Посольство работает в штатном режиме
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының есімі айқай-шумен байланысып кеткендей-ақ. Ол араласқан істің бәрінен бір дау шығады да жатады. Бұл мақалада министрдің айналдырған екі жылда себепкер болған, ең танымал оқиғаларын ұсындық.
Арыстанбек Мұхамедиұлы - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Бірнеше мәрте ҚР Президенті Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған. Мәдениет саласында «World master» жоғары атағына ие.
Өзінің құрметті атақтарынан бөлек, ол біраз айқай-шудың орталығына айналып үлгерді. 2014 жылғы ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалғалы бері, Мұхамедиұлының басынан дау арылмауда.
БАҚ-тың алдында үнемі жағымсыз қылығымен көрініп қала беретіндігінен бе, оның жұмыс бабынан гөрі жеке басына көп сын тағылады.
- Әнұран күте тұрады, телефон шырылдап жатыр...
2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Илья Ильин 105 кг салмақта чемпион атанған болатын. Марапаттау салтанаты кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлының телефон ұстап жүгіріп жүргені тікелей эфирде көрсетілді. Тіпті Әнұран айтылып жатқанда, Мәдениет және спорт министрі Ильяның құлағына тұтқаны тақап, сөйлесуге шақырған. Бірнеше күн өткенде, бұл видео ғаламторды шарлап кетті. Қолданушылар министрдің Әнұран үстінде жүгіріп, Ильяны телефонға шақырғанын әбестік көріп, кері пікір қалдырған. Министр кейін бір сұхбатында:
«Илья Ильин әлем бiрiншiлiгiнде жеңген кезде бiз өте қатты қуандық. Сондай сәттерде әрбiр адам қатты толғаныста болады. Жарыс басталған кезде бiз Ильяға егер ол жеңiске жетсе, оны Мемлекет басшысы жеке құттықтайтынын айттық. Илья жеңiстен соң, бiрден Президентпен қосуын өтiндi», - деп түсінік берді.
- Көршілердің ашуын тудырған мәлімдеме
Әрбір баяндамасы күлкіге немесе дауға ұласып жататын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының 23 мамыр күнгі есептік жиыны да қоғамда қызу талқыланды. Ол жолы тек қазақстандықтар емес, көрші қырғыз елі де Мәдениет министрінің сөздеріне наразылық білдірген еді.
Баяндама барысында министр: «Жасыратыны жоқ, Мәскеуге немесе өзге қалаларға ұшып келсең, қоғамдық дәретханаларды жап-жас қырғыздың қыздары жуып жүреді. Бұл әрине, көңілге ауыр тиетіні сөзсіз. Нағыз жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр деп ойлайсың? Елінде жұмыс немесе болашақ болмаса әрине, қырғыздар өзге қалаларға барып күнелтуге мәжбүр. Осыны ертеректе біліп ескерткен Шыңғыс Айтматов — ұлы жазушы»,-деген мәлімдеме жасаған.
Бұл дау ұлғая келіп, Қырғызстан елшілігі біздің тарапқа қарсылық нотасын да жолдады. Оқиғаның түйіні Арыстанбек Мұхамедиұлының орынбасарының түсінік беруімен шешілгендей болса да, қазақстандық белгілі тұлғалар Мәдениет министрінің мәдениетсізгіне түрлі баға берді.
«Болатхан Тайжан» қорының президенті Мұхтар Тайжан:
«Қырғыз бауырларымның алдында бұл министрдің сөздері үшін кешірім сұраймын. Қайтесің енді, мəдениеті жоқ министрлер де болады».
КТК телеарнасының бұрынғы басшысы Арман Шораев:
«Қырғыз бауырларымнан мына кісінің айтқан сөздері үшін кешірім сұраймын»
- «Феникс» туралы дау
Қырғыз мигранттары туралы дауға ұзақ уақыт өтпестен, Арыстанбек мырза тағы бір шуға тап болды. Осы жолы оған қарсы қазақстандық режиссер видеомәлімдеме жариялады. Видеода Талғат Жәнібеков "Феникс" атты фантастикалық триллерді уақытылы аяқтай алмайтынын айтқан. Ғарышкерлер күніне түсіріліп бітуі тиіс фильмнің тұралап қалғанына режиссер министрдің пара сұрағанын себеп етіп, ашық кінәлады.
"Біз "Феникс" фильмін Ғарышкерлер күніне жақын аяқтаймыз деп жоспарлаған болатынбыз. Алайда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болғалы бері бар жоспарымыз іске аспай қалды. Жаңа басшылық біздің картинаны заңсыз қысып тастады. Енді біз әрі қарай жылжи алар емеспіз", -дейді ол.
Бұл жағдайға байланысты іс сотқа дейін барып, Арыстанбек Мұхамедиұлы режиссерді әкімшілік жауапқа тартқызды. Алайда, халық арасында үлкен талқыға тап болған видеоның шуы әлі біткен жоқ. Осы іске қатысты бүгінгі күнге дейін, әлеумжелі белсенділері Арыстанбек Мұхамедиұлын сұрақтың астына алып, түрлі акциялар жүргізуде.
Осы орайда Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов режиссерлердің сөзін растап, Мұхамедиұлына қарсы пікір білдірді.
- Қыздар, қыздар, сұлу қыздар
Арыстанбек Мұхамедиұлы енді қалай ақталады? Осыдан бірнеше күн бұрын, интернетке Еңлік Сыдықова есімді бойжеткеннің видеосы шыққан болатын. Мұхамедиұлына қарсы бұл видеода Еңлік қазіргі министрдің ҚазҰӨУ ректоры болып тұрған кезінде өзіне тиіскенін айтады. Қызға жақындамақ болған әрекетімен қоса, министр сол кезде өзі басқарған университетке түсу үшін, Еңліктен 3 мың доллар көлемінде қаржы талап еткен көрінеді.
«Мен хат жаздым. Сосын менімен Жанар Ахмет байланысып, менің оқиғам бірінші және соңғы еместігін айтты. . . Мен бұл министрден зардап шеккен қыздардың барлығы өз оқиғаларын осылай жариялай бастағанын қалаймын. Оны (Арыстанбек Мұхамедиұлы – ред.) қызметтен босатса деймін. Ол министр болуға лайықсыз, оның үстіне мәдениет министрлігіне»,- дейді Еңлік.
Бұл жағымсыз жайт жөнінде Мәдениет және спорт министрі Мұхамедиұлының айтуынша, осының бәрі өзіне қарсы әдейі ұйымдастырылған істер болуы мүмкін.
"Видео соңында ол Болат Атабаевтың тобында оқығанын айтып, өзін ұстап берді. Әрине, бәрі түсінікті. Мүмкін бұл қызға ақша төлеген шығар, мүмкін ол жай ғана өзін жарнамалағысы келген шығар", - дейді министр.
Бұл дау кезінде де Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов шетте қалмады. Мұхамедиұлының мұндай әдеті барын мәлімдеп, Сыдықованың видеосындағы айтылған сөздің бәріне келісетіндігін айтты.
Ал министр режиссерлерді жазалағаны секілді, осы жолы да азаматтық сотқа шағымданып,өз абыройын ақтап алмақ. Жеке адвокаты іс құжаттарын дайындауды бастап та кеткен. Бұл оқиғаның қалай өрбитінін енді сот көрсетеді.