​ХОК қазақстандық ауыр атлетшілердің медалін тартып алды


Халықаралық олимпиада комитеті қазақстандық 3 ауыр атлетшіні 2012 жылғы Олимпиаданың алтын медалінен айырды. Бұл туралы ұйымның ресми пресс-релизіне сілтеме жасап, Vesti.kz хабарлайды.




Алтын медалінен айырылатын атлеттер – Майя Манеза, Зульфия Чинчанло, Светлана Подобедова. Бұл үш спортшы да Лондондағы сайыста өз салмағында чемпион атанған болатын.


Жақын арада Манеза, Подобедова, Чинчанло алтын медалдерін қайтаруы керек. Жарыс қорытындысы қайта қаралатын болады.


ХОК бұл шешімге аталған спортшылардың допинг сынамаларына жасалған тест нәтижесіне сай келген. Тыйым салынған препараттар биылғы жылдың басынан өткізіліп жатқан ХОК-тың WADA-мен бірлескен сынақтарынан кейін анықталыпты.


Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана ХОК қазақстандық күресші Тимур Тигиевтен 2008 жылғы Олимпиаданың күміс медалін тартып алған болатын.


Енді жуық арада допинг сынамаларынан тыйым салынған заттар табылған тағы 5 қазақстандық ауыр атлеттің нәтижелеріне шешім шығарылатын болады. Олар: Илья Ильин, Мария Грабовецкая, Ирина Некрасова, Владимир Седов, Алмас Өтешов. Онымен қоймай, Ильяның екі олимпиададағы сынамасынан да допингтік препараттар табылғандықтан, енді Қазақстан екі алтын, бір күміс, бір қола жүлдеден айырылуы мүмкін.

Другие новости