Президент құрған кеңестен өз еркімен кетті. Неге?


20 ақпанда баспагер Бақытжан Бұқарбай ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамынан шығатынын мәлімдеді. Кеңестің саяси реформалар тобында жұмыс істегенін айтқан белсенді халық армандаған "саяси реформалар жүзеге асып қалар ма деген үмітпен кеңес мүшесі болуға келіскенін", бірақ үмітінің ақталмағанын жеткізді.




"Өкінішке қарай, министр Абаевтың ведомствосы әзірлеген "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмай шықты және ол азаматтардың мүддесіне қайшы. Бұған дейін саяси тұтқындардың әлі күнге дейін босамағанын да айта кеткен жөн. Жанболат Мамайға партия құруда тосқауылдар жасалып жатқанын көріп жүрмін" деді Бұқарбай видеомәлімдемесінде.



Ол ұлттық кеңестің ұсыныстарына биліктің құлақ аспайтынына көзі жеткенін айтып, қоғамдық кеңесті "елдегі саяси реформаларға еш әсер ете алмайтын ұйым" деп атады.


"Халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқым келмейді" деді мәлімдеме соңында.


Бақытжан Бұқарбай - былтыр халық наразылығы жиілеген тұста жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамынан шыққан алғашқы адам.

Другие новости