Иманғали Тасмағамбетов осы уақытқа дейін немен айналысты


Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.




Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов – мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаткер. Қазақстан Республикасының бесінші премьер-министрі болған және бірнеше министрлік пен облыс, қаланы басқарған адам. 1956 жылы қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында туған.


Мұғалім Иманғалиден…


Иманғали Тасмағамбетовтің балалық шағы, оқыған мектебі туралы ақпарат ашық дереккөздерде аз кездеседі. Дегенмен, оның жиырма жасынан бергі өмірі көптің назарында.


Иманғали Нұрғалиұлы 1979 жылы Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен түлеп ұшқан. Мамандығы – география және биология пәнінің мұғалімі. Ең бірінші жұмыс орны – өзінің ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі. Кейін сол Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.



Арада он жыл өте, 1989 жылы Иманғали Тасмағамбетов ұстаздығымен қатар, қоғамдық қызметте бас көрсете бастайды. Ең алдымен «лениншіл» жастардың жанынан табылады (Қазақстанның Лениншіл коммунистік одағы орталық аппаратының бірінші хатшысы қызметі). 1991 жылы тәуелсіз Қазақстанның жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болады.


…премьер Тасмағамбетовке дейінгі жол


Иманғали Тасмағамбетов ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, қайта айналып, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы атқарып келе жатқан қызметі – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.



Халқына жақын әкім


Халық Иманғали Тасмағамбетовтің саяси карьерасындағы өзге сатылардан қарағанда, әкім ретіндегі рөлін өте жақсы таныды. Ол Атырау облысының (1 жыл), кейін Алматы қаласының (4 жыл), содан барып елордасы – Астананың әкімі (6 жыл) болды.


Оның Алматы қаласына әкім болған кезеңі Қазақстандағы экономикалық дағдарысдың бірімен тұспа-тұс келсе де, ол қаланы жан-жақты дамытып, тұрғындардың көңілінен шыға білді. Ал, Астанаға әкім болған уақыты – елорданың қарқынды дамуы, өте үлкен миграциямен қатар келді. Иманғали Тасмағамбетов бұл қызметті де абыроймен атқарып, астаналықтардың сүйікті әкіміне айналған еді.


Оның әсіресе халыққа жақындығы, баспана мәселесіне тыңғылықты қарауы, әрбір есеп беру кездесуінде мінберде сағаттап тұрып, әрбір сұраққа жан-жақты жауап беруі әкім ретіндегі беделі мен абыройын асқақтата берді. Астананың әкімі болған ең алғашқы жылдардағы есеп беру кездесулерінде айтқан сөздері ел аузынан әлі түспей жүр.


Мәселен, Иманғали Тасмағамбетов Астана әкімі ретіндегі ең алғашқы есеп беру кездесуінде неше жыл кезекте тұрса да, пәтер ала алмай жүрген ардагерге "мен сізге бір айда пәтер беремін, уәде етемін" деп, қарияның батасын алған болатын.


Ал, кездесулерінің тағы бірінде "мешіттен шығатын азан дауысы маза бермейді" деген орыс ұлтының өкіліне азанның тек бес уақыт айтылатынын жақсы білетін Иманғали Тасмағамбетов "алтыншы рет шақырса, маған айтыңыз" деп жауап беріп, жұртты күлкіге қарық қылған еді.


Қазақ тілінің жанашыры


Иманғали Тасмағамбетовтің қандай саяси лауазымда жүрсе де, мемлекеттік тілге көрсеткен құрметі де көпке белгілі. Жиналыстарының көбін қазақ тілінде өткізіп, қазақ тілін бірінші орынға қоя білді. Жастармен өткізген кездесулерінің бірінде ол «қазақ тілі өзгеге емес, өзімізге керек» деп, өзге шенеуніктерге үлгі көрсеткен.


"Ең өзекті мәселе – ана тілі, қазақ тілі жөнінде болмақ. Осы 25 жыл ішінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін мемлекет біршама іс атқарды деп есептеймін. Мұнда бір ғана мәселе бар, біз 25 жыл бойы қазақ тілі өзгеге емес, өзімізге керек екенін түсінбей келе жатырмыз", — деген Иманғали Тасмағамбетовтің сөзі желіге тез таралып кеткен еді.


Тасмағамбетов Ресей Федерациясындағы елші қызметінде де қазақ тіліне жанашырлық таныта білген дипломат саясаткер деуге болады. Ол – орыс елінде жүріп, қазақ тілінде баяндама жасаған аз адамның бірі.


Күлтегінді қайтарған қайраткер


Иманғали Тасмағамбетов Абай Құнанбай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ғабит Мүсірепов және Әлкей Марғұлан сияқты қазақ ғылым-білімі мен әдебиетіндегі нар тұлғалардың 150, 100 жылдық мерейтойларын ЮНЕСКО аясында тойлап берген адам. Сол арқылы саясаткер ұлттың қоғамдық-ағартушылық жұмыстарына көп үлес қосты. Қазақ этнографиясы, тарихы мен археологиясына қатты қызыққан Иманғали Тасмағамбетов осы тақырыптарға арнап бірнеше кітап жазған.



Иманғали Тасмағамбетов бастаған тарихшылардың Моңғолия Республикасына жасаған экспедицияларының арқасында 2000 жылы Күлтегін тасы Қазақстанға жеткізілген еді.


Осы және өзге де жұмыстары үшін Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО-ның "Жібек жолы" атты медалімен марапатталған. ЮНЕСКО-ның бұл медалі ұйым атынан берілетін жалғыз күміс медаль, қалған медальдері қола.


Отбасы


Иманғали Тасмағамбетовтің әкесі – Нұрғали Тасмағамбетов 1926 туып, 1997 жылы қайтыс болған. Анасы – Ділдә Қоқанова 1930 жылы туған. Әпкесі – Нұрсұлу Тасмағамбетова – медицина ғылымдарының докторы.


Иманғали Тасмағамбетов әйелі Клара Бекқұловамен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курсында танысып, бесінші курсында отбасы құрған. Екі қыз, бір ұлы бар.



Балаларының арасында ел аз да болса білетіні – Әсел Тасмағамбетова. Ол – 1979 жылы туған. Мамандығы заңгер. "Сәби" атты қайырымдылық қорының негізін қалаған. Оның күйеуі – Қазақстанда белгілі бизнесмен Кеңес Рақышев.


Тасмағамбетовтің кіші қызы өнер адамы. Аты – Софья Тасмағамбетова, суретші. Атақты Павел Драгуновтың шәкірті. Ұлы –Нұрсұлтан Тасмағамбетов 1994 жылы туған. Ашық дереккөздерден Нұрсұлтан Тасмағамбетов туралы ақпарат жоқтың қасы. Тек кәсіпкер екені жазылып жүр.

Другие новости