Күшік күйеудің жанайқайы

Өзін өртеу үшін Астанаға келген шаруа несиеге белшесінен батқанын айтып, ел президенті Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.


Фото: из видео Halyq Uni.



Осыдан 3 жыл бұрын Бауыржан Ақылбек Целиноград аудандық әкімдігінің байқауын жеңіп алып, 10 жыл бойы ақы төлеу арқылы жерді пайдалану құқығына ие болған. Алайда, 314 га жерді сатып алған фермер 200 млн теңге шығынға батқан.


Қожа шаруалығын ашу үшін Астандағы 3 үйін, енесінің және қарындасының баспанасын кепілге қойып несие алған.


"Алайда әупірімдеп, аяққа енді тұрып келе жатқан шаруашылығын «жеріңді тексереміз» деп, «құжатыңды тексереміз» деп тоқтата беріпті. Нәтижесінде «тексерушілер» дегеніне жетіп, байқау қате деп танылып, шаруа кәсібін дөңгелетудің орнына сот залы мен жергілікті әкімдіктің табанын тоздыруға мәжбүр болдым", - дейді кәсіпкер.


Арада үш жыл өтсе де кәсібі жүрмей, несиесі басынан асқан. Анасы II топтағы мүгедек. Күндерін ата-енесі мен сырқат анасының ақшасы арқылы күн көріп жүр.


"Артық салмақ қосып, қант диабетіне шалдықтым. Дәрігерлер 2-3 жылдан соң жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болуың мүмкін деді. Содан мал шаруашылығына қайта ораламын деп шештім. Байқауларға қатысып жүріп, осы жерді ұтып алдым. Уайымнан салмағым 117 келіден 80-ге бір-ақ түсті. Денсаулығым жақсарды деп қуанып жүр едім, артынша басым бәлеге қалды", - деді Бауыржан Ақылбек.


Кәсіпкердің бизнесінің құлдырауына Целиноград ауданы әкімдігі, аудандық мәслихат депутаты Серік Қадіркенов, Жер ресурстарын тексеру департаменті мен Целиноград ауданы судьясы А.Жакуповтың қатысы барын айтты. Егерде кедергі жасалмағанда жұмсаған қаржысын 4-5 жылда толық ақтап алуға болатынын айтты.


Сондай-ақ, кәсіпкер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзінің мәселесіне байланысты тексеру жүргізуін талап етті.

Другие новости