"Рыжий Алмаздың" әкесі бар шындықты айтты


Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, экономист Болатбек Нәсенов көлемді сұхбат берді. Болатбек Нәсеновті ел тарихшы ретінде танығанымен, оның қылмыс әлемінің серкесі атанған "Рыжий Алмаздың" әкесі екенін ешкім біле бермейді. Болатбек Нәсенов ұлының өмірі мен қарым-қатынасы жайлы баяндады, деп хабарлайды Stan.kz порталы.




Бұл туралы You tube арнасының "Азаматтық пікір" бағдарламасында айтылды.


Ел арасында қылмыс әлемінің серкесі "Рыжий Алмаз" атанған Несіпбай Нәсенов өмірі жайлы түрлі әңгіме тараған. Бірі оның қылмысын айтса, бірі ақтап әлек. Несіпбайдың ұлты қазақ емес, қырғыз дейтіндер де бар. Несіпбайдың туған жері, ұлты мен әйелдері жөнінде әкесі алғаш рет тіл қатты.


"Несіпбай 1961 жылы наурыздың 24 күні Семейде өмірге келді. Қырқынан шыққан уақытта анасы екеуміз ажырасып кеттік. Оның себебен айтпай-ақ қояйын. Сосын анасы Несіпбайды алып Қырғызстанға кетті. Мен ұлымды қатты жақсы көрдім. Артынан іздеп баратынмын. Анасы маған ұлымды көрсетпеді. Полицияға арыз жазды. Кейін құқық қорғау органындағылар "Әйеліңіздің туыстары лауазымды адамдар. Сізді соттап жібереді. Ұлыңызға көп келмеңіз. Ұлыңыз өзі сізді іздеп табады" деді. Мен оған баруымды ақырындап тоқтаттым. Аптасына, айына бір рет бардым. 4 жылдан соң үйлендім. Асқан, Асан, Айгүл есімді үш балам өмірге келді", - деді Болатбек Нәсенов.


Айтуынша, екінші рет үйленген соң Несіпбаймен де, оны анасымен араласуын тоқтатқан. Кейін ұлы істі болған соң анасы амалсыз көмек сұрапты.


"Маған бұрынғы әйелім хабарласып, ақша сұрады. Несіпбайдың сотталып кеткенін айтты. Оның үстіне туберкулезбен ауыратынын айтты. Менің ол кезде Мәскеуде таныстарым болатын. Сол жақта сотталыпты. Соларға хабарластым. Олар ұлыммен танысып, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін айтты. "Черный" деген командаға кіргенін айтты. Туберкулез ауруына шалдыққан екен. Мені білген соң 7-8 беттік хат жазды. Ұлымның хатын оқығанда жазушы жазғандай таңғалдым. Қиялы да бар еді. Өгей әкесінен көрген қорлығын айтты. Далада түнегенін айтты. Анасы әкең өмірден өткен депті. "Сіздің тірі екеніңізді білгенде баяғыда келетін едім" деп ақталды. Енді маған келгісі келетінін айтты. Мен әйеліммен, балаларыммен ақылдаса отырып, оны өзіме шақырдым", - деді әкесі.


Осыдан соң әкесі ұлын ауруханаға жатқызып, 8 ай емдейді. Аурудан құлан таза айыққан соң ұлын жұмысқа орналастырады.


"Ол жұмысты беріліп істеді. Ол қылмыс жасаған жоқ. Оны басшылары бәрі жақсы көрді. Маған хабарласып, осындай ұлың барын неге айтпадың дегендер болды. Ол қылмыспен айналысқан жоқ. Бизнесті түсінбегендер қылмыс деп атайды. Ол нағыз батыр. Оның қазаққа пайдасы ғана тиді. Оның "Рыжий Алмаз" деген аты барын да тірі күнінде білмедім", - деді тарихшы.


Ұлының тірі күнінде әкесін танып, құрметтеушілер болған.


"Бірде Ақтөбеге көлікпен келе жатсам, жол полицейлері тоқтатты. Ақша дәметті. Кітабымды көрсетіп едім менің кім екенімді білді. "Алмаздың" әкесі деп бірден жіберді. Шымкентте де сондай жағдай болды. Ұлымның сондай лақап аты бар екенін сонда білдім. Ұлымды қалай таниды деп таңғалдым", - деп ақталды әкесі.


Ел аузында "Несіпбайдың анасы - қырғыз" деген әңгіме жиі айтылады. Алайда Болатбек Нәсенов оның қазақ екенін дәлелдеп берді.


"Несіпбайдың анасы қазақ. Біздің ауылдың қазағы. Семей облысы Абыралы ауданында туған. Арғынның ішінде Қаракесек, оның ішінде Байбөрі, Есбалақтан тараған. 1928-31 жылдары кәмпескелеу кезінде Қордайдың ар жағына Қырғызстанға кеткен. Содан қырғыз деп көбі айтып жүр", - дейді Болатбек Нәсенов.


Толығырақ: Stan.kz порталында

Другие новости