Ұлттық Банк Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 10 мың теңгелік банкнотты таныстырды



Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Ұлттық валютаның туған күніне орай Астанада Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бейнеленген 10 мың теңгелік мерекелік банкнотты таныстырды. Бұл туралы «24kz» арнасы баяндайды.




Ұлттық банктың Төрағасы Данияр Ақышев 10 мың теңгелік сувенирлік банкнотты таныстырып өтті. Мерекелік купюрада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген. Он мың теңгелік банкнот айналымға 1 желтоқсаннан бастап шығады екен.


«Ел тәуелсіздігінің тарихы Мемлекет басшысының атымен тығыз байланысты. Сондықтан, Ұлттық Банк тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне, Президенттің сіңірген еңбегін көрсететін мерейтойлық банкнотты таныстыруда», -дейді Ақышев.


Ұлттық банк басшысының айтуынша, мерекелік ақшаның ел үшін еңбек сіңірген тұлғалармен көрнекіленуі мемлекеттіліктің таныс әрі тұрақты үлгісі болып табылатын көрінеді.



Оған қоса, Ақышев Нельсон Мандела, Мустафа Кемаль Ататюрк, Ли Куан Ю, Уинстон Черчилль сынды мемекет жолында еңбек сіңірген жандардың барлығы қазіргі кезде өз елдеріндегі банкноттарда бейнеленгенін айта кетті. Осы ретте ол Елбасының суреті салынған купюра аталған тізімнен лайықты орын алатынына сенімді екен.


Бүгін – біздің Ұлттық теңгеміздің туған күні. 1993 жылдың 15 қарашасында қабылданған төл теңге биыл 23 жасқа толып отыр.

Другие новости