Двое жителей Астаны попали под арест из‑за салютов: они хотели поздравить друзей с днём рождения, но нарушили покой соседей.
Енді қазақстандық оқушылар жасанды интеллект туралы тек интернет немесе әлеуметтік желіден көріп-біліп қоймайды. 2025-2026 оқу жылынан бастап мектептерде “Цифрлық сауаттылық” және “Информатика” пәндеріне жасанды интеллектіні оқыту енгізілді . Оқушыларға арнайы әдістемелік материалдар әзірленіп, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары да қосылды. Оқушы ЖИ-ді тек теория жүзінде оқып қоймай, оны цифрлық сауаттылық және бағдарламалау дағдыларымен бірге меңгере алады. Десе де, ЖИ-ді қолдануды үйрету мен ЖИ-ға тәуелділіктің арасын ажыратқан абзал.
Бүгінде жасанды интеллект мәтін жазады, есеп шығарады, сурет салады, аударма жасайды, ақпаратты талдайды. Демек, мектеп оқушысына енді компьютерді қолдану дағдысымен қатар, жасанды интеллектіні қалай және қай кезде қолдануды үйренуге тура келеді. Аталған мәселеде Қазақстан жалғыз емес. Әлемнің әр түкпірінде мектептер дәл осы тәжірибеден өтіп жатыр. Бірақ олардың таңдаған жолдары бір-біріне ұқсамайды.
Эстония. Еуропадағы ең қызықты тәжірибелердің бірі Эстонияда жүріп жатыр. 2025 жылы ел AI Leap бағдарламасын іске қосты . Бағдарлама мақсаты — оқушылар мен мұғалімдерге ЖИ құралдарын қолжетімді етіп қана қоймай, оларды тиімді пайдалануды үйрету.
Ал 2026 жылы Эстония жоғары сынып оқушыларына ЖИ құралдарын мектепте жүйелі түрде пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа қадам жасады. Елдегі тәжірибенің қызық тұсы — оқушыға тапсырманы дайын күйінде орындап беретін емес, оның өз бетімен ойлануына жетелейтін ЖИ моделін қолдануға тырысуы. Мысалы, жүйе оқушының орнына эссе жазып бермейді. Оның орнына жоспар құруға көмектеседі, сұрақтар қойып, ойлануға жетелейді.
Елдегі зерттеулердің бірінде жоғары сынып оқушыларының басым бөлігі генеративті ЖИ-ді оқу тапсырмаларында пайдалана бастағаны анықталған. 10-12 сынып оқушыларының 90,2%-ы ЖИ құралдарын оқу мақсатында пайдаланатынын айтқан. Ал 6-9 сыныптарда бұл көрсеткіш 74,2%. Оқушылар ЖИ-ді көбіне үй тапсырмаларын орындау, идея генерациялау, тақырыптарды қысқаша түсіну немесе жинақтау үшін қолданған. Нәтижеге сәйкес билік ЖИ қолдану мәдениетін қалыптастыруды маңызды санады.
Оңтүстік Корея. Жасанды интеллектіні білім жүйесіне батыл енгізіп жатқан елдердің бірі — Оңтүстік Корея. 2025 жылдан бастап Корея мектептерінде ЖИ негізіндегі цифрлық оқулықтарды қолдану басталды. Алғашқы кезеңде бастауыштың 3-4 сыныптары, орта және жоғары мектептің алғашқы сыныптары қамтылып, математика, ағылшын тілі және информатика сияқты пәндерге басымдық берілді.
Корея тәсілінің ерекшелігі ЖИ-ді жеке бір технология ретінде емес, оқу процесін жекелендіретін құрал ретінде қарастыруында. Мысалы, оқушы тақырыпты сыныптастарынан тез меңгерсе, жүйе оған күрделірек тапсырма ұсына алады. Ал белгілі бір тақырыпты түсінбеген оқушы қосымша жаттығулар мен түсіндірме сабақтарын алады.
Бірақ тәжірибе сәтті өтті деуге ерте. Кореядағы ЖИ оқулықтары қателер, дербес деректердің қауіпсіздігі және технологияға тәуелділік сияқты мәселелерге байланысты сынға да ұшырады. Яғни, технологияны мектепке енгізу оңай болғанымен, оны тиімді әрі қауіпсіз пайдалану әлдеқайда күрделі болып шықты.
Финляндия. Финляндияның тәжірибесі мүлде басқа қырынан қызық. Бұл ел балаларға ақпараттың шынайылығын тексеруді, жалған жаңалықты ажыратуды және медиадағы манипуляцияны тануды ерте жастан үйретіп келеді.
Енді бұл дағдыларға ЖИ сауаттылығы қосылып отыр. Мектеп оқушылары ЖИ жасаған сурет пен шынайы суретті ажыратуға, интернеттегі ақпараттың сенімділігін тексеруге және жасанды түрде жасалған контентті тануға үйренеді. Бұл тәсіл қазіргі уақытта аса маңызды. Өйткені жасанды интеллект ақпаратты табуды жеңілдеткенімен, оның дұрыстығына кепілдік бермейді.
Фото: unsplash.com/ Alex Shuper
Басты мәселе ЖИ-ді қолдануда емес
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мектептер бір сұраққа ортақ жауап іздейді: балаларды жасанды интеллектіден қорғау керек пе әлде ЖИ дәуіріне дайындау керек пе?
АҚШ, Қытай және Ресей мектептерінде ЖИ-ға толық тыйым жоқ. Аталған елдер негізінен ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізу, ЖИ сауаттылығын дамыту және жаңа технологияларға маман даярлау бағытын ұстанып отыр. АҚШ-та нақты ережелерді штаттар мен мектептер белгілейді, Қытайда ЖИ сауаттылығы мектеп бағдарламасына кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Ал Ресейде ЖИ технологияларын білім беру және мамандар даярлау жүйесіне енгізуге басымдық берілген.
Еуропа елдерінде бірыңғай саясат жоқ. Мысалы, Норвегия 2026 жылдан бастап бастауыш мектептің 1-7 сынып оқушыларына генеративті ЖИ-ді оқу жұмысында қолдануды негізінен шектеу енгізілді. Ал орта буында оны мұғалімнің бақылауымен ғана біртіндеп қолдану көзделген. OECD дерегінше, кейбір елдерде ЖИ-ді, әсіресе, емтихан кезінде қолдануға тыйым салынады. Шектеулер Англияда, Латвия мен Люксембургте қарастырылған, ал Швецияда үй тапсырмасын орындауда генеративті ЖИ қолдануды шектеу тәжірибесі болған.
Осы тәжірибелердің бәрін біріктіретін бір ой: ЖИ дәуірінде білімнің өзі емес, оны қалай алатынымыз өзгереді. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет ЖИ-ді мектепке енгізумен тоқтамайды. Оқушының жасанды интеллектіден жауап ала алуы жеткіліксіз. Ол сол жауаптың дұрыс-бұрысын тексеріп, қажет жерде сыни ойланып, технологияны жауапкершілікпен қолдана білуі керек.