Қаза тапқан кеншілердің өліміне «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы марқұмдардың өзін кінәлады


Қарағанды облысы Саран қаласындағы кеніште 10 қараша күні болған апатқа аймақтағы бірқарат кеніш пен өндіріс нысанына қожалық ететін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы қаза болған кеншілердің өздерін кінәлі етіп отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz.




Естеріңізге салсақ, 10 қараша күні Саран шахтасында сағат түскі екі жарымдар шамасында апат болып, оқиға орнында 3 кенші көз жұмып, бесеуі ауруханаға жеткізілген.


Ашық дереккөздерде апаттың қалай болғаны жазылуда. Сол күні ауысым аяқталған соң 12 кенші «Феррит» дизельді көлігімен жоғары қарай өрлеп келе жатқан. Жолда көлік тіркемесінің тросы үзіліп кетіп, ондағы 12 адам 200 метр биіктіктен тіркемемен бірге төмен қарай құлаған. Әдеттегідей аталған оқиғаның себептері мен кінәлілерді анықтау үшін Инвестициялар және даму министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастаған.


Облыстық прокуратура болған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Арнайы комиссияның жұмыс қорытындысы шықпай жатып, кеніш қожайыны «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қайғылы оқиға болған күннің ертеңіне өңірдегі ақпарат құралдарына баспасөз хабарламаларын жолдап, онда болған апаттың «себептерін» көрсетіпті.


Компания басшылығы апатқа кеншілердің «техникалық стандарттарға сай емес көлік құралдарын пайдалануы» себеп болған деп отыр. «Алдын ала ақпараттарға сай, 10 қараша күні сағат 14.25-те жұмысшылар техникалық стандарттарға сай келмейтін көлікті пайдаланған. Талапқа сай емес көлікті дұрыс пайдаланбау үш адамның өліміне және бес адамның жарақат алуына әкеп соқты» делінген аталған хабарламада.


Алайда, апат себептерін қолмен қойғандай етіп көрсеткен компания басшылығы кеніште «техникалық талапқа сай емес» көліктің қалай пайда болғанын, оны пайдалануға кім рұқсат бергенін ашып айтпапты. Баспасөз хабарламасында сондай-ақ, ол көліктің қандай техника екендігі, апатқа нақты қандай ақаулар себеп болғаны да айтылмаған.


Другие новости