Хабиб Нұрмағамедов 26 жастағы қарағандылықтың арманын орындады


UFC чемпионы Хабиб Нұрмағамедов Қарағанды тұрғынының хатына жауап берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 31 желтоқсанда Хабиб Нұрмағамедов балалардың арманын орындағысы келетінін жазған болатын.




Қаңтардың 7-сінде Хабиб Нұрмағамедов өзіне ұнаған 10 баланың арманын өзінің Instagram парақшасына жариялады. Хабибке хат хэштегімен өз арманын жазғандардың қатарында Қарағандының тұрғыны да бар.



"Сәлеметсіз бе, қадірменді Хабиб! Менің есімім - Саша, жасым - 26-да. Әзірге менің балаларым да, әйелім де жоқ. Бірақ Қарағанды қаласындағы балалар үйінде кішкентай достарым бар. Олардың көпшілігі ақылды әрі талантты. Әрбір баланың өз арман, мақсаты бар. Егер сіздің ақыл-кеңесіңізді ең болмағанда 2-3 минут тыңдаса, балалардың арманына қанат бітіп, шабыттанатын еді. Сізден сыйлық ретінде өміріңіз бен кәсібіңіз туралы жазылған кітапты сұрағым келіп тұр. Сіздің видеоүндеуіңіз немесе ең болмағанда кітабыңыз балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аяққа нық тұрып, алға қарай ұмтылуына, алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жетуіне үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Менің хатым сізге жетеді деп үміттенемін. Сізге деген үлкен құрметпен Александр!", деп жазған қарағандылық тұрғын.


Хабиб бұл хатты оқып, жауап жазды. Биылғы жылы Қарағандыға баратынын айтты.


"Биыл міндетті түрде Қарағандыға ұшып барамын. Алла қаласа, сіз айтқан балалар үйіне де баратын боламын. Ал сенің бұйымтайың бойынша саған дайректке жазатын болады",- деп жауап берді Хабиб Нұрмағамедов.



Ал Александр қуанышымен өзінің Instagram парақшасында бөлісті.



"Мен Хабибтің хатын күткендей бұрын ештеңені күтпеген едім. Достар, ғажайыптың болатынына сеніңіздер, міндетті түрде орындалады", - деп жазды Александр Корогодов.

Другие новости