Google компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық қызметі туралы айтып берді


Google әлемдік деңгейде дамыған ірі компаниялардың бірі. Сонымен қатар, ғаламторлық ең үлкен ақпарат іздеу желісі. Бүгінде Қазақстанда Google компаниясының кеңсесі жоқ. Дегенмен ірі корпорацияда қызмет атқарып жүрген отандастарымыз жеткілікті. Солардың бірі Лондондағы Google компаниясының бас кеңсесінде қызмет атқаратын - Ануар Серіков, деп хабарлайды baribar.kz.




IT саласын таңдауыңызға не түрткі болды?


2018 жылдан бастап Лондон қаласындағы Google кеңсесінде "Software Engineer" лауазымында, яғни инженер-программист қызметін атқарамын. Жалпы бұл жұмыс орнына қалай келдім? Әуелі осы сұраққа тоқталып өтсем. Өзім бала кезден информатика пәніне жақын болдым. Информатика пәніне қабілеттілігімді 8 сыныпта оқып жүрген кезімде білдім. Сол жылы мектебімізде барлық пәнге арналған логикалық тапсырмалар желісінде құрылған тест ұйымдастырылды. Тестті шешу арқылы оқушылар қай пәнге қабілетті және болашақта қай пәннен олимпиадаға дайындалу керек екенін анықтады. Достарымның бірі биологиядан, бірі физикадан, бірі химия пәнінен жақсы нәтиже көрсетті. Ал информатика пәні бойынша мен және Мәди, Шерзат деген сыныптастарым ғана іріктеу кезеңінен өтіппіз. Бұл жағдай біз үшін үлкен қуаныш болды. Сол уақытта мен арманыма бір қадам жақындадым.


Бастапқыда ақпараттық жүйелерге қатысты тапсырмалар біз үшін түсініксіз болды. Кейбір программалау тілдері, консольдер, графиктер, алгоритмдерді түсіну қиындық тудырды. Сол уақытта: "Контест деген не? Кормен деген кім? Рейтингті қайдан білуге болады?" деген сансыз сұрақтар мазалады. Бұл сұрақтарға жауап беретін, ақыл-кеңестерін айтатын, тәжірибесі бар жасы үлкен жігіттер де болмады. Есесіне бізге мықты тәлімгер жолықты. Тәлімгеріміз өзінің білімі мен қабілетіне сәйкес бізге бағыт-бағдар көрсетіп, жол нұсқап отырды. Біраз күн өткеннен соң информатика пәнінен білікті мұғалім келді. Ол кісі компьютерлік білімімен қатар, арманымызға қанаттандыратын қанатты сөздер айтып, әрдайым бізге мотивация беріп отырды. Мұғалімдерім мен тәлімгерлерімнің арқасында мектептің соңына дейін барлығы үшін "информатик" болдым.



Қаншама жыл өтсе де, өмірімді байланыстырғым келетін сала туралы мүлдем ойланбаппын. Дегенмен өмірімді ақпараттық технологиялармен байланыстырғым келетінін түсіндім. Мектеп кезінде әртүрлі олимпиадаларға қатысып жүріп, Назарбаев Университетіндегі Computer Science мамандығына бакалаврға оқуға түстім. Спорттық бағдарламалау, әртүрлі жобалар және өз салам бойынша тәжірибелік жұмыстар Professional Background’a-да кәсіби білімімді шыңдауға септігін тигізді.


Содан соң Калифорния штаб-пәтеріндегі гугл компаниясынан тәжірибелік сыныптан өттім. Оңтүстік Кореяда UNIST’e дәрежесін иемденген Мәди де осы компаниядан тәжірибеден өтті. Солтүстік Американдық университетті бітіріп, бізден бір жыл бұрын дипломын алған Шерзат та, Software Engineer’a бағыты бойынша жұмыс істеді. Сол жылғы жаз айы мектеп кезінде шашырап кеткен сыныптастардың басын біріктірді.


Google компаниясына қалай қабылдандыңыз?


Тағылымдамадан (стажировка) өтуім күз айында басталды. Сыныптасым – Шерзат сол кезде Google компаниясымен "Software Engineer’a" бағдарламасы бойынша келісімшартқа отырды. Ол менің түйіндемемді гугл рекрутерлеріне жіберді. Содан компания түйіндемеммен таныса отырып, сұхбаттасу үшін хат жолдады.


Бір айтарым түйіндеменің электронды көшірмесі әрдайым қолыңызда жүргені абзал. Түйіндеменің мазмұны әлеуметтік желілерде мысалмен көрсетілген. SlashCV.com сайтынан түйіндемені әдемі безендіруді үйрене аласыз.


Кандидатураңызды ұсынған кезіңізде ішкі ұсыныс үлкен рөл ойнайды. Бұл кезеңде ең маңыздысы – рекрутердің назарын аудару. Олар сізге жазатындай және қоңырау шалатындай болуы керек. Бір сөзбен айтқанда сендіре білгеніңіз жөн. Кандидатураңызды jobs.google.com сайтына кіріп, бере аласыз. Егер көңілінен шықсаңыз сізге хабарласады немесе хат жолдайды.



Қызметкерлеріне қоятын критерийлері қандай?


Ірі әлемдік компаниялардың қызметкерлерге қоятын критерийлері әртүрлі. Әрине, бәрі де қызмет саласына және компания түріне, басшылығына байланысты. Мүмкін, ең маңызды дағдылардың бірі – тез үйреніп, жаңа нәрсеге бейімделу шығар. Технология өте жылдам дамып келеді. Бәсекеге қабілеттілікті жоғарлату үшін әрдайым жаңа технологияларды меңгеріп отыру қажет. Артта қалып қалмауыңыз үшін – жаңа нәрсені үйреніңіз. Ал барлығына үлгеру үшін, жетістікке жету үшін әрдайым біліміңізді шыңдап, бос уақытыңызды пайдалы іске арнауыңыз керек.


Google-дың ішкі жұмыс істеу жүйесі туралы не айтар едіңіз?


Google-дың ішкі жұмыс жүйесі туралы көп айта алмаймын. Себебі, жұмыс уақытының көп бөлігі құпия ақпарат. Бұл көптеген үдерістерді құрайтын басқа әлем. Бастысы компания қызметкерлеріне өте жақсы қарайды. Жұмысты өзімізге ыңғайлы график бойынша атқарамыз және тамақтары да тегін. Кеңсемізде тегін жаттығу залы, кітапхана, ойын бөлмесі және басқа да демалуға мүмкіндік беретін бөлмелер бар. Компаниямыздың кеңселері көп жерлерде болғандықтан, кез келген жерге қыдырып баруға және солардың бірінде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Компанияның миссиясы – әлемдегі барлық ақпаратты жүйелеп, оны тез және ыңғайлы нұсқада халыққа жеткізіп отыру. Бұл жерде жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты талап етеді.



Google – өте үлкен компания және көптеген жобалармен айналысады. Әрине, гуглды барлығында жақсы деп айта алмаймын. Себебі, нарықта өз позицияларына ие басқа да компаниялар бар. Мысалы үшін, әлеуметтік желіде Facebook, сауда сервисінде Amazon, ал Booking саяхатпен айналысады. Әрқайсысының өз артықшылығы мен кемшілігі, философиясы, тарихы мен құндылықтары бар. Ғаламтордағы мұндай көріністерге қарау өте қызықты. Себебі бүкіл әлем осы желілерге тәуелді. Бұрындары ауқымды тақырыптарды талқылаймын деген ой болмапты. Алайда мұндай тақырыптарда сөз қозғасам да, компанияның болашағы туралы айтудан аулақпын.


Гуглда жұмыс істеу арқылы көп жаңалықтан хабардар боласың және әлемдік компанияның ішкі құпияларын білетін артықшылыққа ие боласың. Барлық ақпарат үлкен жауапкершілікті талап етеді және барлық мәліметтерді құпия ұстаймыз. Сондықтан да компанияда болашақта қандай жаңалықтар болатынын және хабарландырулар туралы ештеңе айта алмаймын.


Батыс елдері мен Қазақстанның IT саласындағы ұқсастықтары мен ерекшеліктерін атап өтсеңіз?


Астана қаласында Назарбаев Университетінде оқыдым. 2-курстан бастап мамандығым бойынша жұмыс істедім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бір жыл бойы Астана мен Алматыда жұмыс істедім. Сондықтан еліміздің еңбек нарығы туралы білемін. Шетелге кетуімнің себебі: мол тәжірибе жинап, кәсіби деңгейде өскім келді. Әлемдік деңгейде осы саланың білікті мамандарымен тәжірибе алмассаң, әрқайсысынан жаңа нәрсе үйренесің. Қазақстанда да өсуге болады, алайда бұл процесс ұзақ әрі қиын.


Батыс елдері мен Қазақстанның ақпараттық технологиялар нарығын мүлдем салыстыруға келмейді. Себебі, батыс елдерінің нарығы әлдеқайда жоғары. Бұл мемлекеттерде басқа нарық, басқа мәселе, басқа пайдаланушылар. Ұқсастықтары жұмысшылардың жетіспеуі. Қазіргі уақытта көптеген жұмыс орындары бар. Алайда Қазақстанда да, шетелде де жұмыс атқаратын білікті мамандар жеткіліксіз. Болашақта шетелден жиған білімім мен тәжірибемімді, елге қайтып оралған соң еліміздің өсіп-өркендеуіне арнаймын.


Қазіргі таңда Лондон қаласында "Google Arts & Culturе" командасының мүшесімін. Біздің миссиямыз адамзаттың бүкіл мәдени мұрасын сақтап, оны барлық адамдарға онлайн режимінде жеткізу. Жоғары идеямен жұмыс істеу мені шабыттандырады. Әлемдегі миллиондаған пайдаланушыларға көмегіңнің тиіп жатқанын сезіну, үлкен бақыт. Сондықтан осы жобаның дамуына өз үлесімді қосамын.



Қазақстанның IT саласын дамыту үшін не жетіспейді?


Өте қиын сұрақ. Біздің елімізде аталмыш сала қарқынды дамып келеді. IT мамандығы жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие. Сонымен қатар, белсенді жастар легімен жаңа жобалар мен стартаптар пайда болуда. Еңбектеніп жүрген жастарымыз да аз емес. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен сандық компаниялар үшін салық жеңілдіктерін жасау жақсы болар еді. Өйткені, жаңа прогреске қол жеткізгендерді қатты ынталандыру керек. Сондай-ақ, мектептер мен университеттерде оқу үрдісін қайта қарастыру қажет деп ойлаймын. Шынайы ынталандыру, шынайы табысқа айналады. Қандай да бір істі бір адам бір адамнан жақсы істей алатын болса, ол нәрсе бүкіл әлемде танымал бола бастайды. Сол себепті біз де әлемге танымал болу үшін сапалы білім алып, сапалы дүние жасауымыз қажет. Ең бастысы еңбек етуден және жаңа нәрсені меңгеруден шаршамауымыз керек.


IT саласын дамытқысы келетін жастарға айтар ақылыңыз қандай?


Әлеуметтік желідегі парақшаларымда әркез пайдалы кеңестер мен пайдалы ақпараттарды бөлісіп отырамын. Менің www.anchik.me сайтымда бағдарламауды және Android және iOS қосымшалары, конкурстарға қатысу, сұхбаттасуға қалай дайындалуға болатыны жайлы пайдалы ақпараттар тізімі бар. Бір айтарым мақсаттарыңыз үшін еңбек етуден шаршамаңыз. Қай салаға қабілетті екеніңізді қазірден бастап шешіңіз және сол сала бойынша шыңдалыңыз. Өзгерістен қорықпаңыздар. Жақсы нәтиже қажырлы еңбекпен келеді. Оқыңыз! Өсіңіз! Дамыңыз!


Кітап оқуға жеткілікті уақыт бола бермейді. Бірақ бос болған кезде міндетті түрде кітап оқуға тырысамын. Жалпы биографиялық, тарихи және техникалық кітаптарды оқыған ұнайды. Өзімнің телеграм каналымда оқыған кітаптарыммен бөлісіп отырамын. "Әлибаба", Дункан Кларка; "От нуля к единице", Питер Тиля; "Жестокий век", Иса Калашниковтың кітаптарын оқуға кеңес берер едім.

Другие новости