани дамытуға, өзін-өзі тәрбиелеуде бағдар көрсеттік. Сонымен қатар жоба барысында жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу бойынша бірнеше іс-шаралар кешені жүзеге асып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан құрметті тұлғалармен кездесу, дөңгелек үстелдер, оқыту семинарлары, тренингтер, шеберлік сағаттар, пікірталас алаңдары, арнайы әскери жаттығу мен тәжірибелік сабақтар жүргізілді. Жалпы, республика бойынша 14 облыстан және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан жастар келіп қатысты. Белсенді жастар бұл лагерьден өздерінің ой-өрісін дамытты деген ойдамын.


5. Өзіңіз Президент тапсырмасының қай бағытына ерекше назар аудару керек деп ойлайсыз? Көптің талқылауына түскен латын графикасына қатысты қандай пікір білдіресіз?


Президенттің кез келген жолдауы елдің стратегиялық дамуының негізгін анықтайтын құжат. Ол жерде президенттің кез келген жолдауында айтылған тапсырмасы ел үшін өзекті және маңызды. Латын графикасы рухани жаңғырудың негізгі көзі. Өзіміздің төл әліпбиімізге баулу, қандай болмасын қазақ әдебитінің, қазақ руханиятының жарқын көрінісі. Себебі кезіндегі әдеби шығармалар, біздің өнер материалдарымыз латын әліпбиінде жазылған. Сонымен бірге рухани жаңғыру бағдарламасы аясында латын графикасы қазақ тілінің әлемдік тілдер қатарына кіруіне елеулі әсер етеді. Өйткені әлемнің елу пайыздан астамы латын графикасын қолданады. Яғни, латын графикасы пайдалану арқылы біз өзге тілдерді оңай үйренуге мүмкіндік аламыз.


6. Қазіргі жастардың белсенділігі қандай? Қоғамға қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр? Мағжан сенген жасар үмітті ақтап жүр ме?


Шыны керек, қазіргі жастар өте белсенді, өте креативті және бәсекеге қабілетті деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі қоғамда қазіргі буын барынша кәсіппен айналысуға, бос уақытын тиімді пайдалануға және өзін-өзі дамытуға назар аударады. Оны қазір байқапта, еңбегін бағалап та жүрміз. «Мағжан сенген жастар» деген сұрақ өте күрделі. Өйткені ол елін ойлайтын, елінің ертеңін қалыптастыратын жастарды айтып кеткен болатын. Дегенмен қазіргі жастардың беталысы осы Мағжан атамыздың сөзіне толықтай болмаса да, біршама жақындап келе жатыр.


7. Cіздің ойыңызша жастар болашаққа қандай сеніммен қарауы керек?


Бастысы жастардың көзіндегі оты, жүректегі сенімі өшпей, жыл сайын жаңашылдыққа ұмытылуы керек. Елдің болашағы жастардың қазіргі әрекетімен өлшенеді. Мемлекеттің негізгі ресурсы да – жастар. Елге адал қызмет ететін жастардың қарасы көп. Әрбір азамат елінің шынайы патриоты болса, Қазақстанның болашағы кемел деп сенемін.

Другие новости