Айдын Тоқсанбаева: «Фэйсбуктағы атымды сұрағанда, ыңғайсызданамын...»



Қанша қауырт уақыт болса да, қоғамда көмекке мұқтаж адамдардың жағдайына бейтарап қарап қала алмайтындар аз емес. Олар кейде жеке, кейде топ, ұйым болып, қолдауға зәру азаматтарға қол ұшын беріп жүреді. Қуантарлығы, мұндай топтар мен ұйымдастырушы азаматтар күн санап көбеюде.




Сондай қоғам беслсенділерінің бірі, көптеген қайырымдылық іс-шаралар мен акциялардың ұйытқысы, Алматы, Шымкент, Астана, Ақтау қалаларында құрылған «Қайырымды жандар» еріктілер тобының ұйымдастырушысы – Айдын Тоқсанбаева. Бойжеткеннің бастамасымен өткізілген «100 ата-апа кеші», «Ертегілер елінде» шаралары қарттар үйі мен балалар үйінің тұрғындарын бірнеше рет қуанышқа бөледі. Бүгінде белсенділер арасында ерекше Janym Baklajanym есімімен танымал Айдын Тоқсанбаеваға жұртты қызықтыратын бірнеше сұрақ қойған едік.


Айдын, талайлардың қуанышына себепкер болған «Қайырымды жандар» тобын ұйымдастыру идеясы сізге қалай келді?


Әрбір адамға материалдық қажеттіліктен бөлек моральдық, рухани азық та қажет екені белгілі. Бірақ күнделікті тіршіліктің соңында жүрген біз, айналамыздағы мұқтаж жандардың барын, оларға біздің көмегіміздің ауадай қажет екенін ұмытып кетіп жатамыз. Менің де бұл жастардың басын қосу идеям өзімнің әжеммен бірге қарттар үйне алғаш барғаннан соң туындады. Ондағы әрбір қарияға қыруар қаржының да, қол жетпес дүниенің де қажет еместігі, жәй ғана көңілдің, хал ахуалын сұрайтын жанның болғаны ғана екенін түсінуден басталды. Алғаш қарттар үйіне әжеммен бірге барып, ол жерден шыққан кездегі әсерімді әлі ұмытар емеспін. Сыртқа шыққанда, айналамдағының барлығы қара басын ғана ойлап жүрген бейбақтар сияқты көрінді. Барлығын жиып сол қарттар үйіне апарғым келді.

Осы күннен бастап, көкірегі ояу, көзі ашық, ел болашағы үшін құр ұрандап қана қоймай, нақты амалымен көрсете білетін бір топ жастардың басын қостық. Бұл топқа мен, тек себепкермін. Топтың көркеюуі, қарыштап дамуы, сол топтағы әрбір қазақ жастарының сенімі мен еңбегі деп түсінемін.


Аз ғана уақытта өте көп іс-шара өткізілді, оның бәріне қаржылық, ұйымдастырушылық көмекті қалай таптыңыздар?


Біздің топтың ұраны – "Жұмыла көтерген жүк жеңіл", "Жақсылық жасап жарысайық". Дәл осы сөздердің түбіне үңілсек, сол іс-шараларға қаржының қайдан табылғаны да, не себепті көп іс шараның болғаны да жатыр. «Он адам жүрген жерде із қалады, Жүз адам жүрген жер - соқпақ, Мың адам жүрген жерде жол қалады» дегендей, әр іс шарамыз замандастарымыздың, отбасымыздың қолдауымен өтіп жатыр. Негізі, шын ниетің сауапты іс, жақсылық жасау болып, кез келген қолында мүмкіндігі бар адамға дұрыс жеткізе алсаң, сол іс шараның өтуіне еш кедергі жоқ.



Бірнеше қалада Қайырымды жандар тобын аштыңыз, осы үрдісті тағы қандай қалаларда, қалай жалғастыратын ойыңыз бар?


Бүгінгі таңда "Қайырымды жандар" еріктілер тобы еліміздің бірнеше қалаларында жақсылық жаршысы болып жүр. Ол - Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау қалаларында мыңнан аса еріктілер бар. Алла нәсіп етсе, Тараз қаласында ашу ниетіміз бар. Ары қарай ұсыныс білдіріп, топқа мүше боламыз, біздің принципімізбен жұмыс жасаймыз деген жандар ниет білдірсе, сол қалаларда да ашылады. Алматы қаласы бірінші болғандықтан, осы топты құру барысындағы жүріп өткен жолымызды, ұйымдастыру әдістерімен басқа қалаларға бөлісуге дайынбыз. Біз үшін әркім маңызды. Топқа мүше болу деген тек қаржыны қажет етпейді. Ең бастысы – түзу ниет.



Қоғамдағы белсенді өміріңіз жеке өміріңізге кедергі жасаған уақыты болды ма?


Менің қоғамдағы белсенділігім жеке өміріме кедергі жасаған кезі де болған шығар. Бірақ, әр нәрсенің екі жағы бар. Тепе-теңдікті, балансты сақтай білудің арқасы болар, жеке өміріммен қоғамдық жұмыстарымды ұштастыра аламын деп сенемін.


Сізді көбі әлеуметтік желідегі ерекше есіміңізбен таниды. Сұрақ: Неге Айдын Тоқсанбаева емес, Жаным Баклажаным?


Кішкентай болсақ та, "бала маxаббат" деген бар... Садикте бір бала екеуіміз бір-бірімізді ұнатып жүрген екенбіз, оған үйдегілері "Сен қызыңның есімін атама" деп, "Жаным" деп айтуға үйретіп қойған екен. Суретке де біздерді бірге түсіріп жүретін. Содан балабақшада бір мейрамға кішкентай жеміс-жидек көрінісі ұйымдастырылған болу керек-ау, маған баклажан (баялды - ред.) болу бұйырыпты. Тәтем балабақшада істегендіктен, мен бір сол садиктін иесіндей, мыңқ етпей, есікті теуіп шығып кете беретінмін, тіпті, "тиxий час" уақытында да.

Содан әлгі концертте менің кезегім келеді. Ал мен жоқпын. Жаңағы бала махаббатымнан "жаның қайда, ол қай жеміс?" деп сұраса, ол: "Менің жаным - баклажан",- депті.

Солай бұл ұмытылған оқиға фэйсбук парақшасын ашып жатқанда, еске түсіп, елден ерекшеленгім келіп ЖАНЫМ БАКЛАЖАНЫМ деп тіркелдім.

Қайырымдылық іс шараларын өткізіп жүріп, көптеген керемет жандармен танысқанымда, "Мүмкін азан шақырып қойған есіміңізді жазасыз, әйтпесе біртүрлі екен" деп қаншама сын айтылды.

Немесе маңызды кездесулерде "Фэйсбугыңызды айтасыз ба?" деп барлығының көзінше сұрайтындар бар, ыңғайсызданып, "Кейін айтайыншы" десең, бой бермейді, амал жоқтан "Жаным Баклажаным" деймін. Оған көбі қарқылдап күлетін.



"100 ата-апа кеші", "Ертегілер елі" жобаларыңыз жайлы айта өтсеңіз. Бұл іс-шаралардың қызықтары мен қиыншылықтары, нәтижесі жөнінде білгіміз келеді


Әр нәрсенің екі жағы бар екені белгілі ғой. Қызығы мен шыжығы бар әр жобаның. Десек те, қарттар мен балалардың жүзінен күлкі көргенде, жақсы адамдармен танысып жатқанда қиындықтың бәрі ұмытылады. Нәтижсі сол, әр қалада тумай жатып тағдыр тәлкегіне түскен бүлдіршіндерге ертегі сыйлау, ата апаларымызға тағы да бір қуаныш сыйлау болып табылады. Ойымды, осы жасап жатқандарымның дұрыс екеніне дәлел болар серіктестіктерді табу болып табылады.


Сіздің əжеңіз де - қоғамда белсенді, игі істің басында жүретін адам. Шет елдегі суреттерін де салып жатады. Жалпы, қария бола тұра, сондай белсенді өмірді қалай сақтап қалды екен? Құпиясы неде?


Әжемнің құпиясы қарапайым – қозғалыс. Әжем әлі күнге дейін, "мен енді қартайдым, енді отырамын" деген емес. Құпиясы да сол деп ойлаймын. Әжемнің көңілі, жүрегі жас. Өзін солай сезінеді.



Сізден күніне орынды-орынсызы бар, бірнеше адамның көмек сұрайтынын жаздыңыз. Ондай көп өтінішті қалай ажыратып, көмектесіп үлгересіз?


Рас айтасыз, xабарласатындар өте көп. әрбір xабарласқан адамның шарасыздан жазатынын білемін. Барлық мүмкіндікті қолданып жатқанын да түсінемін. Десек те, менің де мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, нақты көмек бере алатын жандарға көмектесуге шешім қабылдаймын. Әр жанға жеке өзім барып, болмаса тобымыздың еріктілері өз көздерімен көріп көз жеткізбей, әрекет жасамаймыз. Біздің жұмыста да белгілі бір алгоритмдер бар.


Адамдар көбіне жақсылықты жасырын істеу керек дейтін принципті ұстанып, сізге қарсы пікір айтып жатады. Оларға қандай жауап берер едіңіз?


Мен жақсылығымды мақтан үшін емес, үлгі үшін айтамын. Осындай ұстанған принципіміздің арқасы болар, қазірде жастардың осы топқа қызығушылығы артып, көмек қолын созуға даяр азаматтардың бет бұрып жатқаны. Бұндай ұйымдар, бұндай топтар көп, біздікі тек, теңізге тамшыдай ғана болар. Сол себепті, жақсылық жолында бірге жұмыс жасауға әр қазақты шақырамын.


Ендігі қоғамдық өміріңізге қандай мақсаттарыңыз бар?


Біріншіден, өз атымнан, Қайырымды жандар атынан бізді қолдап жүрген азаматьарға алғыс айтқым келеді. Атын атап, түсін түстемей ақ қояйық. Тойxанасында кеш өткізген, көлігімен, қаржылай көмек еткен, ескі киімдерін де шын ниетімен берген әрбір жанға алғысымыз шексіз. Барлығы сол кісілердің арқасында. Ал менің жоспарым, елге пайдам тисе деймін. Жоспарымыз орасан. Еліміздің барлық қаласында осындай қайырымдылық шараларын өткізу. Бірақ , бұл менің кәсібім емес екенін барлығы түсінсе екен. Бірақ, өзімді елге пайдам тиетін орында көруді мақсат етемін.


Айдын, сұхбатыңызға көп рақмет! Барлық еңбегіңіздің жемісін көріңіз, сізге және тобыңызға сәттілік!

Другие новости