Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации просят вернуть их на Родину
Аядай ғана ауылдан шыққан баланың болашақта әлемнің алпауыт компанияларының бірінде қызмет етуі бұрын орындалмас армандай көрінетін. Ал қазір мұның қолдан келетін іс, бағындыруға болатын белес екенін дәлелдеп жүрген отандастарымыз баршылық. Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында өсіп-өнген Бақытжан Төребаев қазіргі таңда Кремний алқабына қарасты Саннивейл қаласында орналасқан Google корпорациясының кеңсесінде жұмыс істейді. Еңбек жолын еліміздегі банктердің бірінде программист қызметінен бастап, қазіргі таңда күллі әлем қолданатын Google Payments жобасында жауапты қызмет ететін Бақытжанға арнайы хабарласып, Тurkystan.kz әңгімеге тартқан еді.
– Бақытжан, шыны керек, «қазақ баласы Google-да жұмыс істейді» десе, елең ете қалатынымыз рас. Әңгімемізді Кремний алқабына қалай жеткеніңізден бастасақ.
– Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын, мен 1985 жылы оңтүстік өңірдегі Арыс өзенінің жағасында орналасқан Темірлан ауылында дүниеге келдім. Мұнда бастапқыда Абай Құнанбаев атындағы мектепте, кейіннен 4-сыныптан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте білім алдым. 11-сыныпта оқып жүргенімде Алматыдағы студент ағам демалыс сайын ауылға келгенде менің болашағымды ойлап, «мынадай университет бар, онда осындай мамандық бар, соған дайындалуың керек» деп бағыт-бағдар беріп кететін.
Кезекті бір келгенінде Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университеті ашылғалы жатқанын айтып, мұндағы қабылдау емтиханына қажетті материалдардың барлығын әкеліп беріп кетті. Сөйтіп, бағым жанып, 2002 жылы ағам жол сілтеген сол университетке оқуға түстім. Мұнда бес жыл бойы программист мамандығы бойынша оқыдым. Жаңадан ашылған оқу ордасы болған соң, студент саны аз болды, осылайша, бір-бірімізді жақсы танып, жақын араластық. Оның үстіне, білім беру жүйесі де жаңадан жасақталып жатқандықтан, бұған қоса кадр жетіспеушілігінен ағылшын тілінде өтуі тиіс кейбір пән орыс және қазақ тілінде өтті. Ауылдан келген мен үшін орыс және ағылшынша тіл сындыру, сонымен қатар бұл тілдерде сабақ оқу оңай болмады. Десек те, қатарымнан қалыспай, тырысып-тырмысып, оқып шықтым. ҚБТУ-ды бітірген соң, Алматы қаласындағы банктің бірінде борышкерлермен жұмыс істейтін орталықта екі жылдай жұмыс істедім. Мүмкін білерсіз я білмессіз, сол жылдары халыққа несиені көптеп беретін, ақыр соңында мұны халықтан қайтара алмай, борышкерлер тізімі құрастырылды, мен сол тізімді сұрыптап, ақпарат жинайтын орталықта қызмет еттім. Кейіннен тағы бір банктің инновациялық технологиялар басқармасында программист қызметін атқарып, онда бір жылдай еңбек еткен соң, жұмыстан шығып кеттім.Барлық құқықтар сақталған.
– ІТ саласы бойынша елде жұмыс істеген қазақстандықтар «банкке жұмысқа бір кірсең, түрмеге кіргендей боласың, бұл жүйеден қайта шығу қиын, сөйтіп, дамымай қаласың» дегенді алға тартады. Банктегі жұмысыңызды тоқтатуға осыған ұқсас себеп болды ма?
– (Күліп). Мұны түрме деп айта алмаймын, банктегі жұмыстың да өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен мұнда өз болашағымды елестете алмадым. Оның үстіне, сол уақытта үйленгенмін, бір балам бар. Жас отбасыға Алматы секілді қымбат қалада пәтер жалдап тұру қиынға соғатыны белгілі. Онымен қоса, ұлымның болашағын ойлап, оны жетілдіру керек екенін жете түсініп, тек бір банкпен шектелгім келмеді. Сөйтіп, көзге көрінген барлық мүмкіндікті қарастырып, жан-жақты іздене бастадым. Сол уақытта ҚБТУ-да бірге оқыған достарымның кейбірі Кремний алқабында, енді бірі басқа шетелдік ірі компанияларда жұмыс істеп жатқан болатын. Олармен ақылдаса келе, Фримонт қаласында орналасқан Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Northwestern polytechnic university) магистратура бөліміне оқуға түстім. Мұнда екі жыл компьютерлік бағдарламалау бойынша білім алдым.
– Сіз оқуға кеткенде отбасыңыз ауылда қалып қойды ма?
– Сол уақытта өзіммен бірге отбасымды алып кетуге жағдайым болмады. Қазір өткен өміріме көз жүгіртсем, «оқимын, дамимын» деген маған қарсы тұрмай, қайта қолдау білдіріп, елде баламен қалған әйелімнің түсіністік танытқанына қайран қаламын. Негізі, елден кішігірім қаражат жинап келгенмін, оның үстіне, ағам да қаржылай көмектесті. Сондай-ақ қол бос кезде қосымша жұмыс істеп, оқуымның ақшасын өтеп жүрдім. Сегіз айдан кейін Америкаға келіншегімді алып келдім, ал баламды ауылдағы ата-анамның қарауына қалдырдық. Мұнда келген соң, жолдасым да құр жатпай, талаптанып, ақырында басқару ісі бойынша магистратура бөлімінде білімін шыңдады.
– Кремний алқабының маңайында орналасқан университетте оқитын кез келген студент мұндағы алпауыт компаниялардың бірінде қызметке орналасуды мақсат тұтатыны белгілі. Өмірбаяныңызды оқысам, Google компаниясына жұмысқа тұру үшін үш мәрте құжат тапсырып, төртіншісінде ғана қабылданыпсыз. Мұндағы көптеген ірі компанияның ішінен неліктен тек Google-ға жұмысқа тұруды көздедіңіз?
– Кремний алқабында қаптаған университеттерде оқитын студенттердің сол маңда орналасқан ірі компанияларда жұмыс істеуге талпынатыны рас. Неге тек Google десеңіз, мұнда жұмыс істеу студент кезден туындаған арман болатын. Сосын оқып жүрген кезде мұнда жұмыс істейтін таныстар арқылы Google-дың кеңсесіне кіріп, мұндағы қызметкерлердің жұмыс істеу әдісі былай тұрсын, кеңсенің, біздің тілмен айтқанда, компанияның кампусына тамсанып жүретінбіз. Мұндағы жұмыс орындары кеңсе ретінде емес, үлкен бір қалашық ретіне салынған. Сөйтіп, университет бітірерде сонда жұмысқа тұруға құжат тапсырдым, алайда бұл әрекетімнен түк шықпады, қабылдамады. Есесіне, Сан-Франциско қаласында Brighterion компаниясынан ұсыныс келіп түсті. Сөйтіп, оқуым аяқталған күннің ертесінде сол жұмысқа шығып кеттім. Мұнда екі жыл істеген соң, жұмыс орнымды ауыстырғым келді. Жалпы, өз басым программистке екі-үш жыл сайын жұмысын ауыстырып тұру тиімді деп есептеймін, себебі бір бағыттағы технологияны аз уақыттың ішінде тез меңгеріп аласың да, ары қарай дамымай қаласың. Өзіме керектіні игеріп, машықтанған соң, басқа бағыттағы қызметті қарастырдым. Орындалмай жүрген арманым – Google-ға жұмысқа тұруға тағы да талаптандым, тағы жолым болмады, үшінші мәрте тапсырып едім, тағы да жауап жоқ. Мұнымен қатар, тағы басқа компанияларға құжат тапсырған болатынмын. Нәтижесінде Ньюарк қаласында орналасқан Aport компаниясынан ұсыныс түсіп, онда төрт жылдай программист болып жұмыс істедім. Сосын әлгі Google-мен байланыстырған мақсатым менмұндалап, маза бермей қойған соң, 2018 жылы төртінші рет құжат тапсырдым. Сөйтіп, бұл жолы айым оңынан туып, аталмыш компания қызметкерлерінің қатарына қосылдым. Қазір уақытты кері айналдырса, ҚБТУ-да оқып жүргенде көптеген олимпиадаға қатысатын едім, сол олимпиадалар арқылы небір есептер шығаруды сол кезде үйренсем, Google-дың есігін үш рет қақпай, бірінші реттен-ақ жұмысқа орналасар едім. Өйткені бұл есептерді шығара білмесең, Google-дың кадрмен қамту бөлімі ұйымдастыратын сұхбаттан өте алмайсың. Бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің көбісі жастайынан небір жарыстар мен олимпиадаларға қатысқан, сол себепті оларға мұндай ірі компанияға жұмысқа тұру оңай.Барлық құқықтар сақталған.
– Google-да қандай жобаға жауаптысыз?
– Бастапқыда әлемнің он шақты еліне тегін Wi-Fi тарататын Google stations жобасын дамытуға жауапты командада жұмыс істедім. Десек те, биыл жыл басында бұл жоба компания үшін тиімсіз болу себебінен жабылып қалды. Оның үстіне, интернет таратуға қатысты әр елдің өз заңы бар, біреу мұны құптар, енді біреуі құптамас. Бұған қоса, тегін дүние болған соң, компанияға түсер пайдасы да онша болмады-ау. Сосын бұл іске жауапты команданың тең жартысы Google payments жобасына ауыстық. Қазіргі таңда осы жобамен айналысып жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Google payments цифрлық форматтағы әмиян іспетті, мұнда кез келген өнімді Google payments мобильді қосымшасы арқылы сатып ала аласыз. Бұл – маған өте қызық, себебі бұған дейін мен тек серверлік желілер бойынша жұмыс істеуді үйренгенмін, сондықтан мобильді қосымшамен байланысты мұндай үлкен жоба – мен үшін тың нәрсе. Бұған қоса, мұнда көптеген жаңа технологияны үйренуге мүмкіндік бар. Бүгінде Google инженерлері құрастырған Flutter (dart) технологиясына әлем бойынша сұраныс көп, сол себепті әлем қолданатын әрі тегін тұрған дүниені үйреніп жүрмін.
– Мұндай компанияларға жұмысқа қабылданудың өзі белгілі бір кезеңдерден тұратын күрделі процесс екенін жиі естиміз. Сіздің жағдайыңызда қалай болды?
– Жұмысқа шақырту, заманауи тілмен айтқанда, оффер алған соң, компанияның кадрмен қамту бөлімімен байланыс орнатасыз, мұндағылар құжаттарды түгендеп, компания жұмысымен таныстырады. Сосын келесі кезеңде қырық бес минут бойы онлайн режимде есеп шығаруың керек. Кейін кеңсеге шақыртыласыз, мұнда күні бойы сонда жұмыс істейтін бес-алты маман сізге бағдарламалауға қатысты әртүрлі бағыттағы сұрақтар қояды. Осы кезеңдерден өткеннен кейін, арнайы комиссия нәтижеңізді бағалап, әлгі мамандардың берген бағасын саралап, соңғы кезең – келісімшарт жасасуға бағыттайды. Мен мұны саудаласу деп айтамын (күліп). Мұнда айлық, еңбек демалысы бойынша саудаласасың. Елде еңбекақы ай сайын беріледі ғой, ал мұнда олай емес, табыс түрлері көп, апта, екі апта сайын берілетіні бар, сосын қызметкерге компания акция ұсынады, мұнымен қоса, жыл сайын белгілі бір көлемде бонус береді. Мен мұндағылармен ары саудаласып, бері саудаласып, нәтижесінде екі тарапқа қолайлы ортақ бір мәмілеге келдік, десек те, кейін қарасам олар маған мен күткеннен де көбірек жалақы тағайындапты (күліп).
– Сосын мұнда жұмыс істеу тәртібінде қатып қалған қағида жоқ екен, сол рас па?
– Иә, ол рас. Жұмысқа бару, қайту уақытың өзіңе байланысты. Жұмыс барысымен кездесуді де өзіңе ыңғайлы уақытқа белгілеп аласың. Бар болғаны – өзіңе міндеттелген жұмысты дер кезінде аяқтасаң болғаны. Дегенмен мұндай ғимараттың ішіне бір кірсең, шыққың келмей қалатынын жоғарыда айтып өттім. Онда әр ғимаратта екі-үш тамақтанатын орын бар, мұнда әр елдің ұлттық тағамдарын әзірлейді. Мәселен, сушиді ұнатсаңыз, арғы бетте тұрған жапон асханасына бара аласыз, үнді тамағын қаласаңыз, бергі беттегі сол елдің тамағын әзірлейтін кафеден тамақтана аласыз. Сосын арнайы жасақталған ғимараттарда қызметкердің бос кезінде айналысуына тиімді көптеген секция жұмыс істейді. Гитара үйрену, пианинода ойнау, сурет салу секілді үйірмелер бар, мұның барлығы қызметкерлер үшін тегін. Тіпті, жұмыс барысында киіміңізді абайсызда былғап алсаңыз, үйге бармай-ақ, осындағы арнайы бөлмеде жуып алсаңыз болады. Сосын мұнда спорт секциялары да көп, тиісінше қызметкерлер арасында көптеген сайыс ұйымдастырылады. Өзім футболға қызығатындықтан, әріптестеріммен жиі доп теуіп тұрамын. Жалпы, Google компаниясының Кремний алқабының әр аймағындағы филиалдарында отыз мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Әлбетте, мұндай ірі компания басшылығының сан мыңдаған қызметкеріне қолайлы жағдай жасап, өзіндік мәдениет пен ережесін қалыптастыратыны түсінікті жайт. Дегенмен, мен Кремний алқабында ІТ астанасы немесе қолайлы жұмыс орны болғандықтан тұрып жатқаным жоқ. Мұнда өзімді қауіпсіз сезінемін, оның үстіне, ауа райы да қолайлы, мұнда қатты суық немесе қатты ыстық болмайды. Оның үстіне, үш ұлымның оқуына да қолайлы жер. 5-сыныпта оқитын үлкен ұлым біз тұрып жатқан қалада өз жасына қатысты категория бойынша қалалық футбол командасында өнер көрсетеді. Ал жұбайым үйде балалардың оқуына қарайласады, бұған қоса, қазір онлайн режимде оқуға мәжбүр болғандықтан, балалардың оқуына баса көңіл бөлу қажет.
– Амстердамдағы Booking.com компаниясының бас кеңсесінде жиырмаға жуық қазақ жұмыс істейді екен. Ал бірнеше ірі компанияны тоғыстыратын Кремний алқабында жұмыс істейтін қазақтар саны бұдан да көп шығар?
– Білуімше, қазіргі таңда жалпы алқапта шамамен отыз-қырық қазақ жұмыс істеп жатыр. Көпшілігіміз демалыста, түрлі мейрамдарда бас қосып тұрамыз. Мұнда бір мектеп пен университетте оқыған достарымнан бөлек, тіпті бір ауылда өсіп-өнген ауылдастарым да жұмыс істейді. Сосын осы жерге келіп танысқан қазақтармен де байланысымыз жақсы. Ал Google-дың көптеген филиалдарында жұмыс істейтін қазақтар арнайы құрылған чат арқылы жұмысымызға және Қазақстанға қатысты мәселелерді талқылап отырамыз.
– Өзіңіз секілді әлемнің ірі компанияларында жұмыс істейтін қазақтар елдегі ІТ саласының дамуы кенжелеп тұр дегенді жиі айтады. Бұл жөнінде сіз не айта аласыз?
– Қазақстан – жас мемлекет, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл енді толады. Ал ІТ саласы батыста қай заманнан бері дамып келе жатыр. Соңғы он жыл ішінде Қазақстан батысты қуып жетпесе де, ілгерілеушілік бар деп айта аламын. Әрине, үйренуді, игеруді қажет ететін жаңа технологиялар жетерлік. Дегенмен қазіргідей қолыңды созсаң, қалағаныңды алатын заманда жаңа технологиялар қолжетімді, қолайлы әрі аса күрделі емес. Сосын елде атқарылып жатқан жұмысты жоққа шығаруға болмайды. Елде жаңа технологиялармен таныстыру үшін түрлі зертханалар ашылып жатқанын білемін. ҚБТУ-да оқыған тұрғыластарым да жаңа технологияларды меңгеру ісін үйретіп жүргенінен хабардармын. Мәселен, соңғы рет елге барғанымда елдегі кең қолданылатын бір банктің мобильді қосымшасының әлемдік стандартқа сай әзірленгенін байқадым. Тағы сол секілді жаңалықтар жетерлік. Сол себепті елдегі ІТ саласы кенжелеп қалды дегенге онша келіспеймін. – Сіз секілді болашақта Google корпорациясында жұмыс істеуді мақсат тұтып жүрген қазақстандық жастарға айтарыңыз бар ма? – Google-ға жұмысқа орналаспай тұрып, мұндағы адамдар өте білімді, еш қателеспейді, құдды бір роботтар секілді жұмыс істейді деп ойлайтынмын, сөйтсем, мұндағылар да өзіміз секілді қарапайым адамдар екен. Олар да жаңылысады, олар да қате шешім қабылдайды. Десек те, олар қатаң дайындықтан өткен, технологияның «тілін» ерте жастан меңгерген, бірақ мұны үйреніп алу анау айтқандай қиын емес. Мұнда келгенге дейін екі компанияда жұмыс істегенімді айттым, қазір сараптап қарасам, мұндағы мамандықтардың асып бара жатқан түгі жоқ. Ең басты қызметкерлер жұмыс істеу ережесін және ағылшын тілін жақсы біледі. Біз тек жаңа ортаға бейімделу және тіл білмеу жағынан ғана ақсап жатқанымыз болмаса, әлгі мамандармен тең дәрежеде жұмыс істей аламыз. Сізге мынаны айтайын, еңбек еткен қазақ шетелдің мен деген маманынан артық болмаса, кем түспейді. Соған көзім жетті. Арамызда жалқау бауырларымыз да жоқ емес, десек те, бізді көпшілік еңбекқор халық деп таниды. Сосын өзімді өмір бойы бір компанияға жұмыс істеймін деп айта алмаймын. Алдағы уақытта жеке жоба ашқым келеді, сол кезде бұл жобаға тәжірибе жинақтағысы келетін, біліктілігін арттыруды ойлайтын бауыр-қарындастарымды жұмылдырып, өз білген-көргеніммен бөлісіп, оларға жаңа нәрсені тиімді қолданудың қыр-сырын үйреткім келеді.