​"Рухани жаңғыру" бағдарламасына жастар қалай қарайды?



2017 жылы 12 сәуірде Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» деген бағдарламалық мақаласын қазақстандықтарға ұсына отырып, елдегі қоғамдық сананы жаңғырту мәселесін егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Міне, бүгінде «Рухани жаңғыруға» 3 жыл толып отыр. Ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба жыл сайын маңыздылығын жоғалтпай келеді. Себебі бұл жобаның қарқынды дамуына үлкен-кіші, жас-кәрі демей барша қазақстандықтар ат салысуда.



Тұңғыш Президенттің барлық салаға көңіл бөліп, назар аударуы – жобаның басты ерекшелігі. Сонымен қатар, ұлттық идеяны негізге ала отырып, ұлттық құндылығымызды, мәдениет пен салт-дәстүрді заман ағымына сай дәріптеу арқылы халықтың санасын ояту арқылы алға жылжу. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі», «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты алты жобаны қамтиды. Бұл жобалар бойынша еліміздің барлық өңірі белсене жұмыс істеп жатыр. Тұңғыш Президент Қазақстанның жаңа кезеңге аяқ басқанын және еліміздің үшінші жаңғыруы басталғанын айтқан болатын. Осы орайда, саяси рефоорма мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еттік. Елбасымыздың алға тартқан басты миссиясына мемлекет те, халық та кішкентай қадамдармен әрекет етуде.


Қазіргі таңда Елбасының бұл бастамасын жастар барынша дәріптеп жүр. Жоғары оқу орындарында түрлі ұйымдар студенттердің қоғамдық жұмысқа белсене араласуына септігін тигізіп жатыр. Бұл ұйымдар жастардың патриоттық рухын көтеруге, елдің болашағы үшін аянбай еңбек етуге және білім алумен қатар, өз ойын ортаға салып, идея ұсына алатын жүйеге бағытталған. Мысалы, әр ұйымның өз атқаратын міндеті бар. Бірі студенттердің ғылыммен айналысуына мүмкіндік берсе, бірі студенттерді әлеуметтік қамтамасыз етумен айналысады. Студенттер де өзінің жаны қалаған салаға бет бұрып, таңдауын өзі жасайды. Дегенмен барлық ұйымның мақсаты да, ортақ мүддесі де бір. Президенттің бастамасына негіз бола отырып, жас буынға жаңа дем, жаңа рух беруді көздейді. Елімізде сертіне адал, халқының қамын ойлап, бой түзеп, өсіп келе жатқан буындар өте көп. XXI ғасырды еркін, санасы ашық, өз ойы мен пікірі, алдында үлкен мақсаты бар азаматтар мен азаматшалар қалыптастырып жатыр деп айтуға болады. Елбасы «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, аштық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі деп те айтқан болатын. Сонымен қатар жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне жастар дайын болуы керектігін алға тартты.


Иә, кешегі Мағжан атамыз сенген жастар бүгінде дұрыс бағытты ұстанып, елдің болашағы үшін тынымсыз әрекет етуде. Әрине, белсенді жастардың көп болуы баршамызды қуантады. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген тіл мәселесіне деген жастардың ынтасы мен талабы да жоғары. Қазіргі таңда шет тілдерін үйрететін білім беру орталықтары мен оған баратын жастардың қарасы да көп.Бұл өте қуантарлық жағдай. Себебі Тұңғыш Президент пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі қалыс қалып жатқан жоқ.


Осы орайда ұлттық құндылығымызды жоғары деңгейде дәріптеп жүрген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрайымы Шұғыла Мейрамбекқызымен Тұңғыш Президент алға тартқан бағыты мен бастамасы жайлы сұқбаттасуды жөн көрдік. Ол жастардың қазіргі қарқыны мен жоғары оқу орындарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқаны туралы айтып берді.

Қазіргі таңда «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағында бірнеше студент белсенді қызмет етуде. Шұғыла Мейрамбекқызы сұқбат басында алдымен өзі қызмет етіп жүрген ұйым туралы толық тарқатып айтып берді.


- «Сұңқар» студентттер мен магистранттар кәсіподағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастарына 1999 жылдан бері студенттерге әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мүдделерін, еңбек құқығын қорғап қана қоймай жастардың өзіндік дамуы, бос уақытын тиімді пайдалану жолында аянбай еңбек етіп келеді. Биыл - Жастар жылымен қатар "Сұңқар" студенттер мен магистранттар кәсіподағының 20 жылдығы. Бізде әр апта, ай, маусым сайын өткізілетін шаралар қатары өте көп. Ол жобалардың бәрі студенттердің 4 жыл бойы тек білім жағынан ғана ой-өрісін дамытып қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласуына себепші болу, - дейді Шұғыла Мейрамбекқызы.


Оның айтуынша, Елбасы айтқан ұлттық құндылығымызды олар студенттер арасында терең мән-мағынасы бар, соның ішінде ана тілімізге, патриотизмге тәрбиелеуге қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастыра отырып, жастарға рухани азық жинайтын дұрыс бағытты көрсетіп жүр.


- Біздегі жобалар қайырымдылық, спорттық, рухани тұрғыдан даму негізінде ұйымдастырылады. Жылдың басында тілдер мерекесіне орай, студенттердің қазақ тіліне деген құрметін арттыру мақсатында "Бауырсақ party" жобасын ұйымдастырамыз, - дейді ол.


Мақсаты – ана тіліміздің дамуына қандай да бір үлес қосып, бай тіліміздің қыр-сырын жастар санасына сіңіру арқылы өз тіліне деген патриоттық сезімді ояту. Бұл күні оқу орнына келген әр студент қазақ тілінде мақал-мәтел айтып, бауырсақтан дәм татады. Біздегі ұйымдастырылатын жобалар білімді және өнерлі жастардың талабын шыңдап, бағын жандыруға негізделеді. Және сонымен қатар үш тілді саясат негізінде ағылшын тілінде "Movie club" бағдарламасы арнайы кинотеатрда көрсетіледі. Бізде2018 жылдан бастап рухани жаңғыру аясында "ҚазҰУ студиясында" жобасы басталды. Жобамыздың алғашқы қонағы Исраил Сапарбай атамыз болса, артынша З. Ахметова сынды тау тұлғалы халық жанашырлары мен жастардың қамқоршылары қонақ болып келді. Біздің бұл жобаны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз қоғам қайраткерлері, жазушы, ақын, өнер әлемінің саңлақтарымен сырлы сұхбат, студенттермен тағылымды кездесу болды. Студенттер келген қонақтарымыздан тағылымды сөз, ғибратты ғұмырын естіп, өмір жолында естіген ақыл-кеңестерінен шөміштей болса да сусындаса деген ниет. Сонымен қатарқара шаңырағымызддың 85 жылдық мерейтойына орай университетімізде басталған «85 қайырымды іс» және қайырымдылыққа негізделген "Сен жалғыз емессің" қайырымдылық жобасы өтеді. Яғни, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қаладағы "Mega", "Атакент" ойын-сауық орталықтарында концерт өткізіп,түскен соманы мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіннің еміне жұмсау.


«Ең үздік студенттік топ» жобасының мақсаты университеттегі оқу, қоғамдық жұмыстарда барынша белсенді, ұйымшыл болған ең үздік топты анықтау, студенттердің университет қабырғасындағы белсенділігімен қатар, білім деңгейін көтеру болып табылады.


Сонымен қатар ірі жобаларымыздың бірі - "Smart Students Project" жобасы. Жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтетін қалалық деңгейдегі бұл жоба жайдарман ойындарына негізделген. Мақсаты - смарт оқу орнына лайықты смарт студенттерді даярлау. Университеттегі ауқымды жобалардың бірі саналатын SSP ойындарында әр команда әзіл-қалжыңымен қатар, смарт жобаларды ұсынуға тиіс.


Сұңқар кубогы


Салауатты дене мәдениеті» жобасының аясында «Сұңқар кубогі» атты мини-футболдан жарыс және қыздар арасында «Сұңқар кубогі» волейболдан турнир ұйымдастырады. Салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын жоба. Еріктілерден құралған командалар футбол ойыны арқылы өзара бақ сынайды. Соңғы кездері қатысуға ниет білдірушілер саны артуда.



“Book world”


«Рухани жаңғыру» бағдарлаамасы аясында жыл сайын өткізілетін жобаның мақсаты – жастарды көп кітап оқуға насихаттау. Қазақ әдебиетімен бірге заманауи прозамен таныс болуға шақыру. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақтың салт-дәстүрлерінен де хабардар болуға үйретеді.


"Томирис" қыздар клубы


Қыздар клубының негізгі мақсаты: қыздардың уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау. Білім алумен қатар, өз-өзін дамытуына көмек беру. Міндеті: клубтың 7 бағыты бойынша жұмыс жасау, түрлі бағыттағы шеберлік сабақтарын тегін өткізу, соның ішінде, аспаздық, қолөнер, тренингтер.


Шұғыла Мейрамбекқызының айтуынша, 2019 жылы Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында "Сұңқар" студенттер мен магистранттар кәсіподағының жанынан «Шабыт» ақын-жазушылар клубы ашылған.


- Ақын-жазушылар клубы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі барлық жазба және айтыскер ақындарды, жазушыларды, көркемсөз шеберлерін, сонымен қатар журналистерді қамтитын бірегей клуб.


Мақсаты – барлық талантты жастардың дарындарын шыңдау, қолдау көрсету.


Cұқбат соңында ол жастарға сенім артатынын білдіре отырып, Қазақстанның болшағын қалай елестетінін айтты.


- Ертеңгі күнге сеніммен қарай білуіміз қажет деп ойлаймын. Адамның белгілі бір арман-мақсатқа жетуі үшін ұмтылыс керек. Сол ұмтылыс, жігерді- біз болашақта бәрі жақсы болады деген сенімде болу арқылы аламыз деп ойлаймын, - дейді кәсіподақ төрайымы.

Другие новости