Қазақстан қайтарылған активтерді сатудан қанша табыс тапты

Қазақстандағы активтер мемлекеттік мүлік тізілімі порталы арқылы сатылады. Ал, шетелде орналасқан активтерді сату сол елдің заңнамасына сәйкес іске асырылады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған. «Бүгінгі таңда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС өз қызметінде келесі нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылғы 17 қазандағы жағдай бойынша Қорға 6,5 млрд теңге аударылды. Осы соманың 6,3 млрд теңгесі активтерді сатудан, ал 255 млн теңгесі активтерді басқарудан (жалға беру) түскен», - деп жазылған жауапта. Министрлік мамандарының айтуынша, активтерді сатудан және басқарудан түсетін түсімдердің көлемін болжау қиын. Өйткені, сату процесі көптеген факторға байланысты және сатылымның мерзімдері мен сомалары нарықтық жағдайға және келісімдер шарттарына қарай өзгеруі мүмкін. «Басқарушы компанияның балансына қабылданатын активтердің жалпы құны - 90,4 млрд теңге, оның 87,5 млрд теңгесі (97%) баланста, ал 2,9 млрд теңгесі (3%) қабылдау процесінде. Қазақстандағы активтер www.e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік тізілімі порталында сатылады. Шетелде орналасқан активтер сол елдің заңнамасына сәйкес сатылып, іске асырылады», - делінген министрлік мәліметінде. Бұған дейін Үкіметтің баспасөз қызметі Түркістан және Ақмола облыстарында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік нысандар салынатынын мәлім еткен болатын.

Другие новости