Несиесін уақытылы төлемеген қос қарияны поезден түсіріп кетіпті


Несиелерін уақытында төлей алмаған қариялар жарты жолда поезден түсіп қалуға мәжбүр болған. "Алматы-Орал" бағытындағы поезд жолаушыларының бірі өзі көрген оқиғасын баяндады, деп жазады Nur.kz сайты.




Динара Болат есімді Facebook қолданушысы өз парақшасында несиесі төленбегендерді шекарадан өтетін транспортқа отырмауға шақырды.


"Кредиттері төленбегендер, шекарадан өтетін поезге отырмаңыздар! Машинамен де жолға шықпаңыздар! Кеше "Алматы-Орал" бағытындағы поезде Зайсан бақылауы кезінде ата мен әжені кредиттерің төленбеген деп поезден түсіріп тастады. Несиелері зейнетақысымен төленген екен, базаға әлі түспепті. Сыртта сықырлаған қалың қар жатты. Әженің үстінде жұқа кардиган болды. 70-тің маңайындағы үлкен кісілер. Әже жылап әрең түсті. Мен де жылап жібере жаздап әрең тұрдым", - дейді Динара Болат.


Қарияларды поезден осымен екінші рет түсіріп жіберген. Алдыңғы жолы несиесін төлемегені үшін шығарып жіберсе, енді төлеген ақшасы базаға түспеді деп сыртқа тастап кетіпті.


Желі қолданушысы билет сатушылардың осы жағдайды жолаушыларға ескертпейтініне және төленген қаржының базаға түсіп болмайтынына қынжылатынын айтып өткен.

Другие новости