Ернар Айдар туралы не білеміз?


Қазақтың аспандағы жұлдызынан жердегі "жұлдыздары" көп шығар. Бұлай деуге себеп те жоқ емес, тас лақтырсаң әншіге тиетін заманда, дауысы барлар да, дауысы жоқтар да киелі сахнада, той-томалақта ән салып, нан тауып жүр. Күні кеше ғана төтенше жағдай режимін бұзып, тікелей эфирде ұтыс ойынын ойнатып ұсталған Ернар Айдар қазақ эстрадасының жарық жұлдызы. Ztb.kz әншінің биографиясына үңіліп көрді.




Ернар Айдар 1991 жылдың 13 наурызында Өзбекстанның Навои облысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегі. Заңгер мамандығын аяқтаған.


Заңгер мамандығында білім алған әнші сол кездің өзін де Өнер академиясына барып, ән салып, түрлі студияларда өнерін шыңдаған. Дәл осы қабілетін көрген ағасы Талғат Айдар оның әншілік қабілетін ашуға тікелей көмектескен. 22 жасында әнші өнер әлеміне қадам басты.


Ернардың ең бірінші орындаған әні әкесіне арналған. "Асыл әке" әнін әншіге өнердегі ұстазы Қуаныш Құрманбаев ұсынған. Ернар Айдар бұл әнді алғаш рет әкесінің туған күнінде орындаған. Қуаныш Құрманбаев әншіні композитор Бауыржан Есебаевпен таныстырған. Шындығында Ернар Айдардың бағын ашқан да осы композитор еді. Оның "Жарығым-ай" әні халықтың сүйіспеншілігін оятты. Тіпті әні бірден хитке айналды. Одан кейін "Күнім, сен сөнбеші" әнін екінің бірі жатқанын жақсы білеміз.


Қазіргі таңда Ернардың ән қоржынында бірнеше музыкалық альбом мен он шақты бейнебаян бар. Өнердегі кумирім деп Мейрамбек Беспаевті атайды.


Естеріңізде болса, 2017 жылдың көктемінде Шымкент - Алматы тас жолында көлік апаты болып, Ернар Айдар бір өлімнен қалған болатын. Апат кезінде әншінің омыртқасы сынып, жансақтау бөліміне түскен. Кейін Алматыда ауыр операция да жасалған болатын.



Әнші алғаш сахнаға жарқ етіп шыққан кезде оны Қайрат Нұртасқа ұқсатқан жұрт та болды. Алайда Ернар Айдар бұл туралы өзінің жауабын да берген:


"Мені тәрбиелеу үшін ұстаздарым студияда ұйықтамай, талай таңды атырды. Тіпті әнді дұрыс жеткізе алмаған тұста жанарымнан жас аққан кездерім де есімде. Осы жолда күйіп, жанып жұмыс істеген ұстаздарымның еңбегін жоққа шығарып, танылуыма Қайрат Нұртастың ықпалы тиді десем, бұл өзімнің өнеріме деген қиянатым болар еді", - деген еді ол сұқбаттарының бірінде.


Әнші 26 жасында отбасын құрды. Жары Мадина Тараз қаласының тумасы. Жарымен ән кештерінің бірінде танысқан.

Другие новости