Маңғыстау аудандық сотына ерекше арыз жолданған. Сот процесі кезінде мал дәрігері үш түйенің бір-біріне ұқсастығын ажыратуы тиіс болыпты.
Істің анық-қанығын табу үшін аудандық сот залына мал дәрігері шақырылып, оған үш түйенің арасынан «артығын» табу тапсырылыпты.
Арызданушы өзінің өрісте жоғалған түйесін белгісіз біреулердің жүк көлігіне салып алып кеткенін айтып, оны қайтаруын сұраған. Ал жауап беруші жақ түйенің өз төлі екенін айтып, оны қайтарудан бас тартыпты. Сотқа екі тарап та өздерінің даулы жануардың анасы деп есептейтін түйесін алып келген.
Сот тергеу әрекеттері кезінде мал дәрігері арызданушы жақ әкелген түйенің жоғалған төлмен ұқсастығы барын анықтады.
Әділет мекемесі өз кезегінде, құны 300 мың болатын түйені арызданушыға қайтару туралы шешімге келген.
Бірақ жауап беруші азамат аудандық сот үкіміне келіспей, облыстық сотқа апелляциялық арыз жазған. Алайда, облыстық сот алдыңғы шешімді өзгертусіз қалдырды.