Құрбан айт - ұлттық мереке


Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша.

Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық - үлкен тарих, ұлы ғибадат.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза, жаңа киімдерін киіп, хош иісті әтірлерін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекесімен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанмен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

Жыл өткен сайын халық мерекенің қадір-қасиетін тереңінен сезініп, құрбандық шалушылар қатары көбейіп келеді. Шариғат нормаларын сақтап, құрбандық малын сою - үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан Нұр-Сұлтан өкілдігі құрбандық шалынатын нысандарда қызмет ететін қасапшыларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырып, білікті діни мамандар құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Алла Тағала барша мұсылман қауымының бұл күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай! Құрбан айт құтты болсын!

Другие новости